Шымкент қаласында қарапайым аула қоршауы өнер туындысына айналды. Белгілі коллекционер Дана Бектаева шарбаққа қазақ кілемдерінің суретін салдыртқан. Ол осы әдіс арқылы ұлттық қолөнерді дәріптеуді көздейді. Бұл туралы 24.kz хабарлайды.
Шымкентте қазақ кілемдерімен безендірілген аула көпшілікті тәнті етуде
2,954
оқылды

Қаланың орталығында қазақ кілемдерімен бейнеленген аула қоршауы көздің жауын алады. Маңайдан өтіп бара жатқан тұрғындардың бәрі тамсана қарап, суретке түседі. 

“Осы алаңда тұрамын. Мынаның бәрін істеп жатқан   Дана деген көршіміз. Біз де ол кісіге атсалысып, қаржылай қолымыздан келгенше көмек беріп жатырмыз. Осыны жасап, сөйтіп, ауламыз әдемі болып, көркейіп, жақсы болып қалды”, – деді қала тұрғыны Кәмшат Дәуірбаева.

Коллекционер Дана Бектаеваның өзі осы ауладағы пәтерде тұрады. Ол бала күнінен бері қолдан тоқылған кілемдерге қызығады екен. Қазір сирек кездесетін кілемдер топтамасын жинап та жүр. Аула қоршауына солардың бірқатарының бейнесін салғызыпты.

“Коллекциямдағы ең күшті деп айтуға болатын кілемдерді осы қоршауға салдық. Келешекте осындай бүкіл әр аулада қазақтың кілемдерінің суреттері болса, біздің балаларымыз әдемі аулада өссе, олар да әдемі азаматтар болып өседі деп ойлаймын”, – деді коллекционер Дана Бектаева.

Дана мыңнан астам кілем жинаған екен. Олардың ішінде ХІХ ғасырға тиесілі жәдігерлер де бар. Коллекционер енді мемлекеттік органдардан кілем музейін ашуды сұрап отыр. Өзінің топтамасындағы құнды мұраларды сол жерде көпшілік назарына ұсынуға дайын. Осы арқылы төл өнерді насихаттап қана қоймай, туризм саласына да оң ықпал етеріне сенімді.