Итбалық өлекселері табылмаған
Экология министрлігі Каспий жағалауынан итбалық өлекселері табылды деген ақпаратқа түсінік берді
1,815
оқылды

28 маусым күні БАҚ-та Ақтауда теңіз жағасынан өлі итбалықтар табылғаны жөнінде ақпарат тараған еді. Алайда ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

«Өзара іс-қимыл схемасына сәйкес, табиғат қорғау прокуратурасы, мамандандырылған ғылыми ұйымдардың өкілдері, Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы, облыстың ветеринариялық қызметі, экология департаменттері және құқық қорғау органдары кіретін жұмыс тобының барлық мүшелері жедел түрде хабардар етілді», – деді министрліктен.

29 маусым күні таңертең жергілікті балық инспекциясы басқармасы, экология департаменті, ветеринарлық қызмет және Қазгидромет қызметкерлері болжамды орынға барған. Алайда ол жерде итбалық өлекселері табылмаған.

Қазір облыстық балық инспекциясы басқармасының инспекторлары итбалық өлекселерін анықтау мақсатында Каспий теңізінің жағалауына мониторинг жүргізіп жатыр.