Жан-жақты тергеу жүргізу мақсатында Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінен комиссия құрылды.
Жезқазғандағы жылу электр стансасында апат болды
1,335
оқылды

«Қазақмыс Энерджи» ЖШС-не қарасты Жезқазған жылу электр орталығында апат болып, станция жұмысы тоқтап қалды.

Кеше, 13 шілде сағат 21:12-де қолайсыз ауа райы жағдайында Ақадыр-Жезқазған 500 кВ электр беру желісі ажыратылды.

Электр желісі параметрлерінің өзгеруі Жезқазған ЖЭО-ның №7 және 11 қазандықтарының шаң қоректендіргіш қозғалтқышындағы жиілік түрлендіргіштерінің ажыратылуынан олардың сөнуіне әкелді.

Будың болмауына байланысты №4, 7 турбиналар тоқтатылды, содан кейін генерация толық төмендеді.

Станцияның жұмыс режимін қалпына келтіру 22:20-да басталды.

Технологиялық ақау фактісі бойынша жан-жақты тергеу жүргізу мақсатында Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінен комиссия құрылды.

«Жезқазған ЖЭО-ның толық тоқтауы бірінші рет емес. 19 маусым сағат 12:45-те өзінің электр қажеттілігін жоғалту салдарынан станция генерациясы 129-дан 0 МВт-қа дейін төмендеген. Жоғарыда айтылғандардың негізінде Kazakhmys Energy ЖШС басшылығына Жезқазған ЖЭО-ның сенімді жұмысын қамтамасыз ету жөнінде пәрменді шаралар қабылдау тапсырылды», – деп хабарлады Энергетика министрлігі.

Kazakhmys Energy-дің қауіпсіз жұмыс мәселесі бойынша арнайы кеңес 17 шілде дүйсенбі күні министрлікте өткізіледі.