Қордай сабағы татулыққа бастауы тиіс
Қордай сабағы татулыққа бастауы тиіс
334
оқылды
«Қазақ халқы жалқау, еріншек, қолынан ештеңе келмейді» деген жағымсыз әрі не­гіз­сіз айыптауларды тоқтату керек. Жам­был облысының Қордай ауданына сапар­мен барған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай қадап айтты. Әйтпесе, Қор­дайдағы қақтығыстан кейін кейбір блогерлер қазақтардың өзін кінәлап, жалған жала жабу­мен әуестеніп кеткені белгілі. 1 наурыз – Алғыс айту күні ел Президенті Қордай ауданына жұмыс сапарымен арнайы келді. Ол осы күні тойлаудан гөрі, ауыл тұрғын­дарымен өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасуды жөн көріпті. – Қордайда болған оқиға халқымызды дүр сіл­кін­­дірді, бүкіл әлемді елең еткізді. Шыны керек, бұл жанжал мемлекетімізге нұқсан келтірді. Абыройы­мызға зияны тиді. Енді тұтас ұлт болып осын­дай теріс тәжірибеден сабақ алуымыз ке­рек. Ең алдымен, келешекте мұндай қасіретті бол­­дырмау үшін тиісті шара қолдануымыз қажет, – деп атап өтті Қ.Тоқаев. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты арқасында Қазақстанның әлем жұрт­шы­лығына беделді, абыройлы, қарқынды дамушы ел ретінде танылғанын қордайлықтардың қаперіне салып, ендігі міндет осы жетістіктерді сақтап қалу, оны барынша арттыру екенін нықтады. Жамбыл облысының жаңа басшылығының алдына аймақтың өсіп-өркендеуін тежейтін ке­дер­гілерді жойып, халықтың әл-ауқатын артты­ратын шаралар қабылдау міндеті қойылды. – Қақтығыс болған жерде ешқашан және ешқандай даму болмайды. Бұл – заңдылық. Өкінішке қарай, облыс басшылары бұл заңды­лықты дұрыс түсінген жоқ. Сондықтан облыс басшылары, құқық қорғау органдарының бас­шылары толығымен ауыс­тырылды, қызметкерлер жұмыстан босатылды. Жаңа басшылар тағайын­далды. Солардың арасында Бердібек Сапарбаев бар. Бұл азаматты жақсы тани­сыздар. Тәжірибесі мол мемлекеттік қызметші. Оның алдында тұр­ған мақсат – тұрақсыздыққа түрткі болатын жағдай­ларды түбегейлі жою және өңірдің дамуына серпін беру, – деді Президент. Оның байламынша, тәуел­сіздіктің арқасында қазақ халқы шын мәнінде мемлекет құраушы ұлтқа айналды. Мұның маңызы терең. Ең алдымен, бұл – мем­ле­кетіміздің болашағы үшін ерекше жауапкершілік, қасиетті борыш. Ауыл ақсақалдары осы бағытта жұмыс жүргізіп, елдегі береке-бірлікті нығайтып, жастарымызға дұрыс жол көрсетіп, тәрбие беруі керек. – Төл халқымыздың шынайы қасиеттері, болмысы қандай болуы керек? Бұл – бірінші кезекте, кең­шілік, жомарттық, жайсаңдық, жасампаздық деген сөз. Біз басқа ұлттарға, өзге елдерге өнеге, үлгі көрсетуіміз керек. Қазақ халқы бейқам, жалқау, еріншек, оның қолынан ешқандай жұмыс кел­мейді деген жағымсыз әңгімелерді доғару қажет! Бірақ осындай теріс пікірлерді тоқтату үшін өзіміздің еңбекқорлығымызды көрсет­кені­міз жөн, – деген Мемлекет бас­шысы ақсақалдарды ұрпақ тәр­бие­сінде белсенділік танытуға үндеді. Президент тергеу жұмыстары заңға сәйкес жүргізілетінін, заң алдында бәрі тең екенін ескертіп, Қордайдағы жергілікті қызмет­кер­лердің пара алуы, шекара арқылы заңсыз сауда жүруі түйткілдерін шешуді тапсырды. – Ауданда бір топ адам белсенді түрде контрабандамен айналыс­қан. Бұл – белгілі нәрсе. Осы іске басқа топ та қатысқысы келген. Бір сөз­бен айтсақ, заңсыз табыс көзі үшін екі қылмыстық топтың арасында те­ке­тірес пайда болған. Бұл тайта­лас сал­дарынан көп адам зардап шекті. 11 адам қаза тапты. Оны ашық айту керек. Құқық қорғау органдары ал­дында тұрған мақсат – барлық қыл­мыскерлерді ұлтына қарамай, заңға сәйкес жазаға тарту. Онсыз елімізде тәртіп болмайды, – деді Қ.Тоқаев.    width= Кездесуде Қордай аудандық ар­дагерлер кеңесінің төрағасы Әб­ді­бек Сейілханов, Жамбыл об­лы­сы­ның Құрметті азаматы Төле Сү­гір­бай сөз сөйлеп, аудандағы әлеумет­тік және басқа да мәсе­лелерді ше­­шу жөнін­дегі ойларды ортаға салды. – Ұлтаралық татулық – біздің ең басты құндылығымыз. Ендеше оған сызат түсірмеуіміз керек, – деді жиынды қорытындылаған Мемлекет басшысы. Осыдан кейін ол Қаракемер ауылының спорт кешеніне соғып, жас спортшы­лардың жаттығу барысын көрді. Болашақ спортшыларға табыс ті­леп, оларға доп пен бокс қолғабын сыйға тартты. Ел Президенті Сортөбе ауы­лындағы мәдениет үйінде дүнген диаспорасының өкілдерімен жеке жүздесті. Қасым-Жомарт Кемел­ұлы Қазақстан – достықтың, бей­біт­ші­лік пен келісімнің мекені, бар­лық этникалық топтардың ор­тақ Отаны екеніне екпін түсірді. Елі­міз түрлі тарихи жағдайларға байланысты қиын-қыстау заманда мәжбүрлі түрде қазақ жерін пана­лап келген халықтың бәрін құшақ жая қарсы алғанын еске салды. Мемлекет басшысы Қордай ауда­нында болған оқиғадан дұрыс қорытынды шыға­ру керек екенін мәлімдеді. – Қайғылы оқиға артта қалуы тиіс. Алдағы уақытта тату-тәтті, түсіністікте бірге өмір сүреміз. Біз бұдан сабақ алуымыз керек. Бұ­рын-соңды мұндай жағдай болған емес. Бұл биліктің де жіберген кемшілігі. Сол себепті мен бірден облыс басшылығын, құқық қорғау органдарының жетекшілерін де ауыстырдым, – деді Қ.Тоқаев. Ол Бердібек Сапарбаев төра­ғалық ететін үкіметтік комиссия барлық нысандарды қайта қал­пына келтіріп, әлеуметтік мәсе­лелерді шешумен айналысатынын жеткізді. Аймақтағы ахуал жіті бақылауда болады. Қасым-Жомарт Тоқаев дүнген диаспорасын жастарды халықтың мәдениетіне, қазақ тілі мен Қа­зақстанның мемлекеттік рәмізде­ріне құрметпен қарауға тәрбиелеуге шақырды. – Сіздердің балаларыңыз қазақ тілін үйренуі, орыс тілі мен өзінің ана тілін білуі тиіс. Мемлекет мә­дениеттеріңіз бен дәстүрлеріңізді сақтап, дамытуға жан-жақты қол­дау көрсетеді. Дегенмен сіздер, әсіресе ауылда тұратын азаматтар мемлекеттік тілді білгендеріңіз аса маңызды, – деді оларға Мемлекет басшысы. Сонымен қатар Президент дүнген жастары үшін жалғыз Қор­дай ауданының бірнеше ауылында ғана емес, Қазақстанның барлық өңірінде жұмыс істеуіне мол мүм­кіндік бар екенін нұсқады. – Қазақстан – байтақ әрі бай мемлекет. Еліміздің солтүстігінде құнарлы жерлер бар. Біз неге бір жерде ғана тұрақтауымыз керек? Балаларыңызды солтүстікке, шы­ғысқа қарай жіберіңіздер. Сол­түстік, батыс, оңтүстік, шығыста сіздердің балаларыңызға жұмыс істеп, ақша табуға мүмкіндік мол, – деді Қ.Тоқаев. Ол жұртшылықты қайғылы оқиғаның қайталануына жол бер­меуге шақырды. Өңірдегі құқық қорғау органдарының жаңа бас­шы­лығына қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қам­тамасыз ету, сондай-ақ қылмыстың алдын алу жөнінде міндет жүктеді. Кездесуде Қордай ауданының құрметті азаматы Шисыр Динла­сон кезінде қамқорлық көрсеткен қазақ халқына қонақжайлылығы мен мейірімі үшін алғыс білдірді. Еңбек ардагері жергілікті дүнген­дердің атынан болған оқиғаға өкініш білдіріп, кешірім сұрады. Сортөбе ауылдық мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Эдик Суларов жергілікті балаларға мемлекеттік тілді, Қазақстан тари­хын, қазақ халқының салт-дәс­тү­рін оқытуға ұмтылатынын білдірді. Кездесу соңында Қазақстан Президенті Қаракемер, Масаншы және Сортөбе ауылдарындағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін Арнайы жедел әрекет ету жасағының жауынгерлерімен, Ұлттық гвардияның әскери қыз­метшілерімен әңгімелесті.   Ерік ЕРДЕН