Шара жастар мен халық арасындағы жұмыссыздықты азайтуға бағытталған.
«Жастарға жұмыс»: Қостанайда бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті
1,097
оқылды

Қостанайдың  орталық алаңында ұйымдастырылған «Жастарға жұмыс» партиялық жобасы аясында бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне әртүрлі саладан 30-ға жуық ұйым қатысты.

Онда  өндіріс орындары, халыққа қызмет көрсету, банк жүйесі, қосымша білім беру ұйымдары, ветеринарлық клиникалар, әскери бөлімдер мен  полиция қызметіндегі кәсіптерді таңдауға  жастар кең мүмкіндік алды. Жәрмеңкенің қазіргі  форматында  кеңес алуға толық жағдай бар екенін айтады  ұйымдастырушылар. Ұтымды тұсы, жастар мен халық арасындағы жұмыссыздықты азайтуға бағытталған.

«Орталық алаңда «Жастарға жұмыс» жобасы аясында «Жастар рухы» екінші рет бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастырып отыр. Шараға түрлі профильдегі ұйымдар қатысуда. Мәселен, «Баян сұлу», «Деп»,  Полиция департаменті, Мемлекеттік қызмет департаменті,  "Отбасы банк"  және агрокредиттік корпорация сияқты ұйымдардың белсенділігі жоғары. Жұмысқа орналастыру бойынша алғашқы ең үлкен жәрмеңке маусым айында өтті, оған 10-12-ден астам ұйым шақырылды. Нәтижесінде, 150-ге тарта адам қатысты,  олардың 40-қа жуығы әңгімелесуге жазылды. Бұл жобадан бөлек, «Жастар рухында» Қайсар әскери патриоттық жобасы, «Тазалайық – экологиялық жастарға кеңес» сияқты жобалар бар. Қала орталығы адамдар көп жүретін орындардың бірі болғандықтан, осында өткізуді жөн көрдік», – дейді «Жастар рухы» Жастар қанатының төрағасы Аружан Сәрсенбаева.

Қостанай облыстық филиалы  төрағасының орынбасары Жанар Күйшинова  мен облыстық мәслихат депутаты Серік Манасбаевтың қатысуымен өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне «АMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалының көшпелі қоғамдық қабылдау бөлмесі де қатысты.

Партияның қоғамдық қабылдау бөлмесіне 10-нан астам өтініш түскен. Партия арқылы өтініш тілектерін білдірген азаматтардың сұрағы да жұмыссыздыққа байланысты.

 «Отбасы банк» ҚҚ  үнемі жастар жәрмеңкесіне қатысып отырады. Мамандардың айтуынша, кадр тапшылығы мәселесі әлі шешілмей келе жатыр. Жәрмеңке жұмыс берушіге де, іздеушіге де тиімді.

Біз Жастар  қанатымен бірлесіп, көптеген іс-шараға қатысып жүрміз. Жәрмеңкеге жастар көп келетін болғасын, біздің банкке мамандар қажет екенін айту үшін келдік. Бүгінде  бізде бос орындар бар. Қаржылық консультанттардан бастап, басқа да мамандар қажет. Өткен жәрмеңкеден кейін бізге жұмысқа тұрған мамандар да бар. Сондықтан мұндай іс-шара өте қажет», дейді банк қызметкері Әмір Ескендіров. 

Жұмыс іздеуші Рина Қажығалиева 20 жаста. Қостанай өңірлік университетінің заң мамандығы  бойынша 3-курс студенті. Қазір құқық қорғау органында тәжірибесін шыңдап, болашақта осы салада қызмет еткісі келетінін айтты. 

 «Әскери қызметшілер мен құқық қорғау қызметкерлерімен сұхбаттастым. Университет қабырғасында әскери кафедрада оқып жүрмін. Бұл сала өзіме қатты ұнайды», деді ол.

Жәрмеңке нәтижесінде жұмыс берушілермен сұхбат кезеңіне 104 адам жазылды, 13 адам бірден жұмысқа қабылданды. 

Қостанай облысында кадр тапшылығы бар екені белгілі болды. Алдағы уақытта да «Жастарға жұмыс» жобасы жүзеге асырылмақ. Жұмыс берушілер тарапынан қызығушылық артуына байланысты тұрақты түрде өткізіп тұрмақ.