Бүкіл бабаларымыз адалдық пен әділдікті өсиет еткен.
Адалдық үстемдік етпей, әділдік салтанат құрмайды
734
оқылды

Өмірге кел­ген­дегі мақсат өмірді қалай болса солай сүру емес, жақсы мен жаманды, обал мен сауапты, адал мен арамды, ақ пен қараны ажырата біліп, адам­дық­тан аттамай адал еңбек етіп, әділдік сақтап, тек өзіңе емес, өзгеге де пай­дасы тиетін қағидаттарды ұстана білу керек. Атаның емес, адамның баласы болып халықтың батасын алып, ықыласына бөленіп, елге еңбек сіңіру азаматтық борыш. Көбінесе жан бағу деген қарекет табалдырықтан әрі аса алмай жатады. Нағыз ердің санасын­да ел деген ұғым биік тұруы тиіс.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда ұлттық бренд, идеология, тарих, сана, мә­дениет, тәрбие, жалпы ұлттық құндылықтар мен креативті индустрия, саяси талдау, сараптау, шекаралас аймақтарды дамыту, мемлекеттік қызметкерлерді адалдық пен әділдікке жетелейтін қасиеттер мен істерге кеңінен тоқталды. Түсінгенге әділетті әрі адал қоғам жайында терең мағыналы ой айтты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады.
Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғым­дар. Отанға, отбасына адалдық – па­расаттылық пен адамгершіліктің белгісі», – деді. Кез келген бастама адалдық әрі та­бандылықпен атқарылатын болса, міндетті түрде нәтижелі болады. Әрбір азаматтың ойында тек «мен» деген жеке ұғым емес, «біз» деген ортақ ұстаным болуы тиіс. Сонда бүтін ел өркендеп, тіршілік түзеледі. Елі­міздің жарқын болашағы үшін игілікті істерге бастайтын пайдалы азаматтар керек. Нақты мақсатқа жету үшін тиянақты бағыт-бағдар да қажет.

«AMANAT» партиясының ұйымдас­тыруымен Астанада алғаш рет әр деңгейдегі мәслихат депутаттарының республикалық форумы өткені мәлім. Келелі кеңестің мә­нісі тіпті аудандық деңгейдегі депутаттардың имиджін қалыптастыру, сайлаушылармен байланыс орнату, уәделерді орындау сияқты жұмыстар бүге-шүгесіне шейін талқыланды. Әйтпесе бұрын сайлау алдында алашапқын болып, кейін ауылға ат ізін салмайтындар да болған. Тұрғындарға төбе көрсетпейтін әкімдер де бар. Мәселесін шешетін, шағы­мын тыңдайтын не әкім, не депутатын таппаған соң, халық көшеге, әлеуметтік желіге, тіпті халықаралық ұйымдарға шы­ғып кетті. Заман өзгеріп, өзгергенді көз көріп жатыр. Орнында бар оңалар. Форум­ның мақсаты Президент айтқандай, ха­лыққа адал қызмет етіп, әділетті Қазақстан орнатуға күш салу еді.

Мәжіліс Төрағасы, Партия Төрағасы Ерлан Қошанов: «Біздің – мақсатымыз айқын. Ол – Мемлекет басшысы қолға алған реформаларды аяғына дейін табысты жүзеге асыру. Баршамызды бір миссия – мемлекет пен халыққа адал, риясыз қызмет ету миссиясы біріктіреді» деп ақиқатын айтты.

Биылғы сайлау бұрынғыдан өзгерек өтті. Партия қатарында барлар да, жоқтар да сайлауға түсе алды. Мен де сайлаушылар сенім артып, бірмандатты округтен сай­ланған депутатпын. Мінбер жоғарылаған сайын міндет көбейе түседі. Мәжіліс ман­даты міндетті жауапкершілікті арттырады. Өйткені тек мәселе көтеріп қоймай, ел үшін маңызды құжаттардың қабылдануына атсалысады. Айналасы 3 айда үкіметке 12 депутаттық сауал жолдадым. Көпшілікпен алғашқы сессияда істеген жұмыстың есебі­мен бөлісуді жөн санадым.

Түркістан еліміздің ірі облыстарының бірі. Жер көлемі жөнінен сай келмесе де, тұрғындар саны жағынан асып түседі. «Көптің уайымы – көп, аздың уайымы – аз» дегендей, бұқараның саны артқан сайын өзекті мәселелері де көбейіп келеді. Оның үстіне, әрісі 50-60, берісі 30 жылдан бері то­зығы жеткен, жаңалауды қажет ететін дүниелер де жетіп артылады. Әлеуметке керегі сол баяғы мектеп, аурухана, емхана, жол, газ, су, жарық, жұмыс орындары. Сайлау алдында сайлаушылармен кездесіп, базынасын тыңдадық. Енді сол бойынша жұ­мыс істеп жатқан жайымыз бар. Ай­наласы 3 айда үкіметке оннан аса депутаттық сауал жолданды. Ауыз толтырып айтарлығы мектеп, ауыз су, газ мәселесінің оң шешімін тапқаны. Облыста 125 ауылда тіршілік нәрі болмай сатып алса, өзгесінде йоды, тұзы шамадан тыс, одан қалса құрттап кеткен суды ішуге мәжбүр. Құбыр жүргізілсе де, су жеткізілмегендері тағы бар. Мұндай келең­сіздіктер Ордабасы, Отырар, Жетісай, Келес, Қазығұрт, Мақтаарал, Созақ, Түлкібас, Шардара, Сайрам, Төлеби, Сауран аудандары мен Арыс, Түркістан, Кентау қалаларында белең алған. Құрылыс әлдеқашан аяқталса да, пайдалануға берілмеген. Бұған су көздерін барлау мен жобалық-сметалық құнының дұрыс жасал­мауы, мердігерлердің он екіде бір сайма­нының түгел болмауы, нысанды эксплуата­цияға қабылдау кезінде жауапты бөлім басшыларының кемшіліктерге көз жұма қарауы сияқты факторлар бірден-бір себеп. Салғырттықтың салдарынан опық жейтін халық. Судың сапасыздығынан неше түрлі аурулар асқынып кеткен. Осылардың бәрін ескере отырып, ең алғашқы депутаттық сауалдардың бірін ауызсу тақырыбына арнадым.

Нәтижесінде үкімет 2023-2025 жылдарға арналған арнайы бағдарлама аясында Түркістан облысына қарасты 113 елді мекенді ауызсумен қамтамасыз етіп, 204 ауылда тозығы жеткен су құбырларын жаңалайтынын жеткізді.

Қазақстан Республикасын газдан­дырудың 2015-2030 жылдарға арналған бас схемасы бекітілгені белгілі. Былтыр елімізде 11 миллион 600 мыңдай абонент газбен қамтамасыз етілген. Ал Түркістанда 368 ауыл азаматтары көгілдір отынға жарымай келеді. Облысты түгел табиғи газбен қамтуға 75 млрд 200 млн теңге қажет екенін де үкіметке жеткіздім. Сондай-ақ 2022 жылы газдандыру бойынша 584 млн теңге қаралып, мемлекеттік сатып алу байқауы өткізілгенімен, 2023 жылы бюджетті нақ­тылау кезінде қаржыландыру белгісіз себептермен қысқартылған Арыс қаласына қарасты Байырқұм, Көкжиде, Жиделі, Аққала елді мекендеріндегі жағдайды да көтердім. Үкіметке депутаттық сауал жолдап, облыс бойынша жауабын алдық. Арыста аты аталған ауылдар 2024-2026 жылдары газдандырылмақ. Ал облыста биыл 6,9 млрд теңгеге осы бағытта 22 жоба іске асырылады. Түркістандықтардың қарасы 2 миллионнан асады. Жыл сайын 40 мыңдай нәресте дүние есігін ашады. Бұл дегеніміз әр жаңа оқу жылында 40 мың бала мектеп табалдырығын аттайды деген сөз. Осыдан-ақ білім ошақтарының қажеттілігін байқаймыз. Өңірдегі мектеп мәселесін шешу бойынша депутаттық сауал жолдаған соң, бұл мақсатқа Ұлттық қор мен респуб­ликалық бюджеттен 344 млрд 600 млн теңге бөлінді. Бұйырса 2024-2025 жылдары 63 мектеп пайдалануға беріледі. Нақтырақ айтқанда, 2023 жылы 29 мектептің құры­лысын бастап 2024 жылы, ал 34 мектептің құрылысы 2024 жылы басталса 2025 жылы аяқталады. Яғни, 2023 жылға – 54,6 млрд, 2024 жылға – 116,8 млрд, 2025 жылға – 173,2 млрд теңге қарастырылған. Сонымен қатар «Білім инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен өңірдегі 11 мектептің құрылысын аяқтау үшін 11,6 млрд теңге, бұдан бөлек ағым­дағы жылы жалпы сипаттағы транс­ферт­тер аясында 37 білім ұясының құры­лысына 22,6 млрд теңге берілді. Қаржының мақсатты әрі тиімді жұмсалуы мен мек­тептердің дер кезінде пайдалануға берілуін қадағалауда ұстаймыз. Бұлайша 344 млрд 600 млн теңгенің бірден бөлінуі бұрын-соңды болмаған жаңалық. Осының арқа­сында облыста мектеп салу ісі басталды. Айта кету керек, әзірге ауыл арасында қаты­нап оқитын оқушыларды тасымалдау үшін арнайы автобустар аудандарға үлес­тірілді.

Адам көбейген сайын әрбір ауылда амбулаториялық пункт ашып, жалпы тәжірибелі дәрігерлерді тартып, бір-бір жедел жәрдем көлігінің қажеттілігі туындап жатыр. Өйткені жүкті әйелдер мен ауыр сырқаттанған науқастарды аудан орталығы тұрмақ, ауылдық округтің өзіне жеткізудің өзі мұң боп жатқан жерлер жетерлік. Оның үстіне, жоғарыда айтылған сапасыз ауызсу тұтынатын ауылдарда ішек, бауыр, бүйрек аурулары асқынып, көп салалық аурухана салуды қолға алу күн тәртібінде тұр. Мы­салы, шардаралықтар сол санитарлық-эпи­демиологиялық талаптарға сай келмейтін Шардара су қоймасының суын ішіп отыр. 60 мыңнан астам тұрғыны бар Арыста бір мезгілде 500 науқас қабылдайтын емхана ғимаратының құрылысына қажетті 3,2 млрд теңге де бөлінетін болды. Бұл жөніндегі депутаттық сауалға Қаржы министрлігі 2024-2026 жылдарға бағытталған лимиттер негізінде қаржыландырылатынын хабар­лады.

Негізі облыс көлемінде ірі индустриялық өндірістер жоқ, жергілікті жұртшылық не­гізінен ауыл шаруашылығы өнімдерін өсірумен айналысады. Мемлекеттен жы­лыжай өндірісіне төмен 5 пайыздан аспай­тын ұзақмерзімді несиелер мен гектарлық субсидиялар бөліп, нақты көмек көрсетіл­генде ғана жылыжай өндірісі өркендейді әрі бәсекелестікке бейімделеді. Әлемде ауыл­шаруашылығымен байыған мемлекеттер баршылық. Оларда шаруашылықтардың дамуына қолайлы жағдай жасайды. Мы­салы, Еуропаның құлпынай өсіретін жылы­жайларын тамашалауға туристер ағылып жатады. Агро бизнестен АҚШ жерін де, жағдайын да, ақшасын да аямайды. Ал біздің үкімет тұрақты нормативтер негізінде нақты қожалықтарға ғана қомақты көмек көрсете алады да. Ұсақ шаруашылықтар игіліктерге жетпей жатады. Үкімет «Кең дала», «Агробизнес» әмбебап несиелендіру бағдарламасының аясында жылыжай­лардың мәселесін шешетінін мәлімдеді.

Түркі тілдес мемлекеттер Кеңесінің Саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда түркі елдерінің бір­лескен арнайы экономикалық аймағын құруды тапсырған еді. Бұл облыс үшін игілігі мол іс. Мемлекет басшысының бастамасын ТМҰ қатысушылары да қолдап, Самарқан қаласында өткен Саммитте «TURAN» АЭА тұжырымдамасы бекітілді. Осыған сәйкес Түркістандағы қолданыстағы «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағын мен «TURAN» АЭА-ның аумағын қосу көзделген-ді. Өйткені ТМҰ-ға мүше мемлекет бизнесмендеріне ерекше мәртебе беріліп, өңдеу өнеркәсібіне қатысты барлық қызмет түрлеріне рұқсат етіледі. Индустрия­лық алаң халықаралық деңгейде болған­дықтан бизнестің өсіп-дамуына жайлы жағ­дай жасалады. Олар тіпті даулы мәсе­лелерді шешуде халықаралық сотқа жүгіне алады. Рухани астанада туризммен қатар экономикалық дамуға да жол ашу керек. Осыған байланысты «TURAN» АЭА- құру мен оның қызметін атқару бойынша «Ар­найы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» және «Халықты жұмыс­пен қамту туралы» ҚР Заңдарына өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажет. Президент­тің бұл жөніндегі тапсырмасына екі жылдан асып барады. Алайда елеусіз-ескерусіз қал­ғандай, әлі күнге нақты ешкім білек сыбана кіріспеді. Қандай жоба іске асса да, көпшіліктің кәдесіне жараса игілін ел көреді деп мұны да депутаттық сауал етіп жолдадым.

Сайлау алдында сайлаушылармен кездесу барысында ең көп айтылған мәселе жұмыссыздық пен зейнет жасын төмендету. Абай хакім қырық екінші қара сөзінде: «Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі – жұмысының жоқтығы. Егер егін салса, я саудаға салынса, қолы тиер ме еді?» – деген. Көптеген жобаларға қыруар қаржы бөлінгенімен, іске аспай қалған. Соның кесірінен жұмыссыз­дық жойылмай жатыр. Ауылдарда жұмыс орындарын көптеп ашылуын қолға алу керек. Қазір кей әкімдіктер мыңдаған адам­ның жұмыспен қамтылатынын жарнамалап, қисынға келмейтін іспен айналысуда. Және жұмыс істеудің кері осы екен деп қара жұмысшылар мен мектеп мұғалімдерін, дәрігерлерді алпыстан асқанша жұмысқа жегіп қоюға да болмайды. Зейнет жасын 55-ке дейін түсіру қалың бұқараның талабы. Өзекті мәселені үкіметке жолдап, де­путаттық сауалға жауап күтіп жүрміз.

Министрліктердің көптеген сауал­дарға салғырт қарауы депутаттардың наразы­лығын тудыруда. Үкіметтің де, үкімет мү­шелерінің де, аймақ әкімдерінің де кан­дидатурасын мақұлдайтын депутаттар. Әртүрлі деңгейдегі атқарушы билікті халықтың мәселесіне ат үстінде отырып алып, жүрдім-бардым қарауына жол беріл­мейді. Онсыз да министрлер мен әкімдерге сенуден қалған сайлаушылар тек депутат­тарға иек артып отыр. Менің өзіме күніне қанша адам ауылдың проб­лемасын айтып жатады. Депутат болудағы мақсатым да халықтың қа­лаулысы деген абыройлы атақтың атын ақтау, сенімнің үдесінен шығу. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айт­қандай, әді­летті Қазақстан орнату үшін азаматтарға адалдық керек. Елге адал және әділ қызмет етуден басқа бөтен ой жоқ. Адалдық үстемдік етпей, әділдік салтанат құрмайтынын ұмытпаған жөн.