Оқу орны балаларға жаратылыстану-математика ғылымдарын игеруге және алғашқы әскери дайындық машықтарын тереңдетіп оқытуға басымдық жасайды.
Атырауда алғаш рет әскери мектеп ашылды
2,379
оқылды

Әскери бағыттағы «Сармат» мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты болашақ мамандығын әскери қызметпен байланыстырғысы келетін балаларға үлкен мүмкіндіктер ашады. 

Мектеп директоры Ерлан Дайрабайұлының айтуынша, биыл 1-2 шілде күндері «Сармат» мамандандырылған мектеп-лицейінде білім алушыларды қабылдау бойынша конкурстық іріктеу аяқталған. 

«Әскери мектепте білім алуға ниет білдірген 500-ге жуық атыраулық оқушы екі кезеңнен тұратын емтиханға қатысты. Конкурстық іріктеудің бірінші күнінде олар қазақ тілі мен математикадан тестілеуге қатысса, екінші күні дене шынықтыру қабілеттерін бағалаудан сынға түсті. Емтихан нәтижесі 10 жұмыс күнінен кейін жарияланады», – деді Ерлан Дайрабайұлы.

Белгілі болғанындай, биылғы оқу жылында 7-8-9 сыныпқа барлығы 120 оқушы қабылданады. Әр сыныпта 20 баладан білім алады. 

«Яғни, екі 7-сынып, екі 8-сынып және екі 9-сынып болады. 2025 жылға қарай мектептегі бала санын 300-ге дейін жеткізу мақсаты тұр. Ата-аналар мен оқушылар жедел ақпарат алуы үшін www.sarmat.edu.kz ресми сайтын және facebook пен instagram әлеуметтік желілерінде парақшаларымызды іске қостық», – деп нақтылады мектеп директоры Ерлан Дайрабайұлы. 

Еске сала кетелік, Атырау қаласына қарасты Жаңаталап округінде бой көтерген білім беру нысанының құрылысы биыл аяқталды. 300 орынға есептелген мектепте балалар толыққанды күндізгі ауысыммен білім алады. Мұнда облыс аудандарынан келген балалар үшін жатақхана да бар. 

Үш қабаттан тұратын мектеп-лицейінде физика, математика, информатика, химия және биология сыныптары жұмыс істейді. Оқу орны балаларға жаратылыстану-математика ғылымдарын игеруге және алғашқы әскери дайындық машықтарын тереңдетіп оқытуға басымдық жасайды. 

Мұндағы оқушыларға 6 мезгіл тамақтану, төсек орны, әскери киім үлгілері, оқу-құрал саймандары мен спорттық жабдықтары тегін қарастырылған. Әзірге мұндай үлгідегі мектеп еліміздің санаулы ғана аймақтарында бар. 

Атыраудағы «Сармат» мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты жаңа оқу жылында, яғни 1 қыркүйек күні салтанатты түрде ашылады.

Баян Жанұзақова