Жақында сіңліме қуыршақ алмақшы болып, ойыншықтар дүкеніне кіргем.
Заманына қарай «Барбиi»...
1,264
оқылды

 Бала кезімнен көзтаныс Барбидің жаңа образдарын көріп, кәдім­гідей таңғалдым: үйреншікті XS өлшеміндегі белі қылдырықтай түрлерінен бөлек, сатылымда дене бітімі толық, шашы қысқа, бір аяғына протез киген, витилиго синдромы бар, мүгедектер арбасында отырған нұсқалары пайда болған екен. Ойыншықтың балалар дамуындағы маңызды құрал ғана емес, сондай-ақ балаға қоғамның қандай екенін танытатын айна екенін ескерсек, оны негізгі әлеуметтік және мәдени процестердің индикаторы ретінде де қарастыруға болады.

Кидфлюенсер деген кім?

Интернеттің дамуымен ойыншықтар индустриясының өркен жаюына жол ашатын жаңа бір кеңістік пайда болғаны белгілі. Ендігі уақытта балалардың белгілі бір ойыншықтарға деген қызығушылығын туғызатын, басқаша айтқанда, осы сала­дағы трендті қалыптастыратын бір күш кидфлюенсерлердің қолында. Кидфлю­ен­сер – ағылшынның kid – бала және influencer – ықпал етуші сөздерінің бі­рігуінен туған ұғым. YouTube желісінде өзінің ойыншықтарын таныстырып отыратын кидфлюенсерлердің табатын табысын естісеңіз, аузыңыз ашылады. Мәселен, аталмыш желіде Ryan’s World арнасының авторы он үш жастағы Райан Кадзидің 35 млн көрермені бар. Forbes журналының мәліметінше, жас блогер жылына 25 млн доллардан аса табыс табады. Бүгінде Райан сатылым хитіне айналатын ойыншықтарды жарнамалап қана қоймай, өзінің жеке ойыншықтар коллекциясын да шығарады.

Отандық YouTube-блогер Арнат Хал­мурзиннің айтуынша, балалар арасында танымал ойыншықтармен түсірілген видеолар ең көп қаралым жинайды.

«Бірақ мұнда ойыншықтардың өзінен гөрі олардың хикаясын баяндау әлдеқайда маңыздырақ. Яғни, блогердің актерлік қабілеті күшті болған сайын көрермен тарту оңайырақ. Әдетте аудиторияның белгілі бір сүйікті брендтері немесе ойын­шықтары жоқ – кез келген ойыншыққа қатысты жақсы хикая ойлап табуға бо­лады. Сонымен қатар видеоның сапасы мен ондағы эффектілер де жақсы болуы керек», – дейді ол.


Ойнаған бала ойлана да алады

Қоғамда қыз балаларға арналған ойын­шықтардың қызғылт реңкте, ұл балаларға арналғандары көгілдір реңкте болатынына көз үйреніп қалған. Ойын­шықтардың түсін баланың жынысына қарай бөлу әлемде екінші дүниежүзілік соғыстан кейін етек алды: маркетологтар ауқатты отбасылардың түс бойынша ерек­шеленетін тауарларды көбірек сатып алатынын ескерген болатын. Алайда Harvard Business Review зерттеуінде қазір миллениал ата-аналардың маркетинг­тегі pink tax саясатына оншалықты «алдан­бай­тыны» анықталған. Егер қандай да бір стратегия саудада өз тиімділігін жоғалтса, сатылымды арттыру үшін өндірушілер бағытты қарама-қарсы жаққа бұрары заңды. Бұл құбылыс ойыншықтар нары­ғын да айналып өтпеді. Мысалы, өз ойын­шықтарын «қыз балаларға арналған» және «ұл балаларға арналған» деген сегменттерге бөлетін Hasbro бренді қыз­дар арасында танымал саналатын My Little Pony сериясы тұтынушыларының 30 пайызы ұлдар екенін білгеннен кейін өз саясатын өзгерт­ті. Lego компаниясы­ның конструктор­ларында да енді баланы жынысына қарай бөлетін маркерлер болмайды.

Маркетологтардың пікірінше, бірте-бірте гендерлік-нейтрал маркетинг на­рықтан классикалық гендерлік марке­тингті ығыстырып шығарады. Ал ұлдар­дың – машинамен, қыздардың қуыр­шақпен ойнамауы олардың гендерлік айдентититіне қаншалықты әсер етеді? Балалар психологі Айзия Балабекованың айтуынша, одан қорқудың қажеті жоқ.

«Балаларда айдентитидің қалып­тасуына ойыншықтардан гөрі отбасын­дағы рөлдер көбірек ықпал етеді. Ойын­шықтардың функциясы – балалардың фантазиясын, қиялын дамыту ғана. Қыз баланың қуыршақтармен емес, конструк­тормен ойнауы ешқандай да қауіпті құ­былыс емес. Мұндай типтегі ойыншықтар баланың аналитикалық ойлау қабілетін дамытады», – дейді маман.

Қоғамына қарай мың құбылады

Әралуандық пен инклюзияға фокус соңғы жылдардағы маңызды қоғамдық трендтердің біріне айналды. Ойыншықтар нарығына да ол біртіндеп еніп келеді. Айталық, Барби қуыршақтарын шыға­ратын Mattel компаниясы бодипозитивті насихаттайтын ойыншықтар сериясын өндіруді 2016 жылы бастап кетті. Енді нарықта дене пішіні мен терісінің түсі әртүрлі Барбилар өмірге келе бастады. Ал 2020 жылдан бастап Mattel инклюзияға көңіл бөлуге көшті: енді Барбидің мү­гедектер арбасында отырған, аяқ-қол протезі, есту аппараты бар, витилиго, Даун синдромына шалдыққан түрлері сатылымға шықты. Өндірушілердің ойынша, бала­ларға сүйікті кейіпкерлері мен ойыншық­тарын өзімен байланыстыру аса маңызды, ал бұл ретте тек дені сау және ақ нәсілді ба­лалар басымдыққа ие болмауы тиіс.

Қоғамдағы тағы бір құбылыс – эко-тренд те ойыншықтар индустриясында көрініс тапты. Өндірушілер енді ойын­шық қаптамасында оның ағаштан, бамбуктар немесе биопластиктен жасал­ған эко-өнім екенін жарыса жазады. «Ойыншықтар индустриясындағы бұл «жасыл» трендті маркетологтар қалып­тастырды. Негізі, шындығына келсек, кө­біне оларға ненің сатылғаны бәрібір – бастысы, тауар өтсе болды. Иә, бір қа­раған­да тұтынушы қауым – бізге де плас­тиктен жасалған пойыздан гөрі ағаштан жасалған машинаны сатып алу табиғатқа жанашыр­лық болып көрінуі мүмкін. Бірақ ол проб­леманы шешпейді: өйткені әлгі ойыншық­тар да қоқысқа лақтыры­лады, оларды жасау үшін қаншама ағаш кесіледі. Бұл ретте мен нағыз экотренд ретінде Батыс елдерінде кеңінен етек алған «ойын­шық алмастыру» әдетін үлгі етер едім. Әлеуметтік желідегі арнайы па­рақшалар арқылы ата-аналар бала­ларының ойнап жалығып кеткен ойын­шықтарын өзге үйдің ойыншықтарымен алмастырып алады. Нағыз экотренд осын­дай болса керек», – дейді астаналық эко-белсенді Данияр Құсмұрынов. 

Ал мозаика, пазл секілді ұсақ де­таль­дардан тұратын ойыншықтардың таны­малдығы пандемия кезінде арта түскен. Мәселен, Lego-ның ұсақ деталь­дардан картина құрастыруға арналған Dots сериясы да дәл осы уақытта шыққан.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ