Былтыр Қазақстанға 600 миллиард теңгеден астам актив қайтарылды.
Мемлекет басшысы «AMANAT» депутаттары бастамашылық еткен заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы заңға қол қойды
747
оқылды

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға қол қойды. Құжат партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасында көзделген халыққа тиесілі қазынаны елге қайтарудың тиімді тетігі болмақ.

Осылайша, «AMANAT» өзінің сайлауалды уәделерін жүйелі түрде жүзеге асыру, сондай-ақ азаматтардың ұсыныс-тілегін орындау бағытында жемісті жұмыс істеп жатыр. Былтыр Қазақстанға 600 миллиард теңгеден астам актив қайтарылды. «AMANAT» осы бағытта белсенді жұмысын жалғастырады.

Бұған дейін «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов атап өткендей, VII шақырылымдағы Мәжіліс жұмысының басты ерекшелігі – көптеген маңызды заң жобалары депутаттардың бастамасы бойынша әзірленді. Соның ішінде, осы «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң да бар.

Заңмен құқықтық қатынастар субъектілері айқындалады, заңсыз шығарылған активтерді ашып көрсету, растау, оның шығу тарихын зерттеп-зерделеу және қайтару тетіктері регламенттеледі, активтерді қайтарудың азаматтық тәркілеу сынды тың тәсілі енгізіледі.

Бұған қоса, заңсыз шығарылған активтерді қайтару рәсімінің ашықтығын қамтамасыз ету, уәкілетті орган құру және осындай активтерді мемлекетке ерікті түрде қайтаруды ынталандыру, сондай-ақ қайтарылған активтерді жинақтауға және Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік жобаларды қаржыландыру үшін арнаулы мемлекеттік қор мен басқарушы компания құру қамтамасыз етілді.

Сарапшылардың пікірінше, қайтарылған қаражатты мектеп, балабақша, аурухана және өзге де әлеуметтік нысандар салу үшін пайдалануға болады.

«Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару – өте күрделі жұмыс. Бұл – қоғамдық қатынастардағы әлеуметтік әділеттілікті қалыптастырудың маңызды қадамы. Өкінішке қарай, қолданыстағы заңнама заңсыз иемденілген мүлікті қылмыстық процестік және әкімшілік процестік тәртіппен қайтаруға ғана мүмкіндік берген еді. Бұл ұзақ әрі әркез нәтиже бере бермейтін процесс болатын. Ал енді заңсыз иемденілген активтерді қайтарудың жаңа мүмкіндігі пайда болды», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров.