Елордада «Мемлекеттік қызметтегі әйелдердің рөлі» атты дөңгелек үстел өтті.
Үйде – анаң,  түзде – маман
765
оқылды

Әйелдердің мемлекеттік қызметтегі рөлі төңірегінде ортақ ой-пікір ортаға салын­ған жиынға жиналғандар елдегі гендерлік саясаттағы ахуалын әңгіме өзегіне ай­налдырды.


Қолдау болса, қолынан көп шаруа келеді

Президент Әкімшілігі Бас­шысының орынбасары Аида Балаева­ның айтуынша, мемле­кеттің маңызды міндетін атқаруда әйелдердің үлесі ұшан-теңіз. Олар уақытпен санаспай, жұмыс­тың жауапкершілігін сезіне алады.

 «Біздің қызметтегі әрбір же­тістігіміз бен жеңісіміздің ар­тын­да отбасымыздың қолдауы жат­қанын ұмытпағаны жөн. Қыз­меттік өсу әйелдер үшін зайырлы мемле­кет­тегі тұлғалық кәсіби ин­тел­лек­туалдық болмысын ашып, ел игі­лі­гіне жаратуы мүм­кін болса, от­басы оның адами табиғи бол­мысын бағамдап, ел үшін лайықты ұрпақ өсірудің тамаша тартуы болуы ке­рек. Сол үшін қызметте жүрген әйел­дерге тиісті жағдай жасап, қыз­метте де, үйде де бірдей құқығы қам­тамасыз етілу маңыз­ды. Екі­жақты қолдау болса, әйел алмайтын қамал жоқ», – дейді ол. Бұл – мемле­кеттің маңызды мін­деті.

Егемендіктің алғашқы жыл­дарында басшылық қызметтегі әйелдердің үлесі 10 пайыз болса, қазір орталық және жергілікті деңгейде басшы болып отырған әйелдердің саны 40 пайызды құрап отыр. Оның ішінде 3 ми­нистр, 28 Парламент және 138 мәслихат депутаты, 5 облыс және 74 аудан әкімдерінің орынбасы, 5 аудан әкімі, 4 елші және 1 ге­нерал бар.

Бұл – біздің елдегі әйел адам­дар үшін қызметтік баспалдақта өсуге берілген зор мүмкіндік бар екенінің көрсеткіші. Отанға адал қызмет етіп жүрген әйелдердің отбасы қасында жеке өмірдегі құқығын реттеп, жағдай жасау қа­жетті қадам. Осы орайда бір­неше заңға түзету енгізіліп, тиісті бағ­дар­ламалар да қолданысқа ен­гізілгенін айтқан Аида Ғалым­қызы: «Кез келген саяси рефор­маның рухани өзгеріссіз мәні мен маңызы болмайды. Жақында Президент ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруда қазақстандық­тарды тәрбиелеуде қажет құн­ды­лықтарымызды нығайтудың маңы­зына тоқталды. Ұлттық құн­ды­лықтарды нығайтуға ба­ғыт­тал­ған бірқатар идеяны айтты. Осы жолда бірлік пен ортақ тір­лікке ешқандай балама жоғын, бұл – ертеңіміздің бірден-бір кепілі екенін тағы еске салды. Ал ұлттық қасиет ұрпақтың бойына әкенің сөзімен, ананың сүтімен қалыпта­са­тынын тілге тиек еткен болатын. Үйімізде бейбітшілік болса, өмі­рімізде бақыт ор­найды», – деді.

Қазақ әрқашан әйелді қадір тұтып, бағалаған. Қазір де мем­лекетіміз бұл қағидаларды қол­дай­ды және нақты жүзеге асыра­ды. Заманның ағымына байла­ныс­ты заңдық тетіктерімізді ел­дегі әйел мен ерлердің тең қызмет етуіне көңіл бөліп, тең мүмкін­дікке қол жеткізуге күш жұмсалып отыр. Конституциялық Соттың судьясы Айжан Жатқанбаева осылай дейді. Оның айтуынша, қолданыстағы заңдарымызда әйелдердің қыз­меттік кедергі­лерге жол беріл­меуіне, әсіресе жыныстық кемсіту­шіліктің бол­мауына басты назар аударылады. Конституцияның өзінде жыныс­тық кемсітушілікке жол жоқ, әрбір адамның тең мүм­кіндігі нақты көрсетілген.


Қайнауы кемшін кодекс

Басты заңнан бастау алатын елдегі Еңбек кодексіндегі көздел­ген ережелерді іс жүзінде қол­данудың өз қиындығы бар. Сон­дықтан бұл тақырып біздің қоғам үшін өте өзекті болып отыр. Мем­лекеттік қызмет істері агенттігі жанындағы қоғамдық кеңестің төрағасы Бибігүл Нұрашеваның сөзінше, бүгінде мемлекеттік қыз­меттегі әйелдердің үлесі 55 пайыз­ды құрайды. Олардың барлығы қоғамдағы ана, әйел ретіндегі ғана емес, еңбекке деген қабілеттерін жүзеге асырып, мемлекет алдын­дағы міндетін де қатар атқарып жүр. «Еңбек заңнамасына жыл сайын өзгерістер мен толықтыру­лар енгізіліп жатыр. Себебі әйелдің мемлекеттік міндетін ғана емес, отбасындағы басты функциясын жүзеге асыру үшін заңдық құқығы реттеліп, олардың дұрыс орын­далуын бақылап, осы нормалардың жүзеге асуын, әйелдердің құ­қықтық білімін арттырып отыру да маңызды», – дейді ол.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігіндегі әйелдердің игілігі үшін қолдау тауып жатқан заңдағы өзгерістер көп екенін айтқан кеңес төрағасы: «Соңғы уақытта «Мем­лекеттік қызмет туралы» заңға көптеген жақсы түзету енгізіліп жатыр. Биылдан бастап агенттік мемлекеттік қызметке іріктеу рә­сімдерін толықтай сандық жүйеге ауыстырды. Сәйкесінше, заңдарға түзетулер енгізілді. Ендігі жерде әйелдер еңбек қатынасына түскен кезде кемсітушілікке жол беріл­мейді. Өйткені бұрынғыдай бас­шылардың айтқан сөзі мен бұй­рығы ғана емес, кәсіби білім ар­қылы қажетті балдарды жинап өзін басшылық қызметке ұсынуға мүмкіндік бар. Екіншіден, икемді жұмыс заңға енгізілді. Бұл бо­йынша агенттік арнайы ереже қа­былдады. Әйел адам тиісті өті­ніш беру арқылы икемді графикке шығуына болады. Яғни, отбасы­лық жағдайына, не болмаса ана­лық міндеттеріне байланысты қа­жеттілік туындаған жағдайда тиісті өтініш беру арқылы икемді графикке көшуге мүмкіндік бар. Үшіншіден, қашықтан жұмыс іс­теу қарастырылады. Оның толық және аралас екі түрі заңдасты­рылды. Кодекстің негізінде «Мем­лекеттік қызмет туралы» заңға да тиісті өзгеріс енгіздік. Бұл жерде жұмыстағы әйелдер кодексте көр­сетілгендей, толықтай қашықта, не болмаса 4 күн онлайнда, бір күн офлайнда істейтін икемді кестені таңдауға құқығы бар», – деп отыр.
Бұл мемлекеттік қызметтегі әйелдерге ғана емес, жалпы елдегі жұмыс істейтін әйелдердің еңбек қатынасындағы құқығын қорғауға бағытталған. Бірақ кодексте көр­сетілген бұл мүмкіндікті барлық әйел қолдана алмайды. Себебі заңда жұмыс берушіге әйелдің құқығын қорғауға міндеттелетін норма жоқ. Яғни, жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы екі­жақты келісім ғана әйелдердің бұл мүмкіндікті алуына рұқсат ете алады. Сол себептен әйелдердің еңбек қатынасындағы кемсіту­шілік осы жерден басталады. Өкінішке қарай, көптеген жұмыс беруші әйелдерге қарағанда ер адамдарды жұмысқа алуға мүдделі. Әйел адам ертең бала тууына бай­ланысты еңбек демалысына шы­ғады, болмаса баласы ауырып қал­са еңбекке жарамсыздық пара­ғын алуына тура келеді. Осылайша, жұмыс берушілер әйелдерді жұ­мысқа қабылдаудан бас тартып жатады. Осылай деген Бибігүл Шәкірбайқызы: «Сондықтан әлі де болса еңбек заңнамамызға біраз өзгеріс пен толықтыру енгізу қа­жет деп есептеймін. Шындығы сол, жоғары лауазымдық мансап­тық өсуде де көбінесе ер адамдар­дың жолы болып жатады. Осындай кемшіліктерді талқылап, біз де өз тарапымыздан жыл сайын заң­намаға тиісті түзетулер мен өз­герістерді қабылдатуға мүдделіміз. Меніңше, білімді әрі тәжірибелі әйелдердің кәсіби мүмкіндігін іс жүзінде пайдалану кемшін. Бірақ заң нормаларын қатайтып, әйел­дердің мүддесін көтере беруге болмайды. Бұл әйелдердің өзіне кері әсерін тигізеді. Мысалы, біз заңнамада әйелдердің мүддесін қорғаған сайын жұмыс берушілер түрлі қысыммен кемсітушілікті жалғастыра береді», – дейді.


Жұмыс берушінің өз еркі

Әйелдердің аналық қызметі мен мемлекеттік міндетіндегі біліктілігін көрсету үшін жасалып отырған мүмкіндік жоқ емес. Айталық, ротацияны қолдануда көпбалалы немесе жалғызбасты әйелдердің мүддесі бірінші кезекте қорғалады. Бұл да болса балалы әйелдерді қолдауға бағытталған.

Кеңес мүшесінің көтеріп отыр­ған тағы бір мәселесі, Еңбек ко­дексіндегі балалары әйелдерге берілетін қосымша уақыттан әйелдердің әлі күнге хабары аз.

«Қызметтегі балалы әйелге жұмыс беруші тарапынан қосым­ша уақыт беріледі. Егер бір баласы болса, кем дегенде 30 минут, екі баладан көп болса, кем дегенде 1,5 сағат қосымша уақыт қарастыры­лады. Өкінішке қарай, бұл норма да заңнамада қарастырылғанымен, іс жүзінде қолдануға келгенде жұ­мыс берушілер тарапынан толық пайдалануға мүмкіндік қарас­тырылмаған. Жұмыс берушінің өз еркі, қайдан құлақ шығарса. Оның үстіне, көптеген дамыған елде­гідей, біздегі жұмыс орындарында ана мен бала бөлмесі қарастырыл­маған. Бұл елдерде жиналыс үс­тінде де ана ретіндегі функциясын атқару үшін әйел адам қызметін тоқтатып, отбасылық міндетін ат­қаруға толық мүмкіндік беріледі. Бізге де қазір осындай ана мен бала бөлмесін қарастырып, әйел­дердің қызмет пен отбасындағы міндетін толықтай пайдалануға жағдай жасау маңызды», – дейді Бибігүл Нұрашева.

Әлеуметтік зерттеулердің нә­тижесі елдегі әйелдердің көбінде екі немесе одан да көп дипломы бар кәсіби білікті мамандар екенін растап береді. Әйткенмен, еңбек нарығындағы әйелдердің құқығын қорғау маңызды. Себебі жұмыс берушілердің сұранысы негізінен ерлерге түседі. Осыдан кейін әйел­дердің дені кәсіби біліктілігін жалғастырудан бас тартып, өмірін отбасы, бала-шаға, басқа да түйт­кілді мәселелерге арнайды. Бұл өз кезегінде көптеген отбасының әлеуметтік жағдайына ғана емес, психологиялық себеп-салдарға әкеліп жататыны бар. Өкінішке қарай, отбасындағы зорлық-зомбылықтың тұтануына алып келуі мүмкін фактор екенін мо­йын­дауға тура келеді.

«Әйелдің орны ошақтың ба­сында, еркектің орны ат қасында» деген түсінік нарықтың қағида­сына жүрмесе керек. Сондықтан мемлекетіміз де отбасындағы әлеу­меттік және тәрбиелік түйт­кіл­дердің түйінін тарқату үшін қызметін отбасылық парызымен ұштастыра білетін әйелдерге мүмкіндік беруге мүдделі.

 

Жадыра МҮСІЛІМ