Диқан еңбегі адал.
Есіл еңбек еш кетті...
897
оқылды

 Ерте көктемнен жерге кетпен салып, қара күзге дейін егіннің басында жүреді. Осы аралық – шаруа үшін уайымға толы шақ. «Көктемнің әр күні – жылға азық» дегенді ұстанған ауылдағы ағайын нәпақасын жерден табатын болған соң қарызданса да жерге егін салып қалу үшін тырмысып бағады. Одан соң қара тердің өтеуі.

Бастапқыда егіннің бітік шығуына, бақшаның жақсы жеміс беруіне алаңдаса, кейін базар нарқына тағы елеңдейді. Осылайша, адал еңбектің тәтті нанын жегенше тыным таппайтын диқандар қауымы егін маусымының қалай өтіп кеткенін де білмейді. Былтырғы бау-бақша өнімдерінің нарықтағы сатылымына назар аударатын шаруа осы жылы сол өнімге ерекше көңіл бөлетіні тағы бар. Өкініштісі, көп жағдайда былтыр саудасы қызған өнімнің биылғы базары көңіл көншітпей жатады.

Түркістан облысының Жетісай ауданында­­ғы шаруалардың жағдайы дәл қазір осындай болып тұр. Олар алқаптағы пісіп тұрған қауын-қарбызын өткізе алмай, шығынға батып жатыр. Алушы таппаған диқандар амалсыз келісін 30-35 теңгеден саудалауда. Ал тіпті өткізе алмағандар үзілген қауынды малға тастауға мәжбүрміз деп ашынады. Пайда таппасақ та шығынды жапса екен дейді.

Қауын-қарбыз кәсібімен 20 жылдан бері айналысатын шаруа Абдулла Мейірбеков биыл бағаның түсіп кеткенін айтады. Қауынды жинап, оны басқа жаққа апарып сатар болса шығыны көп. Бір келі қауынның бағасы – 30-35 теңге.

«Бір қорап қауын 1 000 теңгенің көлемінде болып тұр. Оның ішінде 6-7 қауын бар. Жинайтын жұмысшыларға бір қорап қауын үшін 300-400 теңге береміз, трактор шығынына да бір қорапқа 300-400 теңге төленеді. Сонда өзімізге қалатыны 100-200 теңге көлемінде. Онда да қалса... Ал сол қалған 100-200 теңге ала жаздайғы еңбек, тұқым, селитра, техника, жұмысшылардың еңбекақысын жаба алмайды. Қазір қауындар алқапта шіріп жатыр. Кеше бір трактор қауын жинатып, оны сатпақ болып шығарғанбыз. Өтпей бір күн тұрды, сосын трактор иесі тіркемені босатып беруін сұраған соң, амал жоқ 15 мың теңгеге малға жем ретінде өткіздім. Оның 9000 теңгесін тракторға берсем, қалғанының үстіне қалтамнан 11 мың теңге қосып, қауын артқан жігіттерге 17 мың теңге төледім. Пайда көрмек түгілі шығынға батып жатқан соң алқаптағы қауынды тергізіп не істеймін. Енді алқапқа малды жібере саламыз деп отырмыз. Алқапта әлі 2 гектардай қауын жатыр», – дейді асықаталық шаруа ашынып.
Осылайша, биылғы егіс шаруалардың шығынын ақтамақ түгілі жартысын да жаппапты. Былтыр қорабы 3 000-4 000 теңге болған екен. Биыл 8 гектар жерге қауын-қарбыз тұқымын тастаған диқан енді қандай амал қарастырарын білмей дал.

«Жыл сайын қауын-қарбызды Ресей жаққа алып кететін фуралар кезекте тұратын. Биыл өте аз келіп жатыр. Ауылдағы барлық диқанның жанайқайы осы. Көбі несие алған. Жанымдағы Бақыт есімді жігіт 2 миллион теңге несие алып, бастаған жұмысының шатқаяқтап қалғанына налып отыр. Енді қалай төлеймін деп уайым шегеді. Бір ай бұрын дайын болған қауын-қарбыздың біразын ауыл-аймаққа «Газель» көлігімен тасып, саттық. Одан қалатын               пайда – жоқтың қасы. Басқа амал болмады. Әкімдіктен тырс еткен қозғалыс байқалмайды. Нарық осындай, басқа амал жоқ деп шығарып салады», – дейді тағы бір шаруа Абдулла Мейірбеков.

Диқандар бақша өнімдерін еліміздің өзге облыстары мен жергілікті жерлерге сату тиімсіз екенін айтады. Шығыны көп, сондықтан оны көбіне сырттан келетіндерге жіберетін. Бұл жолы Ресейдегі жағдай шаруаларға да салқынын тигізіп отырғанға ұқсайды. Енді біреулерінің ойынша, делдалдар әдейі істеп отыр. Рубльдің түсіп кеткені де шаруалардың шатқаяқтап тұруына бірден-бір себеп деп санайды.

Мамандардың айтуынша, биыл бақша дақылдары 4 мың гектарға артық егі­ліпті. Жетісай аудандық ауыл шаруа­шылығы бөлімінің мамандары аудан әкімшілігі тара­пынан басқа да облыстарға әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына хат жібергенін, онда дайын өнімнің саны көрсетіліп, сатып алушы іздеп жатқанын айтады.

Бұл жағдай Жетісай ауда­нында ғана емес, көршілес Мақтаарал ауда­ны диқандарының да жанай­қайы болып тұр. Мақтаарал ауданының кәсіп­керлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Әлімқұл Баязит биыл Мақтаарал ауданында 16 911 гектар жерге бақша дақылдары егілгенін айтады. Оның ішінде 5 699 гектар жерге пленкалы қауын, 10 666 гектар жерге ашық қауын және 380 гектар пленкалы қарбыз, 166 гектар жерге ашық қарбыз орналастырыпты.

Әкімдік қызметкерлері қазір аудан бойынша 151 171 тонна бақша өнімі жи­нал­ғанын, жалпы аймақта 54 қауын қабылдайтын бекет бар екенін айтты.

«Шаруаларымыз жиналған өнімдерінің 1 қорабын 1 300-1 400 теңгеден Қазақстан аумағына ТМД және Ресей мемлекеттеріне экспорттауда. Сонымен қатар шаруаларымызға өз өнімдерін делдалсыз сатуға Алматы облысы Сауда департаменті басшыларымен келіссөздер жүргіздік. Нәтижесінде, Алматы қаласында орналасқан «Алтын орда» базарында Мақтаарал ауданының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері үшін өз өнімдерін делдалсыз қала тұрғындарына сатуға арналған арнайы тегін орын белгіленді. Белгіленген орында шаруалар бақша, көкөніс өнімдерін сата алады. Бүгінде басқа да облыстардың Сауда департаменті басшыларымен бақша және көкөніс т.б. дақыл­дарды делдалсыз сатуға арналған арнайы орын­дар қарастыруға келіссөздер жүргізілуде», – дейді Әлімқұл Базарбайұлы.

Иә, әкімдіктен әрекет бар сияқты. Дегенмен ерте көктемде басталған егіннің көлемін білетін жауапты тұлғалар осынау жұмыстарды ертерек бағамдап, жүйелеп реттеп қойса, шаруалар да алаңдамас еді. Аты аталған екі аудан тұрғындары да оңтүстіктегі жерден нәпақасын тауып отырған өңір саналады. Біресе қауын-қарбызды өткізе алмау, біресе мақта құнының түсуі жыл сайын мақтааралдықтар мен жетісайлықтардың бас ауруына айналған. Шыны керек, соңғы жыл­дары Түркістан облысының ауыл шаруашылығы саласында мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Қаңтардағы қатты аязда шаруалар жылыжайларды жылытатын көмір таппай, қызанақтарын үсітіп алды. Ал жақында ғана Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды биыл өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі алғаш рет 1 триллион теңгеден асты деп мақтанышпен айтты. Бұл қалай болғаны? Сонда облыс басшысы жауапты мекеменің жа­зып берген санын оқып бере сал­ғаны ма?! Қалай болғанда да ауыл шаруа­шылығының драйвері саналатын Түркістан облысындағы бұл салаға серпіліс керек сияқты.
Түркістан облысы

Назгүл НАЗАРБЕК