Бұл жайында өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында айтылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Нұрсұлтан Бекиновтің баяндамасында айтылғандай, жыл басынан бері сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау нәтижелері көңіл көншітпейді. Облыста 5 айда 19 сыбайлас жемқорлық фактісі тіркелген. Жемқорлыққа жол берген 27 лауазымды тұлға әшкереленсе, олардың үшеуі – облыстық деңгейдегі басшылар.
Түрлі заңсыздықтармен жұрттың наразылығын тудырып, дау-дамайдан бел ортасында жүретіндердің қатарында жер комиссияларының мүшелері бар. Жерге қатысты мәселенің барлығы осы комиссияның қорытындысы бойынша шешіледі. Осыдан барып мұндағылар бармақ басты, көз қыстыға жол беріп, күмәнді шешім шығаруға бейім келеді. Әсіресе туған-туыстарына, тамыр-таныстарына бүйрегі бұратындар көп. Жер бөлуді майлы жілікке айналдырып алғандар үшін жер телімдерінің нысаналы мақсатын заңсыз өзгерту де түк те емес. Әдетте, мұндай істерде соңғы сөз сот залында айтылып тынады.
– Алматы облысында жердің нысаналы мақсатын заңсыз өзгерту деректері Алматы қаласы маңында орналасқан. Мұндай деректер Қарасай, Талғар, Іле және Жамбыл аудандарында жиі анықталды. Өйткені мұндай жердің бағасы тым қымбат. Мәселен, осы аудандарда 5,5 мың гектар жер 56 мың телімге бөлініп сатылып кеткен. 30 мыңға жуық жер телімдерінде құрылыс жұмыстары басталып та кеткен екен, – деді Нұрсұлтан Берікұлы.
Сондай-ақ отырыс барысында облыста жер саласын басқаруды автоматтандыруға бөлінген қаржының да тиімсіз пайдаланылғаны айтылып қалды.
– 2019 жылы елімізде геопортал жүйесін енгізу бойынша жұмыстар басталған еді. Облыста бұл жобаға 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. 2019 жылдың желтоқсанында аталған геопортал облыс әкіміне таныстырылыпты. Алайда бүгінде портал толық жұмыс істемей тұр. Автоматтандырылуы жоспарланған 10 мемлекеттік қызметтің біреуі де қолданыста жоқ, – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары.
Жиында сыбайлас жемқорлықтың білім беру саласында мүлде шектен шығып кеткені де сөз болды. Жас ұрпаққа тәрбие беріп, заманға сай білім беру міндетті жүктелген педагогтер арасында жалған құжат көрсетуден тайынбайтындары жеткілікті.
Олар біліктілігін арттыру үшін жалған санат жасатқандар тым көбейген. Мәселен, Балқаш ауданында 64 және Еңбекшіқазақ ауданында 291 мұғалімге берілген санаттар Ұлттық тестілеу орталығының базасында тіркелмеген болып шықты. Осылайша, жалған санат жасатқан мұғалімдерге жалақы ретінде қазынадан 430 млн теңгеден астам қаражат қосымша төленіп кеткен. Білім саласында жалақы төлеу кезінде мемлекеттік қаржыны жымқыру дерегі де азаймай тұр. Сонымен қатар облыста 110 адамның жалған дипломмен мемлекеттік органдар мен ұйымдарда қызмет атқарып жүргені жаға ұстатады.
Комиссия отырысында облыстық Білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева, Жер қатынастары басқармасының басшысы Аманжол Абдрахманов, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ермек Баймұхамбетовтің баяндамалары тыңдалды.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы