«Астана жұлдыздары» халықаралық шахмат фестивалі әлемнің 16 елінен 800-ден астам ойыншының басын қосты.
Сенат Төрағасы Динара Сәдуақасованы Халықаралық шахмат фестивалінің басталуымен құттықтады
1,264
оқылды

ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев қазақстандық шахматшы Динара Сәдуақасоваға «Астана жұлдыздары» халықаралық шахмат фестивалінің басталуымен құттықтап хат жолдады. Шараны елорданың 25 жылдығына орай спортшы басқаратын Шахмат академиясы ұйымдастыруда.

«Мұндай халықаралық турнирлер еліміз үшін өте маңызды. Олар стандарттарды белгілейді, жаңа таланттарды ашады, бәсекелестік рухын нығайтуға және шахматшылардың спорттық шеберлігін дамытуға көмектеседі. «Астана жұлдыздары» фестивалі әлемнің түкпір-түкпірінен шахмат кәсіпқойлары мен әуесқойларын жинап, Қазақстанда шахматты одан әрі насихаттау мен дамытуға септігін тигізетініне сенімдімін», – делінген хат мәтінінде.

Мәулен Әшімбаев ойыншыларға да сәттілік тілейді.

Динара Сәдуақасова бүкіл шахмат сүйер қауым үшін маңызды оқиғаға қолдау білдіріп, көңіл бөлгені үшін Парламенттің жоғарғы палатасының төрағасына алғысын білдірді.

«Мұндай фестиваль елордада алғаш рет ұйымдастырылып отыр, ол ірі халықаралық байқаулар стандарттары бойынша да ауқымды түрде өтіп жатыр. Мұндай іс-шаралар әрқашан шахматтың қанат жаюына серпін беріп, әуесқойлар арасында жаңа ойыншыларды қамтып, кәсіпқойларды ынталандырады. Осы спорт түрін дамытуға мемлекет тарапынан осындай белсенді қолдау көрсетіліп жатқанына шексіз ризамыз. Қазіргі таңда шахмат Қазақстанда, әсіресе балалар мен жастар арасында өзінің жаңғыруын бастан кешіруде. Егер осы спорт түріне жоғары деңгейде көңіл бөлінбесе, мұндай ауқымды қамту мүмкін емес болар еді деп ойлаймын», – деді шахматшы.

Еске салайық, «Астана жұлдыздары» халықаралық шахмат фестивалі әлемнің 16 елінен 800-ден астам ойыншының басын қосты. Тіркелушілердің едәуір бөлігін балалар құрайды.

Фестиваль аясында төрт турнир өтіп жатыр: ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан Республикасы Кубогының кезеңі, әуесқойлар бәсекесі, балалар ойыны және блиц-жарыс.

Фестивальдің жоғары мәртебеге ие болуы қатысушылардың деңгейіне ерекше мән береді. Америкалық шахматшы, гроссмейстер Ханс Моке Ниманн, армяндық гроссмейстерлер Шант Саргсян және Мануэль Петросян Астанадағы «рейтинг фавориттері» қатарында. Фестивальге қазіргі әйелдер арасындағы Азия чемпионы Дивья Дешмух та қатысуда. Үндістан, Израиль, Украина, Әзербайжан және басқа мемлекеттерден де мықты ойыншылар бар.

Әсерлі де қызу эмоцияға толы фестиваль кезінде, әсіресе жаңадан келген ойыншылар мен балалар үшін гроссмейстерлермен синхронды ойындар ұйымдастырылады.

«Астана жұлдыздарының» ерекшелігі мен маңызы «FIDE ұйымдастырушысы» атағына арналған семинар. Дәріскер – халықаралық төреші, Канададан келген халықаралық FIDE ұйымдастырушысы Вадим Цыпин.

Турнирлердің жүлде қоры рекордтық сома – 40 миллион теңгені құрады. Айта кету керек, бұл сома аясындағы арнайы жүлделер балалар, әйелдер мен шахмат ардагерлеріне де қарастырылған.