Қарамырзаев қызметтік өкілеттігін пайдаланған деген күдікке ілінді.
«Өзенмұнайгаз» АҚ бас директорының бұрынғы орынбасары ұсталды
2,675
оқылды

Қаржы мониторингі агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директорының бұрынғы орынбасары Ермек Қарамырзаевты (қазіргі таңда «Қаражанбасмұнай» АҚ бас директорының орынбасары) ұстады.

 

Ведомство мәліметінше, ол «КЕЗБИ» ЖШС-ның және «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның басқа да мердігер ұйымдарының заңды кәсіпкерлік қызметіне кедергі жасау мақсатында өзінің қызметтік өкілеттігін пайдаланған деп күдіктеліп отыр.

«Қарамырзаев конкурстың жекелеген қатысушыларының біліктілік талаптарына сәйкес келмейтінін және мұнай-газ саласындағы жұмыс тәжірибесі туралы жалған құжаттар ұсынғанын біле тұра, оларды тендерге қатыстырған. Олардың мүдделерін қолдауды жалғастыра отырып, ол «КЕЗБИ» ЖШС-ны компаниясы үшін ұңғымаларды жерасты жөндеу бойынша көрінеу қолайсыз шарт жасасуға мәжбүр етті.

Өзінің заңсыз әрекеттерімен ол «КЕЗБИ» ЖШС-ның заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірді және мыңнан астам қызметкердің құқықтарын бұзды, сондай-ақ мердігер ұйымдардың еңбек ұжымдарында әлеуметтік шиеленіс тудырды», делінген агенттік хабарламасында.

ҚР ҚПК-нің  201-бабы  негізінде өзге ақпарат жария етілмейді.

ҚР Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы  1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқықбұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.

Фото: "Қаражанбасмұнай" АҚ баспасөз қызметі