Биыл Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толды.
Өнеркәсіпте өрлеу бар
1,038
оқылды

Содан бері облыс орталығы – Түркістан қаласын рухани астана ретінде дамыту бағытында бірқатар шара қабылданды. Бұл өз кезегінде өңір экономикасының дамуына тың серпін беріп, ел дамуының драй­веріне айналды. Орталық ком­муни­кациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі Дархан Саты­балды жалпы өңірлік өнім кө­лемі айтарлықтай өсіп, қоғамның маңызды салалары дамып келе жатқанын жеткізді.

Экономиканың басты көрсеткіші саналатын жалпы өңірлік өнім көлемі    бес   жылда 2 есе өсіп, 3,5 триллион тең­­геге  жетіп отыр. Өнеркәсіп өнімінің көлемі де 2 есеге артып, 867 миллиард теңгені құра­ған. Осы жылдар ішінде Индустрияландыру картасы аясында өңірде 43 жоба іске асырылып, 2 834 жаңа жұмыс орны ашы­лыпты.
«Түркістан облысының жеке құры­луына байланысты негізгі өндіріс орын­дары Шымкент қаласының аумағында қалды. Облыс өнеркәсібінің негізгі үлесін тау-кен, яғни уран өндірісі құрайды. «ҚазАтомпром» Ұлттық компаниясы уран өндіруші компаниялардың сұранысына сәйкес, Созақ ауданында күкірт қыш­қы­лын өндіретін зауыт салуды жоспарлайды. Жоба сәтті жүзеге асса жаңа 250 жұмыс орнын ашуға мүкіндік береді. Жалпы алғанда, өңірдің республикалық бюджеттің трансферттеріне тәуелділігі жоғары. Бұл орайда өзіндік кірістерді көбейтуіміз қа­жет. Осыған байланысты облыстың өнер­кәсіптік әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретін бірнеше маңызды ірі жобаны іске асыруды жоспарлап жатырмыз. Мемлекет тарапынан қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету көзделуде», – дейді аймақ басшысы.

Сондай-ақ биыл да өнеркәсіптегі өнім көлемі сақталып отыр. Қазір өңдеу өнер­кәсібінде 19 жобаны іске асыру жос­парлануда. Нәтижесінде, аймақта 500-ге жуық жұмыс орны ашылмақ. Ауыл шаруа­шылығы саласында да алға жылжу бар екенін жеткізген аймақтың әкімі: «Эко­номиканың маңызды саласының бірі ауыл шаруашылығында өнім көлемі бес жылда 2 есе артып, алғаш рет 1 триллион теңгеден асты. Оның ішінде агроөнеркәсіп кешеніне 336 миллиард теңге инвестиция тартылды. Салада жаңа технологияларды қолдану да маңызды. Қарқынды бау көлемі биыл 5 405 гектарға жеткізіледі. Нәтижесінде, өнімділік 5 есеге артып, 300-350 центнерге дейін өнім жинауды көздеп отырмыз. Сондай-ақ су үнемдеу технологиясы 28 763 гектарға, «Бір алқап­тан жылына 2-3 өнім алу» жобасы 9 303 гектарға ендірілді. Бұл тәсіл ағын суды 2 есе үнемдеп, өнімділікті 3 есеге дейін арт­тыруға мүмкіндік береді. Респуб­ликадағы жылыжайлардың 71 пайызы облысқа тиесілі. Ал 2027 жылға дейін 500 гектарға жаңа жылыжай салу жоспар­ланған», – дейді Дархан Сатыбалды.

Бұдан басқа егістікті әртараптан­дырудың нәтижесінде 3 миллион тонна көкөніс, бақша, картоп өнімдері жина­лыпты. Нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында биыл 60 жобаны іске асыру жоспарланса, бүгінде оның 16-сы іске қосылыпты.

Аймақта қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Кәсіпкерлік субъектілерінің саны жыл сайын өсіп, бес жылда 184 мыңға жетті. Аймақтағы кәсіпкерлердің басым бөлігі ауыл шаруашылығы, сауда, туризм, қызмет көрсету мен өнеркәсіп саласының үлесіне тиеді екен. Бес жылда шығарылған өнім  11 есеге дейін өсіп, 1 трил­лион теңгеден асты. Былтыр «Кәсіп­керлікті дамытудың» ұлттық жоба­сы шеңберінде бизнес субъектілері 46 мил­лиард теңгеге жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етілсе, өз ісін бастауға ынталы азаматтарға «Түркістан» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы арқылы 22 336 қызмет түрлері тегін көрсетілген.

Облыстағы инвестиция көлемі де көңіл көншітерлік. Осылай деген аймақ басшысы: «Түркістан қаласын рухани астана ретінде дамыту өз кезегінде ин­вестиция көлемінің өсіміне ықпал етті. Бес жылда көлемі 3 есеге артып, жалпы 3 триллион теңгедей инвестиция облыс эко­номикасына тартылды. Негізгі капи­талға бағытталған инвестицияның басым бөлігі жеке инвестицияға тиесілі болса, 5 жылда облысқа салынған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 2 миллиард долларды құрады. Осылайша, 133 инвестициялық жоба іске асырылып, өңірде 9 347 жұмыс орны құрылды», –деді.

Сонымен қатар құрылыс пен тұрғын үй қатынасында да атқарылған шаруа көп. Мәселен, өңірде құрылыс саласы қар­қын­ды дамып жатыр. Қолдануға тапсырылған тұрғын үй алаңы екі есеге көбейіп, 864 мың шаршы метрге жеткен. Соның нәти­жесінде 5 жылда 4 420 отбасы баспаналы болса, мемлекет тарапынан ұсынылған «7-20-25» бағдарламасы және «Отбасы банк» арқылы 5 мыңнан астам отбасы ипо­текамен үй  алды. Жалға алған бас­пана ақысын    субсидиялау бағдар­ламасымен екі мыңнан астам отбасы қам­тылып, 221 көппәтерлі үйге күрделі жөндеу жүргізіл­ген. Биыл қосымша тағы 55 үй жөндеуден өтеді екен.

Биыл да 205 мың шаршы метр үй қол­данысқа берілсе, жыл соңына дейін жалпы алаңы 211 мың шаршы метр 65 көпқабатты үйдің кілті қожайындарының қолына тап­сырылмақ. Нәтижесінде, 3 557 от­басы өз бас­па­насына қол жеткізеді деген сөз.

Бұдан кейін облыс әкімі өңірде 2 511 ұйым білім беру саласында қызмет көрсететінін тілге тиек етті. Қазір аймақта 1 372 мектепке дейінгі ұйымда 155 мың бала тәрбиеленіп жатыр. Соның ішінде 2-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту 98 пайызды құрайды. Балабақшаға кезекке тұру, жолдама беру және қабылдау толық цифрландырылған. Ал облыстағы 1 000 мектепте 515 мың оқушы білім алады. Оның 86-ы соңғы 5 жылда бой көтер­ген. Мемлекет басшысының тапсыр­масына сәйкес, былтыр да 34 мектептің құрылысы аяқталған. Алайда әлі де болса өңірде 35 мың оқушы орынға тапшылық бар. Бұл мәселені шешу мақсатында қазір 33 мектептің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Осылай деген Дархан Сатыбалды: «Оның ішінде, «Білім инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы 9 мектептің құрылысы жүруде. Сонда биыл 20 мектепті пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, «Жайлы   мектеп»   пилоттық   жо­басымен 3 жылда 63 мектеп салу көз­дел­се, жергілікті бюджет есебінен 30 мек­тепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргі­зіліп жатыр. Оған қосымша 41 нысанды жөндеуге құжаттама әзірленуде», – деді.

Қазір аймақта денсаулық сақтау саласында 45 медициналық ұйым жұмыс істейді. Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, босандыру және жан сақтау қызметтерінің медициналық жабдықтармен қамтылуына үлкен назар аударылып отыр. Жұмыспен қамту бойынша да атқарылған шаруа баршылық. Биылдың өзінде 109 мың адам жұмыспен қамтылыпты. «Он мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» бастамасы аясында 12 мыңға жуық жұмыс орны ашылса, биыл өз ісін ашуға ниетті 1 688 адамға қайтарым­сыз грант ұсыну жоспарланған.

Туризмді дамыту және инфра­құрылым­мен қамтамасыз етуге де айрық­ша көңіл бөлініп отыр. Қазір орталықтан­дырылған ауызсумен қамтылған елді мекендердің жалпы саны 720-ға жетіп, қамту деңгейі 86,4 пайызды құрады. Өңірде 113 елді мекенде ауызсу мүлдем жоқ, 204 елді мекеннің су жүйесі тозған. Бұл мәселенің оң шешімін табуына әкімдік ерекше көңіл бөлуде. Биыл 18 елді мекенге жаңадан ауызсу құбыры салынса, 12 елді мекеннің тозығы жеткен су жүйелері жаңартылмақ. Сондай-ақ халықты  табиғи газ бен сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл ғана емес, аймақ халқын толғандырған авто­мобиль жолдарына да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Осылайша, 2025 жылдың соңына дейін өңірдегі норма­тивтік жолдардың үлесі 95 пайызға жеткі­зіл­мек.


Ж.АСҚАРБЕК