Мобилограф Қыран Талапбек бала кезінде қазақ тілінде сөйлегені үшін таяқ жеген кездері болған. Тоқаевтың мобилографы бұл туралы Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында айтты, – деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Қазақша сөйлегенім үшін таяқ жедім – Тоқаевтың мобилографы Қыран Талапбек
25,169
оқылды

"2002 жылы мен Алматыға келген кезде Тастақ деген жерде тұрдым. Мен тұрған кезде есік алдында ойнап жүргенде қазақша сөйлесең, ол өте ұят нәрсе еді. Қазақша сөйлегенің үшін таяқ жеп қала алатын едің. Орысша білмегенің үшін саған спокойно мамбет деп қарай алатын. Ол қалыпты жағдайға айналып кеткен еді. Бірақ, қазір олай ешкім жасай алмайды. Сен қазақша сөйлеп тұрсаң ешкім кемсіте алмайды. 15 жылдық тәжірибені алатын болсақ тіліміз дамып келе жатыр. Мен әлеуметтік желіні 2012 жылдан бері жүргізіп келе жатырмын. Басында заман ағымына  сай болу үшін, имиджді ұстап тұру үшін амал жоқ  орысша жүргіздім. Кейінгі 4-5 жылда таза қазақша жүргізуге ауыстым. Біздің тіліміз қазақ тілді сапалы контент пайда болғалы  күшіне енді. Бірақ, бұл жеткіліксіз. Тілді қолданушылардың саны көбейгенімен сапасы артпай отыр. Менің ойым сапалы жастар көбею керек. Адамдар қазақ тілді сапалы контентті көбейтсе, онда біздің тіліміз ары қарай дами түседі", – дейді ол. 

Сондай-ақ ол қазақ тілін білмейтін адамдар қолда бар алтынның қадірін білмей жүргендер дейді. 

"Қазақ тілін әлі күнге дейін білмейтіндер қолда бар алтынның қадірін білмей жүргендер. Оларды мүмкін шетелде 1 жыл тұрғызып көру керек шығар. Мен өзім шетелде тұрып көргенде еліме, жеріме жүрегім тартып тұратын", – дейді Қыран Талапбек.