Күн тәртібіне 2023 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қызметтік-жауынгерлік іс-әрекетін қорытындылау және алдағы кезеңдерге арналған міндеттерді айқындау мәселелері қаралды.
Ұлттық ұланның Әскери кеңесі өтті
1,173
оқылды

Қарағанды қаласында Ұлттық ұланның басшылық құрамының қатысуымен Әскери кеңестің кеңейтілген көшпелі  отырысы өтті. Алқалы жиында құқықтық тәртіп әскерінің 2023 жылдың бірінші жарты жылдығындағы қызметтік-жауынгерлік әрекеті қорытындыланды.

Әскери кеңеске Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақанов төрағалық етіп,  Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылықтарының қолбасшылары, әскери бөлім командирлері мен олардың орынбасарлары қатысты. 

Күн тәртібіне 2023 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қызметтік-жауынгерлік іс-әрекетін қорытындылау және алдағы кезеңдерге арналған міндеттерді айқындау мәселелері қаралды. Осыдан соң Бас қолбасшы   Ұлттық ұланның ауқымды жұмыстарына тоқталып, биылғы мамыр айында өткен Бүкілармиялық кеңес кезінде Президент – Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен тапсырмалардың орындалуы жөнінде сөз сөйледі.

Іс-шара барысында Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы генерал-майор Қайрат Ақтанов Ұлттық ұланның авиациясы, қызметтік-жауынгерлік іс-әрекетін ұйымдастыру,  арнайы мақсаттағы бөлімшелер, техникамен қамту, тылдық қамтамасыз ету шаралары, стратегиялық құжаттар, кадрлық жұмыстар, спорттық жетістіктер секілді жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Оның айтуынша, ұландық жауынгерлердің патрульдік-бекеттік қызметі барысында барлығы 978 тапсырма орындалған. Сонымен қатар сарбаздар ауқымды деңгейдегі 96 іс-шараның өтуіне атсалысып, 2 742 құқықбұзушыны құрықтаған.

Сондай-ақ Әскери кеңес аясында «Орталық» өңірлік қобласшылығы ұйымдастырған жедел даярлық бойынша Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Бауыржан Әбжанов сөз сөйледі. Ал Ұлттық ұлан Бас  тәрбиешісі  генерал-майор Қайрат Үмбетов 6506 әскери бөлімінде өткізілген кешенді топтың  жұмыс нәтижелері бойынша баяндама жасады. Сонымен қатар өңірлік қолбасшылық қолбасшылары мен кейбір әскери бөлім басшыларына  сөз берілді.

Жиын барысында Бас қолбасшы бағыныстағы бөліністеріндегі кемшіліктері үшін кей командирлерге ауызша ескерту жасаса, енді бірін  үздік нәтижелері үшін жоғары командирлік лауазымға тағайындады. Әсіресе, қызметтік-жауынгерлік әрекетте жоғары  нәтиже  көрсеткен  командирлерге шексіз алғысын  білдірді. Сонымен қатар әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық жай-күйіне, сондай-ақ әскери ортада заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтау бойынша шараларға ерекше назар аударды.

– Жарты жылда атқарылған жұмыстардың нәтижесі жаман емес. Барлық жауынгерлік қызметтің тапсырмалары ойдағыдай орындалды. Жұмыстар сапалы атқарылған. Жауынгерлік қызмет пен әскери даярлықтар да ұдайы жүргізіліп отыр. Тылдық қамтамасыз ету, қару-жарақ пен техника жағынан алып қарасақ та елеулі өзгеріс бар. Мұндай оң өзгерістер әлі де болады. Сондықтан өздеріңізге жүктелген тапсырмаларды асқан жауапкершілікпен орындайсыздар деп сенемін, - деді Еркін Ботақанов.

Әскери кеңестің соңында жауынгерлік қызмет пен жауынгерлік даярлықтың және әскери бөлімдегі заңдылық пен тәртіптің нәтижесі бойынша үздік деп танылған әскери бөлімдердің командирлері   марапатталды. Ал шағын футбол мен 100 метр қашықтықта суға жүзуден  ұйымдастырылған  спорттық сайыста жеңіске жеткен офицерлерге  мадақтама кағазы мен медальдар, кубоктар табысталды.  Әскери кеңес отырысының қорытындысы бойынша басшылық ету және орындау үшін өңірлік қолбасшылықтар мен әскери бөлімдерге жіберілетін қаулы қабылданды.