Мамандардың сөзінше келешекте жылу энергия орталығын газға ауыстыру көзделіп отыр.
Кентаудағы жылу орталығында жөндеу жұмыстары басталды
1,311
оқылды

Кентаудағы ЖЭО-да жөндеу жұмыстары басталды. Ондағы 8 қазандықтың 4-еуі жөндеуден өтсе, қалған 4-еуіне қайта құру жұмыстары жүргізіледі.

«Екі қазандықтың жөндеу жұмыстарына «BI group» компаниясы демеушілік танытып отыр. Ал мердігер болып танылған «ЭМ-Холдинг» ЖШС 2 қазандықты қайта құрудан өткізеді. Қазан айының 20-сына дейін 2 қазандық, ал жаңа жылға дейін қалған 2 қазандықтағы жөндеу жұмыстары аяқталады деп жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ 4 қазандық ағымдағы жөндеуден өтеді. Сонымен қысқы маусымға қорықпай кіре аламыз», – дейді «Кентау сервис» МКК директорының міндетін атқарушы Бақытжан Орынбасаров.

Орталықтағы жылу жүйелерін және қосалқы қондырғыларын қайта құру жұмыстары қатар жүріп жатыр. Қаладағы тозығы жеткен 6,6 шақырым магистралдық жылу жүйелері мен 4 кері сорғы станциясы да қайта құрудан өтеді.

Мамандардың сөзінше, келешекте жылу энергия орталығын газға ауыстыру көзделген. Осыған орай жеткізуші газ құбырының құрылысына ЖСҚ әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған. Бұл газ құбыры бірнеше күрделі мәселелерді шешпек. Атап айтқанда, ЖЭО мен Хантағы ауылын газбен қамтамасыз ету, Индустриалды аймақ, Кентау байыту комбинаты мен Кентау эксковатор зауыттарына арнайы қосылу нүктелері қарастырылған.

Мекеме басшысының айтуынша, қазір қатты және сұйық отынға бюджеттік өтінім беріліп қойған.

Жалпы, Кентаудағы ЖЭО 14 000 астам абонентті жылумен қамтамасыз етеді. Оның ішінде 347 көпқабатты үй, 106 бюджеттік мекеме, 401 коммерциялық нысан және 2229 жеке сектордағы үй бар.