Шабыт берген фестиваль

Бұл медиа, бизнес, мәдениет, технология саласында жетістікке жетуге ынталандыратын алаң.

Орталық Азиядағы Go Viral қауымдастығы мен Астанадағы АҚШ елшілігі медиа, бизнес, мәдениет және технология саласындағы сарапшылар мен белсенділердің басын қосты. Екі күнге созылған фестивальға келушілердің қарасы көп болды. Өйткені шараға қатысқандар коучерлердің ақыл-кеңесін тыңдап, сарапшы мамандармен сұрақ-жауап сессиясында өздерін қызықтырған сауалдарға жауап алуға мүмкіндік алды.

Go Viral қауымдастығы 2017 жылдан бастап журналистерді, кәсіпкерлер мен өнер қайраткерлерін медиа, мәдениет, бизнес және технологияны дамытуға шабыттандырып келеді. Биыл елордада өткен «Go Viral – 2023 шабыт бер де, өзара әрекеттес бол» тақырыбы арқау болған жиынға MediaWaves, Sagi, Masa.media және Alem сияқты әртүрлі компаниялар мен ұйымдардың атынан 35-тен астам спикер қатысты. Фестиваль хэдлайнерлерінің арасында АҚШ-тан келген Butter Payments негізін қалаушы, Forbes 30 Under 30 тізіміндегі Виджей Менон және халықаралық журналист, Seen-нің тең құрылтайшысы, мобильді журналистика мен цифрлы сторителлин амбассадоры, TEDx спикері Юсуф Омар да болды. Ол осы уақытқа дейін әлемнің 140 елінен 20 мыңнан астам журналистерге бағыт-бағдар берген білікті маман. Бұл жолы Юсуф Омар қазақстандық журналистерге видеожурналистика арқылы да танымал болудың қыр-сырымен бөлісіп, контентті монетизациялау жолын түсіндірді. Сондай-ақ  Go Viral 2023 фестивалінде Катерина Суворова, Әсем Жәпішева, Қанат Бейсекеев, Әсем Нұрғалиева және Нұрмахан Ахметов сияқты сөзі өтімді белсенді подкастингшілер желі арқылы жетістікке жетіп, қоғамдық санаға әсер етудің маңызы туралы ой қозғады. 

Қоғамдастық құруды, инновациялық идеялар мен бірлескен шығармашылық жобаларын жетілдіруді ойлап жүргендерге мотивация берген фестивальда заман талабына сай қолданысқа енгізілген стартаптар назарға ұсынылды. Мәселен, шарада отандық жас ғалымдардың ойлап тапқан виртуалды көзәйнек пен қарапайым жилеттің қызметі таңғалдырды. Бұл құрылғы көптеген салада жетістікке жете алмай жүрген адамға өз жолын табуға көмектесетін құрылғы десе де болады. Айталық, дәл қазір мамандық таңдауда басы қатып жүрген жас түлектер үшін таптырмас дүние. Өйткені әрбір тыңдаушы үшін жеке аналитикалық қателермен жұмыс істеуге, талантын танытуға немесе әлсіз тұсын анықтауға көмегі тиеді. Үстіңізге жилетті киіп, көзіңізге арнайы көзілдірікті тағып, виртуалды әлемде дәрігер немесе өрт сөндірушінің образына кіресіз. Арнайы тапсырманы дұрыс орындай алмаған сәтте үстіңдегі киім қатемен жұмыс істеуге көмектеседі. Осы арқылы арнайы құрылғы адамның қандай салада қабілетті екеніңе көз жеткізіп, жетістікке жетудің жолын нұсқайды.  

Орталық Азия елдеріндегі медиа, бизнес, мәдениет және технология өкілдерінің нетуоркингі мен қауымдастық құруына арналған жыл сайынғы аймақтық платформаға арнайы келген АҚШ елшісі Дэниел Розенблюм шабыт пен энергияға толы шараның ұйымдастырылуына таңданысын жасырмады. «Жалпы, Орталық Азия аумағында бірталай жыл қызмет  еткен адам ретінде, бұл өңірдің қоғамдарының өсіп-өнуге келгенде белсенділігінің жоғары екенін білемін. Дегенмен бұл шара менің ойлағанымнан да асып түсті. Қаншама дарынды адамдарды, идеяларды жинап, мүмкіндіктер беретін шара екеніне көзім жеткендей. Өздеріңіз білетіндей, viral сөзі тез таралып, тез танымал болатын феноменге қатысты қолданады. Идеяның вирусты болғаны, оның көптеген адам  арасында танымал болып, көп аудиторияға тез уақытта жетуі дегенді білдіреді.  Go Viral фестивалінің мақсаты   тек қана бір ел емес, бүкіл Орталық Азия аймағындағы елдердің тұрғындарын қамту. Бұл  медиа, бизнес, мәдениет, технология саласында жетістікке жетуге ынталандыратын алаң. Осы екі күн ішінде әрқайсысыларыңыз өздеріңізді шабыттандыратын жаңа нәрсе үйрендіңіздер деп үміттенемін. Болашақта конструктивті серіктес бола алатын жаңа достар, таныстар тауып, байланыс орнаттыңыздар деп сенемін.  Яғни, ертеңгі күні бір-бірін демеп, идеяларды қолдап, мәселелерге шешім табуға себін тигізетін байланыс орнағаны анық»,  деді ол. Осылай деген елші ортақ шешімдерді қорыту үшін ұжым болып жұмылу қажеттігін жеткізді. Тіпті, жиынға жиналған көптің ойына қозғау салғысы келген Дэниел Розенблюм сөзін қазақша жеткізіп: «Маған қазақ тілінде «Қосылғанның қолы ұзын, Қос керуеннің жолы ұзын» деген сөз ұнайды. Осындай шарада талқылаған жаңа мүмкіндіктер, орнатқан жаңа байланыстарды ары қарай дамытуға, жалғастыруға шақырамын. Бұл фестивальда алуан түрлі көзқарас пен тәжірибе қоғамға жақсы өзгерістер әкелуге көмектеседі деп ойлаймын. Себебі Сіздердің энергияларыңыздың, энтузиазмдарыңыздың, талаптарыңыздың арқасында фестиваль сәтті өтті»,  деді. 

Қатысушыларға ынта мен шабыт сыйлап, шығармашылық мотивация сыйлаған  фестиваль DJ Mark Redlights, америкалық Re Acapella тобы және Radio Band-тің өнер көрсетуімен аяқталды. 

 Ж.МҮСІЛІМ