Тәуелсіздік алғалы кең-байтақ елімізде 13 мың шақырымнан астам республикалық маңызы бар автомобиль жолы төселіп, қайта жаңғыртылған екен.
Жол дағдарысын қалай еңсереміз?
1,116
оқылды

 Аяқталған жол жөндеу жұмыстары республикалық автомобиль жолдарының негізгі желісіндегі қираған учаскелерді, оның ішінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» сияқты алты ірі халықаралық транзиттік дәлізді қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Осы жылдар ішінде учаскелердің жалпы көліктік пайдалану жағдайы айтарлықтай жақсарған.

Республикадағы жалпы пайдала­ным­дағы автомобиль жолдарының желісі шамамен 96 мың шақырым, оның ішінде республикалық маңызы бар – 25 мың шақырым, жергілікті маңызы бар 71 мың шақырым жол бар екен.
Бүгінде республика бойынша 4 600-ге жуық ауылдық округ пен кішігірім кентте 8 млн-ға жуық адам тұрады. Бұл елі­міз­дегі жалпы халықтың 41 пайызын құ­райды. Ауыл-аймақтарда негізгі шешілуі тиіс мәселе – инфрақұрылым. Оның ішін­дегі бастысы – ауыл мен ауданды, облыс, ауыл мен қалаларды жалғайтын жолдар. Осы жолдар – бүгінде ауыл-аймақтардың барыс-келіс мәселесін шешіп, халық тұрмысын жақсартудың басты кепілі.

Қазір жолдардың сапасын осыдан он немесе жиырма жыл бұрынғы жағдаймен салыстыруға мүлдем келмейді. Еліміздегі ауыл-аймақтарды жалғайтын респуб­лика­лық және облыстық маңызы бар күрежол­дардың бүгінгі жағдайы мен оның тозуына тікелей әсер ететін бірнеше фактор бар.  Бүгінде тозығы жеткен жолдарды күрделі және ағымдағы жөндеуге бюджеттен жүйелі түрде қаржы бөлініп отырады. Бірақ ол көптеген елді мекенде құмға сіңген судай болып отыр.  

Одан қала берді, қазақстандықтар жылдар бойы жөндеу көрмеген шұңқыр­ларды, кедір-бұдырларды аса шыдамды­лықпен айналып өтіп кете беретін жағдайға да жетті. Мемлекет қазынасынан қыруар қаржыға салынған ақылы автобандар біз­дің көз алдымызда шетінен опырылып, қирап та жатыр.

Өткен шақырылымдардағы Парламент Мәжілісінің депу­тат­тары Үкімет пен құқық қорғау ор­ган­дарының алдына бірнеше рет осы сұ­рақ­ты қойғаны рас. Олардың міндеттеріне, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, респуб­ликалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын бақылау мен жүк тасымалдау ережелерін бұзу және артық салмақ бойынша тиісті әкімшілік әрекет ету шараларын қолдану құзыреті кіреді.

Алайда бүгінде ауыр жүк көліктерін тоқтату, тексеру және айыппұл салуға жергілікті жерде Көлік инспекциясы мен Полиция департаменті айналысады. Ма­мандар осы мәселені де оңтайландырып, бір мекеменің құзырына беру қажеттілігін алға тартуда.  

Облыстық маңызы бар, ауыл және ауданаралық жолдарда нормаланған мөл­шерден артық салмақпен құм, тас, шағал, кірпіш, цемент, тұз тағы басқа заттарды тие­ген жүк көліктердің саны азаяр емес. Өйткені еліміздің барлық аймағында құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Екіншіден, 40 және одан жоғары салмақтағы оське қысыммен жүк артқан шетелдік маркалы үлкен жол көліктері пайда болды. Бұлар да республикалық маңызы бар жолдарды тоздыруға өз үлесін қосуда. Әрине, еліміздің дамуы мен экономикалық өркендеуі саласында көлік логистикасының дамуы орынды, алайда бұл барлық заң талаптары мен нормаларды сақтау арқылы ғана жүзеге асуы тиіс.

Бұдан басқа елімізде немесе көршілес мемлекеттерде салынып жатқан үлкен зауыттар мен өндіріс орындарына қажетті жабдықтарды тасымалдайтын салмағы 80 тоннаға дейін жететін көліктердің көбеюі тағы бар.

Бүгінде Қазақстанның өзінде 400 мыңнан астам ауыр жүк көлігі бар екен. Осыдан туындайтын негізгі сұрақ: аталған жүк тасымалдайтын көліктер жолдардың осьтік жүктемесі мен оның нормаларын сақтай ма? Бұл тақырып ондаған жылдар бойы өз шешімін таба алмай келе жатқан күрделі әрі көкейкесті мәселе болып отыр.
Осыған байланысты Мәжіліс депутат­тары жүк көтергіштігі үлкен болады деп күтілетін жолдарды күрделі салу мәселесін қарауды, тіпті рұқсат етілген шекті норма­дан асатын ауыр жүк көліктерін Қазақстан аумағына әкелуден бас тартуды бірнеше рет ұсынған болатын.

Айтпақшы, жалпыға ортақ жолға шыға­тын қытайлық самосвалдарға тыйым салудың күшіне ену мерзімін 2026 жылдың 1 қаңтарынан 2024 жылдың 1 қаңтарына өзгертуді қарастыратын құжат әзірленуде. Тиісті министрліктің хабарлауынша, қытайлық самосвалдардың салмақ пен өлшем параметрлеріне сәйкестігі де тиісті бақылауға алынатын болады.

Жол активтері ұлттық сапа орталығы­ның ақпараттары негізіндегі нақты мысал­дарға тоқталсақ. Мәселен, бір ғана Түркістан облысын­дағы облыстық маңызға ие 5 900 шақырым жергілікті жол бар. Оған қоса, құм-шағал қоспасын өндіретін 159 кен орны бар. Былтыр 1 200 шақырым жолды күрделі жөндеуден өткізу үшін 51 млрд теңге қара­жат жұмсалған. Ал ауыр жүк көліктерінің кен орындарынан артық салмақпен жүк тасымалдауының нәти-жесінде аталған жол­дың 300 шақырымы бүгінде қайта күр­делі жөндеуді қажет етеді. Сол 300 шақы­рым­ды бұзған ауыр жүк көліктеріне салын­ған айыппұл 42 млн теңгені ғана құраған. Бұл осы жолды жөндеуге сұрап отырған 15 млрд теңгенің тек 0,3 пайызы ғана.

Сол сияқты Жамбыл облысы бойынша былтыр жол жөндеуге 16 млрд бөлінсе, биыл 25 млрд қаржы қарастырылған. Бір ғана мысал: былтыр облыстық маңызы бар «Тараз–Ұланбел–Шығанақ», «Бірлік–Мойынқұм–Ұланбел» автожолындарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұл жолдардың осьтік жүктемеге рұқсат етілген салмағы – 8 тонна. Ал биыл сол жолдардың 30 пайызы қазірдің өзінде бүлініп үлгерді. Мамандар бұған ауыр жүк көліктерін кінәлайды. 

Бүгінде бұл талапқа бағынғысы кел­мейтіндер жетіп артылады. Мәселен, бір ғана кіші Қамқалыдан тұз тиеген 60-80 тон­налы ауыр жүк көліктері Жаңатас ар­қы­лы Түркістан облысына, Ақкөл арқылы Тараз және Шу қалаларына, одан әрі қарай Қырғыз Республикасына қатынайды. Бұл сөзсіз, ескі жолдармен қоса, жөндеуден өткен жаңа жолдардың тез тозуына әкеледі.

Атырау облысы – бұл мәселенің тың мысалы. Онда Индер ауданындағы сусы­малы қоспасы бар карьерлер Жарсуаттан 22 шақырым және Бөденеден 14 шақырым жерде – екі ауылдың арасында орналасқан. Ауыл тұрғындарының айтуынша, жолды қысқарту үшін жүргізушілер жайлау ар­қылы тура жол салып алған. Әсіресе, қы­тай­лық Shacman самосвалдары жойқын. Бұл жүк көліктері Атырау–Индер тас­жолын да қиратып жатыр.  Олар Индер тас­жолында шамадан тыс жүктеме салда­ры­нан тексеріске түспес үшін жайылымнан әдейі төтелеп өтеді. Оған кедергі жасап, тосқауыл болып отырған жергілікті билік немесе құзыретті органдардан ешкім жоқ.

Солтүстік Қазақстан облысындағы жолдардың сапасы да көңіл көншітпейді, тұрғындар тарапынан көп шағым түседі.

Мұнда жыл сайын Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығының мамандары жолдарды арнайы тексеруден өткізеді. Нәтижесінде, мердігерлер тарапынан көптеген заңбұзушылықтар анықталған, бұл – техникалық қадағалаудың жеткіліксіз бақылауының кесірі. Әрбір нысанда жөндеу жұмыстарын жүргізгенде міндетті түрде маман болуы керек, бірақ көбінесе бір адам бірден төрт, тіпті бес учаскені бақылауға алады. Осыған байланысты атқарылған жұмыстардың сапасы тиісінше ақсап тұр.

Солтүстік Қазақстан облысындағы жол­ды қалпына келтіруге жыл сайын бюд­жеттен миллиардтаған сома бөлінеді. 2021 жылы бұл көрсеткіш 24,5 млрд теңгені құра­са, 2022 жылы жол жөндеуге бекітілген бюджет 17 млрд болған. Жүргізілген жөн­деу жұмыстарының сапасына тиісті бақы­лау болмағандықтан, екі жыл немесе одан да аз уақыттан кейін жаңа асфальтты ауыс­тыруға тура келеді. 

Жергілікті билік өкілдері жолдардың бұзылуына карьерлерден шығатын ауыр жүк көліктері себеп екенін айтады. 2021 жылы рұқсат етілген көрсеткіштерден асып кеткен жүк жөнелтушілерге 90 әкімшілік хаттама жасалып, кінәлілерге қатысты 211 іс қозғалған. Мамандардың айтуынша, толық бақылау жүргізілмеуін коммуналдық автотұрақтарда орындардың жоқтығымен, оған қоса материалдық-техникалық база­ның әлсіздігімен байланыстырады. Бұл облыстағы жол жөндеу жұмыстарын үлкен қаржылық шығындарға әкеп соқтырады.

Бұл тек Жамбыл, Түркістан, Атырау мен Солтүстік Қазақстан облыстарының ғана емес, жалпы еліміздің барлық өңіріне ортақ мәселе. Ал мемлекеттік бюджеттің ең көп бөлігі дәл осы жолдарды төсеу, күтіп ұстау және жөндеуге жұмсалатыны тағы бар.

Осы мәселені шешу үшін депутаттар алдымен республика бойынша қажетті деп табылатын аймақтарда ауыр жүк көлік­терінің салмағын жылжымалы анықтай-тын арнайы көліктердің санын міндетті түрде көбейту қажет деп есептейді. Со-нымен қатар Индустрия және инфра-құрылымдық даму министрлігінің Көлік комитеті ма­мандар жетіспеушілігі мәсе-лесін қайта қарастырып, олардың тиімді шешілу жолдарын ұсынуы керек деп есептейді.

Тағы бір мәселе – республикалық маңызы бар жолдарда жүктің салмағын анықтайтын цифрлық сканерлік тұрақты бекеттерді кез келген жерге емес, айналып өтуге келмейтін көпірлердің дәл алдында орналастыру қажет.  Ауыр жүк көліктеріне рұқсатты салмақтан артық мөлшерде заттарды тиегені үшін кен орындарына тексеру жүргізіп, әкімшілік құқық бұзу фактілері анықталған жағдайда айыппұл салу мөлшерін бірнеше есеге көбейту ұсынылады.

Сайып келгенде, республиканың елді мекендеріндегі жалпы пайдаланымдағы жолдар мен көшелердің жай-күйі жұрт­шылық тарапынан да, Мемлекет басшысы тарапынан да жүйелі түрде әділ сынға ұшырап отырады. Жолдардың жай-күйінің нашарлығынан автокөліктердің құны шарықтап кеткен. Бұл ел экономикасына өзінің кері әсерін тигізеді, жазатайым оқиғалар деңгейінің жоғарылауына әкеп соқтырады. Жолдарды салу мен жөндеуде сапа талаптарын сақтамайтын жосықсыз құрылысшылардың бары да істің алға жылжуына үлкен кедергі жасайды.

Бүгінде саланың алдында тұрған бар­лық мәселе мен жағдайды өзгерту үшін ұсынылған нақты қадамдарды дер кезінде қабылдап, уақыт оздырмай іске асырған жөн.

 


Ерболат САУРЫҚОВ,
Мәжіліс депутаты