Астанада «AMANAT» партиясы депутаттарының форумы өтіп жатыр.
Ерлан Қарин: Елімізде жаңа саяси мәдениеттің негізі қаланып жатыр
966
оқылды

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «AMANAT» атынан сайланған мәслихат депутаттарының республикалық форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістандағы Ұлттық құрылтайда көтерген бастамалары туралы айтты.

Мемлекеттік кеңесші баяндамасында 2019 – 2022 жылдары жүзеге асқан саяси реформаларға да тоқталды. Бұл туралы Aikyn.kz «Қазақпаратқа» сілтеме жасап хабарлайды. 

«Осы реформалардың аясында сол үш жыл ішінде 20 заң қабылданды. Президент былтырғы наурыз айындағы Жолдауында ауқымды саяси жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыру жөнінде бастама көтерді. Бұл бастамалар Конституциялық реформалардың негізін қалады. Өздеріңіз білетіндей, Конституциямыздағы 98 баптың 33-іне, 9 бөлімнің 8-іне түзету енгізілді. Ата заңымыздың үштен бірі өзгерді. Бұдан кейін 7 Конституциялық заңға, 15 Кодекске және 29 Заңға түзетулер енгізілді. Мұның бәрі билік тармақтары арасында тепе-теңдікті сақтайтын мемлекеттік саясат құрудың жаңа моделін қалыптастырды», – деді Ерлан Қарин.

Сондай-ақ, ол Түркістандағы ұлттық құрылтайда жаңа құндылықтар қалыптастыру үрдісіне баса мән берілгенін атап өтті.

«Президент ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үшін білім, мәдениет, ғылым салаларын дамыту қажеттігін атап өтті. Бұл біздің қоғамның дамуындағы негізгі үш деңгейі болуға тиіс. Мемлекет басшысының Түркістандағы сөйлеген сөзінің басты ерекшелігі де осында. Әдетте біз мәдениет, ғылым-білім жайында екінші немесе үшінші кезекте ғана айтамыз. Президент керісінше бұл саларға ерекше басымдық беріп отыр. Ол аймақтардағы мәдениет ошақтарын, ауыл мектептерін, балалар кітапханаларын, кітап шығару ісін, театр мен киноны, мұражай жұмысын дамытуға баса назар аударды. Адал азаматтардың қалыптастыру жанашырлық, мейірім, тілектестік сияқты құндылықтарды санаған сіңіруден басталады», – деді Ерлан Қарин.

Сондай-ақ Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин лауазымды басшылар мен партиялардың байланысы туралы ойын айтты. 

«Елдегі реформалардың мән-мағынасы бойынша Президент елдегі барлық саяси күштерден тысқары тұру керек. Бұл – басты қағидаттың бірі. Сондықтан былтыр Конституциялық реформа аясында Мемлекет басшысы өз өкілеттігін атқаратын мерзімде ешқандай саяси партияның қатарында болмау керек деген ережені енгізу туралы бастаманы көтерді. Содан кейін Президент референдум қорытындысын күтпестен партия қатарынан шығып, төрағалықтан бас тартты. Осылайша Мемлекет басшысы реформаларды жүзеге асыруға табандылығын көрсетті», – деді Ерлан Қарин.

Сондай-ақ ол енді заң бойынша Конституциялық соттың, Жоғарғы соттың және өзге де соттың төрағалары мен судьяларына, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палата төрағасы мен мүшелеріне қандай да бір партияның қатарында болуға тыйым салынатынын еске салды.

«Сондай-ақ әкімдер саяси партияның филиалдарында төраға бола алмайды. Осылайша елімізде жаңа саяси мәдениеттің негізі қаланып жатыр», – деді Мемлекеттік кеңесші.