Жазғы маусым басталысымен сауықтыру лагерьлерінің дәурені жүреді.
Балалар лагеріне бақылау бар ма?
853
оқылды

Бірақ олардың барлығы бірдей оқушылардың әрі шынығып, әрі тынығуына мүмкіндік бере ал­майды. Себебі лагерьлердің жұ­мы­сын реттейтін бірыңғай заң нормасы мен стандарт жоқ.


Демалыстың алаңсыз болғаны маңызды

Бұл мәселеге Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев та назар аударып, Премьер-Ми­нистр Әлихан Смайылов пен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа депутаттық сауал жолдады.
Депутат келтірген мәліметтерге көз жү­гіртсек, мемлекет тарапынан нақты ба­қылау болмағандықтан кейбір ата-аналар балаларына лагерь таңдауға шетел асып кеткен көрінеді.
– Оқушылар асыға күтетін жазғы де­малыста балалар үшін жазғы сауықтыру лагерьлері есігін айқара ашты. Бірақ жаз мезгілінің алғашқы айы аяқталмай жатып, әлеуметтік желіде желдей ескен Түркістан облысындағы бейнежазба ата-аналарды елең еткізді. Мұндай лагерь мәселесі тек биыл ғана көтеріліп отырған жоқ. Соңғы жыл­дарда балалар лагері назардан тыс қалған сала болып отыр, – дейді Дәулет Мұқаев.
Депутаттың пікірінше, лагерь мәселесін шешу үшін мұндай мекемелердің жұмысын ұйымдастыру бойынша бірыңғай талаптар пен ережелерді бекіту керек. Жазғы дема­лысты ұйымдастырушылар міндетті түрде мемлекеттік мекеме тарапынан лагерь маз­мұны мен материалдық-техникалық ба­­заларына сәйкес тексеруден өтіп, ли­цен­зиялануы керек. Мүмкіндік болса барлық лагерьлер орталықтандырылған бірыңғай сайтта болғаны абзал.
Сонымен қатар лагерьлерде маман тап­шылығы қатты сезіледі. Лагерьлердің ба­сым көпшілігінде балаларды қарауға уа­қыт­ша жұмыс ретінде студенттерді тар­тады. Өз білімін толық жетілдірмеген сту­денттер мектеп оқушыларын қалай тәр­биелейді? Сондықтан лагерьде жұмыс істейтін мамандарға арнайы оқыту курс­тары ұйымдастырылып, маманданды­рылған ұстаздарды тарту да артық бол­майды.
 Ең бастысы, жазғы сауықтыру ла­герьлерінде нақты белгіленген баға жоқ. Әр ата-ана баласының жақсы сауықтыру орталықтарына барғанын қалайды. Әйтсе де, көп ата-ананың қалтасына ауыр келе­тінін ескерсек, бағаға сай сапа болғаны жөн.
Әрине, жазғы маусымда бала үшін ла­герьдің тиімділігі көп. Біріншіден, бала өзіне жаңа орта табады, көпшілік ортамен араласу арқылы ашыла түседі. Екіншіден, лагерьде баланың қарым-қабілеті жан-жақты дамиды.


Талантты танып, жігерін жаниды

Жазғы демалыстың алғашқы айының өзінде миллионнан астам қазақстандық оқушы сауықтыру лагерьлерінде демалған. Балаларға арнап қала сыртындағы, мектеп жанындағы, киіз үй және шатырлы ла­герьлер жұмыс істейді. Балалар үшін сауықтыру, білім беру, экологиялық, шы­ғармашылық, спорттық, көшбасшылық бағдарламалары әзірленді. Жазғы ла­герьлерде балаларға арнап әртүрлі таным­дық тәрбие береді. Баланың ата-анада, мектептегі мұғалім де аша алмаған, біл­меген қарым-қабілетін лагерьден дамыта алады. Бұл жазғы лагерьдің ең ұтымды тұсы деуге болады.
– Қазақ тіліндегі жазғы күндізгі лагерь, 7 жастан 14 жасқа дейінгі балаларға ар­налған. Лагерьде әртүрлі ойындар ойна­тамыз, сонымен қатар қазақ тілі мен мә­дениетін үйретеміз. Балалар күнделікті өмірдегі көріністер арқылы түрлі өлеңдер мен әндерді жаттайды, нәтижесінде қазақ мәдениетін жете түсінеді. Сонымен қатар біздің лагерь әртүрлі шеберлік сабақтары мен экскурсиялар ұйымдастырады. Лагерь сыйымдылығы 10-15 адамнан құралады. Бірінші ауысымда тек 4 адам болды. Күнделікті екі тәрбиеші жұмыс жасайды. Балалар санына қарай біз де тәрбиешілер санын көбейтетін боламыз, – дейді «Профессор 4-6» білім беру орталығының жетекшісі Алуа Бармақұлова.


Баланың да пікірі ескерілуі керек

Шыны керек, кейбір ата-ана балаларын жарнамасы жер жарған лагерьлерге бере салады. Бірақ ол лагерьдің қаншалықты қауіпсіз аймақта орналасуына, балаға қандай жақсы жағдай жасалғанына көп мән бере бермейді. Сол себептен болар көп ата-аналар қауымы лагерьлердің сапасына шағымданады. Ал психологтер баланың лагерьге баруға психологиялық дайындығы маңызды екенін алға тартады.
– Бұл жерде бірінші балалардың психологиялық, физикалық, моральдық деңгейін қарау керек. Егер бала оқу жылынан кейін ештеңеге зауқы болмай, физиологиялық тұрғысынан әлсіз екенін біле тұра лагерьге мәжбүрлемеу керек. Бала лагерь арқылы көпшілікпен араласады. Егер бала интроверт, яғни тұйықтау болса, онда бұл лагерьдегі тәрбиешілердің біліктілігіне байланысты. Ата-аналар тарапы балаларын лагерьге бермей тұрып, оның қауіпсіз аймақта орналасуына, тазалығына, берілетін тамақтарына да мән беруі керек, – дейді психолог Балабек Сақтағанов.
Балалардың жазғы демалысының жақсы өтуі ата-аналарға байланысты. Жыл сайын жазғы лагерьдердің де түр-түрінің шығып, оларға ата-аналар тара­пынан сұраныс артқан. Баланың қа­білетіне қарап біршама лагерь таңдауға мүмкіндік бар.
– Менің қызым 1-сыныпты тәмамда­ды. Қызым сурет салғанды, би билегенді ұнатады. Осы қабілеттерін әрі қарай дамыту үшін қазір лагерь іздестіріп жүрмін. Бұған қоса, спортпен айналысып, таза ауада демалыс уақытын тиімді өткізгенін қалаймыз. Қызымның жаңа ортаға сіңісіп, осы бастан көпшілікпен тіл табыса алса екен дейміз. Сол себептен жазғы лагерь бала үшін өте пайдалы. Жазғы уақытты құр үйде емес, дамыту, сауықтыру үшін лагерьге жіберу керек, – дейді ата-ана Мөлдір Бекжанова.
Жазғы демалыс – оқушылардың оқу жылынан кейін бой жазып, еркін ты­ныстайтын сәті. Уақытын күнделікті үй тап­сырмасын орындауға жұмсай­тын­дардың кейбірінің бұғып жатқан таланты осын­дайда танылуы да мүмкін. Сон­дықтан ба­ланың жазғы демалысын естен кетпестей әрі мағыналы етіп өткізу жауапкершілігі ата-ана мен лагерь әкімшілігіне орта еке­нін ұмытпағанымыз жөн.

Жанель Құттыбай

фото:vostokintur.ru