ҚазҰУ-да халықаралық журналистика апталығы өтіп жатыр
ҚазҰУ-да халықаралық журналистика апталығы өтіп жатыр
© сурет интернеттен алынды
342
оқылды
Бұл күндері ЮНИСЕФ 1991 жылы негізін қалаған Халықаралық балалар теледидары мен радио хабарларын тарату күніне арналған «Халықаралық журналистика апталығы» жетекші отандық университет - әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өтуде. Бүкіл әлемде 1 наурыздан бастап телеарналар балалар контенті бойынша хабар тарату торын қайта құруда, кішкентай көрермендер мен жастарға арнайы бағдарламалар арнауда. Сондай-ақ қоғам назарын балалар мен жастардың құқықтарына бөлу, жасөспірім аудиторияның білім мен құзыреттілікті арттыруына, қоғамдық құндылықтар мен басымдықтарға қызмет етуді үйренуіне БАҚ-тың қалай көмектесетініне аудару әдетке айналған. Халықаралық балалар теледидары және радио хабарларын тарату күнінде кәсіби қызметін бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыстырған жастарға да құттықтау айтылады. «Халықаралық апта» аясында  шетелдік және отандық БАҚ-тың танымал журналистері, дикторлары мен фототілшілері ҚазҰУ-дың студенттік аудиторияларына барады, иммерсивті журналистика, БАҚ-қа арнап материал дайындаудың халықаралық стандарттары, цифрлық медиа бойынша  шеберлік сыныптары, «Үздік халықаралық репортаж» конкурсы және «Біз әлемді осылай көреміз» студенттер көрмесі өткізіледі. Қонақтарды білім беру мен қазақстандық журналистиканың кәсіби жетілуі саласындағы халықаралық бастамаларға, жаңа технологияларға мұрындық болып жүрген ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасы қабылдайды. Кафедра көптеген халықаралық ұйымдармен, журналистерге және медиа-педагогтарға арналған тренингтік  орталықтармен белсенді байланыс жасап, кәсіби білім беру сапасын жақсарту, гендерлік теңдік, ақпараттық қауіпсіздік саласындағы ЮНЕСКО мен БҰҰ-ның бірқатар жобаларын табыспен жүзеге асыруда. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ғылыми зерттеулердің дәрежесін және оларды іс жүзінде қолдану деңгейін арттыру туралы  Қазақстан халқына 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру аясында ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа  кафедрасы шетелдік ғалымдармен бірлесе отырып, медиа білім беру, жаңа медиа, медиа сауаттылық, тұрақты даму мақсаттары және басқа тақырыптар бойынша халықаралық ғылыми жобалар жүргізуде. 2019 жылы «Халықаралық журналистика» мамандығы бойынша алғаш рет бакалавриат ашылды, Түркияның жетекші жоғары оқу орнымен қос диплом туралы келіссөздер аяқталуда. 2020 жылғы 31 қаңтарда ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері бойынша Нұр-Сұлтандағы ҚР Ұлттық комиссиясының мәжілісінде Мәдениет және спорт министрі, Ұлттық Комиссияның Төрайымы Ақтоты Райымқұлова әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің ЮНЕСКО  кафедрасының қызметін жоғары бағалады. Министр «ЮНЕСКО-ның коммуникация және ақпарат саласындағы жұмысында қарулы қақтығыс аймақтарында журналистерді қорғауға, «жалған жаңалықтарға» қарсы тұруға, БАҚ-ты қарқынды дамытуға,  кәсіби білім сапасын арттыруға және осы саладағы этикалық мінез-құлыққа қатысты ұсыныстар әзірлеуге ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Ақпараттық қоғамның дамуына және гуманитарлық саладағы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты түйткілдерді шешуге деген халықаралық көзқарасты қалыптастырудағы Ұйымның жетекші рөлін ескере отырып, «Ақпарат баршаға» және «Коммуникацияны дамыту» сияқты үкіметаралық бағдарламаларға қатысуды одан әрі арттыруымыз маңызды.