Көлікке жауапты мемлекеттік орган мен отандық жүк тасымал­дау­шылар арасындағы жанжал өршіп барады.
Жүк тасушылар неге жабырқады?
393
оқылды

Дау шекараны жүкпен кесіп өту үшін қажетті рұқсаттарды пай­далан­баған жағдайда кері қайтар­ма­ғаны не бүлдіргені үшін қомақты айып­пұл салу туралы бастаманың айна­ласында өрбуде. Құзырлы орган бұл қадамға бармасына амалы қал­ма­­ғанын алға тартады. Ал кәсіп­керлер Үкіметтің бұл шарасы онсыз да титық­таған қазақстандық тасы­малдаушы­ларды тоқырауға ұшыра­татынын айтады. Тайталастың мәнісі неде?

Рұқсаттар алаяқтардың жемсауына айналды

Жүк ағыны мен транзитті дамытудың стратегиялық маңызы барын, оның та­бысы тіпті мұнай түсімінен де асып түсуі мүмкін екенін Мемлекет басшысының өзі айтып келеді. Бірақ осы жолда қаптаған кедергі бар. Мысалы, соңғы жылдары отандық жүк тасымалдаушылар мен трейдерлер өзге елдерге жүк жеткізуге рұқ­саттың тапшылығына шағымданып келеді. Сала бизнесмендері жаргонында бұл құжат «дозвол» аталады.

MR Logistics директоры Рустам Мартасовтың түсіндіруінше, бұған сыртқы ахуал да ықпал етіп отыр: Батыс елдері Ресей мен Беларуське санкциялар енгізді, соның аясында Еуропалық одақ осы екі елдің жүк тасымалдаушыларының өз аумағына кіруіне қатаң тыйым салды. Жұмыссыз отырсын ба, ресейлік және беларустік алпауыт көлік компаниялары төл мемлекеттерінің қуатты қолдауымен Еуразиялық одақ аумағында және Қытайға жүк жеткізуге қайта бағдарланды.

Салдарынан, бұл бағыттарда Қа­зақстан­дағы автокөліктер ағыны шектен тыс артты. Бұл бір жағынан ұсыныстың сұраныстан асып түсуіне, тиісінше тариф­тер мен табыстардың күрт құлдырауына соқтырды. Екінші жағынан, «дозволдар­дың» тапшылығын туындатты. Себебі Кеден одағы мен Қытайдың шекаралық өткізу бекеттерінің, теміржол стансалары­ның өткізу қабілеті шектеулі. Рұқсаттар да соған қарай беріледі.

Бұған басқа проблема жамалды. Ама­лын білген, қолынан келіп, қонышынан баса алған компаниялар шетелдік рұқсат­тарды тым көп көлемде, артығымен алады. Бірақ артынан пайдаланбай тастайды. Көбісі оларды соған мұқтаждарға сатумен айналысады екен. Сөйтіп, жасанды тап­шылық туғызылады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әлеуметтік желілер және мессенджерлер арқылы шетелдік рұқсат­тардың саудасы жолға қойылғанына назар аудартты. «Литва, Өзбекстан, Ресей, Грузия, Қырғызстан, Түркия, Әзербайжан, Украинаға дозволдар. Дмитрий», «Ресейге, Литваға, Әзербайжанға және т.б. рұқсаттар сатылымда. Салим», «Дозволдар түсті! Алмаз» сияқты хабарландырулар жетерлік.

Министрліктің Көлік комитеті бұл жар­намаларға тексеру жүргізіпті. Индус­трия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлік комитетінің бас сарапшысы Күнайым Камиева соның соңғысының жай-жапсарын айтып берді.

«Көлік комитеті алынған және қайта­рылған шетелдік рұқсаттарға талдау жүр­гізді. Қорытындысында, мысалы, рұқ­саттарды қайтармайтын немесе тым аз оралтатын 69 компанияны анықтады. Бұл ретте сол 69 компанияның бәрі бір тұлға атына тіркелген. Яғни, Алмаз Т. деген азамат бүкіл ел бойынша 69 компания ашып алған. Аталған компаниялар 2022 жылы 1 217 рұқсат алды, соның ішінде 55 рұқсатты ғана қайтарды. Компаниялар 11 өңірде ашылған: Түркістан, Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Ақтөбе, Алматы, Жетісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан об­лыстары мен Алматы және Шымкент қала­ларында. Сондай-ақ бірнеше ком­панияны бір мекенжай бойынша тіркеу фактілері әшкереленді. Мысалы, Шым­кентте 7 компанияның заңды мекенжайы бірдей» деген мәлімет келтірді сарапшы.

Оның дерегінше, жыл сайын дозволды сату үшін алатын біркүндік жалған ком­паниялардың саны өсіп барады. Мысалы, 2021 жылы 1 038 компания болса, 2022 жылы 2 359 компанияға дейін артты.

Олардың біразының тіркелген орны ретінде бірдей мекенжай көрсетілген және олары жалған болып шықты. Мұндай деректер Түркістан, Павлодар, Қостанай, Жетісу, Алматы, Жамбыл облыстарында анықталды.

Көлік комитеті рұқсат беру қағида­ларының талаптарын бұзушылықтарды талдау қорытындысында, барлығы 112 компанияның рұқсатын жойды.

Алайда жойылғаннан кейін бұл ком­па­ниялар қай­та ашылып, заңсыз әре­кеттерін жүзеге асыруды жалғас­тырады екен.


Адал кәсіпкерлер зардап шегуі мүмкін

Алыпсатарлыққа тыйым салу үшін Индустрия және ин­фра­­құрылымдық даму министрлігі «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекске өзгеріс­тер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасына бас­тамашы болды. Құжат алда Мәжіліске енгізіледі деп күтіліп отыр.

Ол бойынша егер отандық тасымал­даушылар өзі пайдаланбаған шетелдік рұқсаттарды уәкілетті органға қайтармаса, оны жоғалтып алса, сол сияқты шетелдік рұқсаттарды кері қайтару мерзімін бұза отырып, оралтса немесе оларды бүлдірсе, онда 100 АЕК айыппұл салады.

Заң жобасының бастапқы нұсқасында айыппұл мөлшері 1000 АЕК (3 450 000 теңге) көлемінде ұсынылған болатын. Мұны біле сала, көптеген салалық қауым­дастықтар мен кәсіпкерлер бұған үдере қарсы шықты.

Содан заң жобасының биылғы маусым айының соңында жарияланған жаңа нұсқасында министрлік айыппұл сомасын 10 есе азайтып, 100 АЕК (345 000 мың тең­геге) дейін төмендетті. Әйткенмен, бизнес бұған да басылмай тұр.

«Весттранслайн Казахстан» ЖШС басшысы Ирина Гетманцеваның ай­туынша, бұл норма заңға бағынатын, адал кәсіпкерлерге де залалын тигізеді.

«Біз бұған үзілді-кесілді қарсымыз. Мұндай жаза әлемде бірде бір елде жоқ. Көлік бизнесі – күрделі, жоғары тәуекелді бизнес. Шетелдік рұқсаттар халықаралық сапардың бүкіл бойында, үнемі көліктің салонында, жүргізушінің қоластында жатады. Бір тасымалға 5-6 бланкке дейін та­лап етілуі мүмкін. Сол себепті артық алуы­на тура келеді. Алайда пайдаланыл­ма­ған дозволдардың жолай жоғалу, ұрлану, бү­ліну қаупі жоғары. Өйткені көлік жол апа­тына ұшырауы, тоналуы мүмкін. Өзге мем­лекеттің құзырлы органдары тартып алуы ықтимал. Қасақана емес, асығыс кезде дұрыс толтырмаса, қате жіберсе, бланк бүлінген болып саналады», – деді Ирина Гетманцева.

Шетелдік рұқсаттарды кешіктіріп тапсыру да әдейі жасалмауы мүмкін. Оған шекаралардың жабылуы, кедендегі кепте­ліс­тер мен ұзынсонар кезектер, полицияның не басқа органның мән-жай анықталғанша автокөлікті уақытша ұстап қалуы сияқты объективті факторлар түрткі болып жатады екен.

Ендеше Үкімет жоқ жерде қылмысты іздемегені, кәсіпкерді жазалай бермегені жөн дейді бизнес.

Қазақстанның Автомобильмен та­сымал­даушылар және экспедиторлар одағының (САПЭК) басқарма төрағасы Әсел Садықова да бұл норманы енгізуге қарсы екенін жеткізді. Себебі отандық кәсіпкерді жазалаудың тағы бір тетігі пайда болғалы тұр.

«Бұл шара адал жүк тасымалдаушы­лардың қызметіне де кері әсер етеді және теріс салдарларға соқтырып, әлеуметтік кернеу туғызуы мүмкін. Бұған қоса, ше­телдік рұқсаттарды қайтармайтындарға, жоғалтатындарға, кешіктіріп не бүлдіріп қайтаратындарға басқа жаза қарастырыл­ған: олардың келесі бланкілерді алу коээф­фициенті төмендетіледі. Яғни, әлдеқайда аз бланк берілуі тиіс. Ал дозволды үшінші тұлғаларға табыстау үшін қосарлама жаза көзделеді: 20 АЕК айыппұл түрінде әкім­шілік жауапқа тартылады және 6 айға шетелдік рұқсаттарды алу құқығынан айырылады. Сондықтан әкімшілік жаза­ларды арттыруды басы артық нәрсе деп санаймыз», – деді одақ басшысы.

Сарапшының дерегінше, батыстық санкцияларды айналып өту үшін РФ пен Беларусь жүк тасушылары, көлік компа­ниялары өз автопарктерін Қазақстан аумағына көшіріп алды. Осы мақсатта олар елімізде көз қылып, жаңа автокәсіпорын­дарын тіркетіп алған. Солар арқылы одақтастардың бизнесі Қазақстаннан да үлкен көлемде шетелдік рұқсаттарды алып жатыр. Салдарынан, нағыз қазақстандық тасымалдаушылар ол рұқсаттан қағылуда.
Бұлай бара берсе, отандық тасымалдау­шылар банкрот болып, өз нарығынан айырылып қалуы мүмкін.
Қалай болғанда да, дауласушы жақтарға «билер», яғни Парламент төреші болмақ. Заңның қандай күйде және қандай та­лаптармен қабылданатынын солар шешеді. Тек депутаттар Үкіметке бұра тартпай, заң жобасын талқылауға тараптардың бәрін, соның ішінде отандық тасымалдаушы­лардың өкілдерін шақыруды ұмытып кетпесе болғаны.

Елдос Сенбай