Тұманды альбионда білім алып, абыроймен елге оралатын. Биыл да Ұлыбританияға аттанғандар арасында жастар көп. Бірақ олардың мақсаты – басқа. Бірінің басында берешек қарызы болса, енді бірі көлік алып, баспаналы болуды армандайды. Күнкөріс қамы үшін отанынан жырақта қырыққабат теріп, қарға қууға, құлпынай жинап, саңырауқұлақ тасуға мәжбүр. Біз Ұлыбританиядағы жастармен хабарласып, еңбек күшінің елден кетуінің себебін зерттеп көрдік.
Жақында әлеуметтік желіде Англияда қарға қуған қазақтың видео жазбасы тарап кетті. Сағатына 6 мың теңге, сонда бір күнде он екі сағат жұмыс істеп, 72 мың теңге алады екен. «Бәріне қайырлы таң, Англияда сағат таңғы бес жарым. Қолымда мынадай зат бар, бүгін – алғашқы жұмыс күнім. Менің жұмысым – мынау үлкен алаң, бірақ бұл жерде не өсетінін білмеймін. Тек осы жердегі қарғаларды қуамын. Сосын сөмкемде жарылғыштар да бар, соларды атып жүремін. 12 сағат жұмыс істеп, сағатына 6 мың теңге аламын. Сонда бір күнде 72 мың теңге табамын. Қарғаларды қуу – күлкілі, бірақ күшті жұмыс», – дейді ер адам.
Оқырмандар ер жігіттің еңбекқорлығына тәнті болып, Англияға барудың жолын сұрап жатты. Қазір Ұлыбританияға ауыл шаруашылығы саласындағы жұмысқа барушылар көбейген. Бұған дейін қазақ жастарының біразы Англияда құлпынай терумен айналысса, енді олар үлкен алқаптардағы қарғаларды үркіту жұмысына кіріскен. Желіде көптің назарына іліккен видеода қазақ жігіті дәл осындай тәжірибесімен бөліседі. Біз мақалаға кейіпкер іздеп отырып, телеграмдағы «Англиядағы жұмыс» чатына қосылдық. Чатқа шамамен 10 мыңдай адам жиналыпты. Жартысы тұманды альбионда жұмыс істеп жүрсе, жартысы сол жаққа баруды жоспарлағандар екен. Олар бұл жолды өздері таңдаған. Ешкім күштеген жоқ. Бәрі жарқын өмірге қол жеткізуді, ел қатарлы жағдайларын жасауды армандайды.
– Англияға келу үшін арнайы агро бағдарламаға тапсырдым. Келіп кету жолымды және керек-жарақтарымды өзім алдым. Шығыным шамамен 500 мың теңгедей болды. Мұнда жұмыс істеуге адамдар әртүрлі себептермен келеді. Фермаға, жұмыс маусымына байланысты жалақылар да әртүрлі. Кейде 12 сағат, ал кейде 6 сағат жұмыс істейміз. Қазақстанда 200 мың теңге айлық алатынмын. Жарты жылда қыруар қаржы таппаймыз. Шамамен 4 миллиондай таза пайда үйге апарамыз. Тек жұмыс істеп қоймай, арасында басқа елдерді де аралап үлгерудеміз. Қарға қуып, тек 1 апта жұмыс істеп жүрдік. Негізі, мұнда жұмыс ауыр. Қазір қоймаға ауыстым. Өнімді қораптарға салып отырамын. Жалқау адамдар жұмысқа шыдамайды. Қашып кетіп жатқандар да бар, – дейді Бекболат Садыр.
Жұмыс істеу үшін тіл білу маңызды емес
Жалпы, азаматтар Англияға заңды түрде Tier-5 Seasonal worker визасымен барып, бұған дейін де жұмыс істеп жүрген. Тек биыл Ұлыбританияның ТМД елдерінен еңбек иммигранттарын тартуға бөлген квота саны өскен. Себебі елдің Еуропалық Одақтан шығуына, пандемияға және Украинадағы ахуалға байланысты Шығыс Еуропадан британдық фермаларда жұмыс істейтін маусымдық жұмыскерлер саны едәуір азайған. Сондықтан 2022 жылы жергілікті үкімет басқа елдерден, соның ішінде ТМД елдерінен Ұлыбритания аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін еңбек иммигранттарын тартуға 38 мың квота бөлген. 2019 жылы – 2 500, 2020 жылы – 10 000 және 2021 жылы 30 000 квота бөлінген, сондай-ақ 2023 жылға еңбек иммигранттарын тартуға 45 мың квота белгіленіпті.
– Ұлыбританияға Tier-5 Seasonal worker визасымен бардым. Бұл виза уақытша 6 айға жұмысқа баруға беріледі. Жұмысқа Concordia, AG Recruitment деген компаниялармен бардым. Concordia Англияда 1943 жылдан бері жұмыс істейтін организация. Кезінде Англияның жастары фермаларда практикадан өткен болатын. Қазіргі заманда фермаға жұмыскерлерді шет елден алып жатыр. Визаға тапсыру үшін COS – спонсорлық нөмірі керек. Concordia спонсорлық нөмір береді, соның арқасында визаға тапсырған кезде банктегі есепшотта қанша ақша бар екенін тексермейді. Жұмысқа орналасу тегін, өйткені бұл мемлекет арқылы қаржыландырылған бағдарлама. Өз қалтамнан шығын тек билет пен визаға төлеуге ғана кетті, – дейді Әсел.
Seasonal Worker visa (Temporary Work) бағдарламасы өзге елдің азаматтарына көкөніс пен баубақша секторында, жалпы және бастапқы өндірістік жұмыс және бақылау жұмыстарын орындау үшін ұзақтығы 6 айға дейінгі мерзімге дейін баруға мүмкіндік береді. Жұмысшылар көбіне өсімдіктерді күту, жинау, жылыжайларды салу және жинап алу, суару, күтіп ұстау, өсімдік шаруашылығы, жұмыс берушінің аумағында дақылдарды буып-түю сынды жұмыстарды атқарады.
– Бұрыннан шетелге шығып жұмыс істеп көргім келетін. 2021 жылы осы бағдарламаны көріп ойланбай тапсырдым. Жұмысқа кіру үшін әңгімелесуден өту керек. Ауыр жұмысқа төзімділік, ешқандай ауру-сырқатыңыз болмауы қажет. 18 жастан бастап 48, кейбір агенттіктер 53 жасқа дейін алады.
Сіз Қазақстаннан кетпей тұрып қандай фермаға баратыныңызды оқып, келісімшартқа қол қоясыз. Сол фермадан басқа жерге істеуге болмайды, ферма жағдайы ұнамаса агентке айтып, басқа фермаға ауысуға өтініш толтыруға болады. Бірінші жылы Қазақстаннан 9 адам болып бардық, бізді аэропорттан трансфер, мини автобус күтіп алды. Фермаға дейін жеткізді.
Ағылшын тілін білсеңіз өзіңізге жақсы, өйткені трактор жүргізуге немесе супервайзер болуға болады. Ал былайша орыс тілін білсеңіз – жеткілікті, – дейді Англияға бірнеше жыл қатарынан жұмысқа барған Әсел.
Ол бірінші жылы барғанда 1 ай құлпынай теріпті. Сосын буып-түюмен айналысатын цехқа ауысады. Аптасына 180-300 мың теңге арасында табыс табады. Сонда 1 айда 700 мыңнан 1 миллионға дейін айлық алыпты.
– Мен ақшамды несиелерімді жабуға, ел-жер көруге жұмсадым. Депозитке де жақсы қаржы салдым. Бірақ ол әлі үй алуға жеткіліксіз. 6 ай виза біткен соң Англияда қалып қоятындар да бар. Бірақ маған заң бұзған ұнамайды. Мен 6 ай ішінде Қазақстанға қайтамын, сосын 6 ай өткен соң өзім істеген фермадан тағы да шақырту келеді, солай бұйырса үшінші жыл бара жатырмын. Осы жолы «сапа бақылаушысы» болып жұмыс істеймін. Бір кезеңде 10-12 адам жұмыс істейді. Супермаркетке кететін тапсырыстың сапасын тексеремін, құжаттарын толтырамын. Ағылшын, орыс тілін білгендіктен осылай көтерді, – дейді Әсел.
Тұманды альбионда тер төгіп жұмыс істеп жүргендердің бірі – Дулат Жанұзақов. Ол бастапқыда Англияға келу үшін бір агенттіктің қызметіне жүгінген. Олар көмек бергені үшін 220 мың теңге сұрайды.
– Бірақ мен 10 мың теңге ғана беріп, ары қарайғы жұмыстарының барлығын өзім істедім. Негізі, бұл бағдарламамен әр адам өз бетінше келе алады. Ешқандай қиындығы жоқ. Арнайы сайттарына кіріп, өтініш қалдырып, анкета толтырдым. Англияда жұмыс істеу туралы ой он бір ай бұрын, былтыр тамызда келді. Бір танысымнан осы бағдарлама жайлы естідім. Англияда жұмыс істеп жүрген достарымнан сұрастырдым. Өтініш жібергенде қай жерде тұратының, қандай жұмыс істейтінің бәрі белгілі болады. Ферманың қасында караван деген вагон сияқты кішігірім үйлер бар. Төрт адам тұрады. Ішінде барлық жағдайы жасалған. Бірақ біз караванда емес, үйде тұрып жатырмыз. Қазір қырыққабат өсіретін фермада жұмыс істеп жүрмін. Мұнда Брюссель қырыққабаты, түсті орамжапырақ, брокколи сияқты неше түрлі қырыққабат түрлері өседі. Соларды егіп, беттерін тормен жауып, кейін қайта ашамыз, өнім піскенде оларды жинаймыз. Айына орта есеппен 700 мың теңге табамыз, – дейді Дулат Жанұзақов.
Оның айтуынша, жұмыс істеу үшін тіл білу міндетті емес. Себебі ферманың жетекшілері орысша біледі.
– Біздің елде айына 700 мың теңге табатын жұмыс жоқ. Сондықтан да жастар шетелде жұмыс істеуді таңдайды. 18 жасқа толған кез келген азаматқа Англияға келіп көп табыс табуға болады. Елге барғаннан кейін ипотекаға үй алуға немесе көлік алуға болады. Біреулер үлкен өмірге бастапқы жарна жинау үшін келсе, енді біреулер ел көру үшін келеді. Мен басымдағы несиені жабу үшін Англияда жұмыс істеп жүрмін. Жұмысқа уақытша келетіндер де, осы жақта қалып қойып 2-3 жыл жүргендер де бар. Біздің фермада 80-90 адам бар. Соның 75 пайызы – қазақтар. Қазір жұмысшыларға сұраныс жоғары, – дейді Англияда жүрген отандасымыз.
Алаяқ агенттіктер қаптаған
Қазір Tier-5 жұмыс визасын беруге Ұлыбританияның кеңейтілген маусымдық жұмысшыларды жалдау схемасы бойынша жұмыс істеу үшін үкімет іріктеген төрт ірі рекрутингтік компания бар. Олар: Concordia, Pro Force Limited, Fruitful Jobs және AG Recruitment and Management Ltd. Бұл компаниялар барамын деушілерге тегін қызмет көрсетеді. Бірде-біреуіне ақша төлеудің қажеті жоқ. Алайда ақша жүрген жерде алаяқтардың да жүретіні – заңды құбылыс. «Англияға жетіп, миллион теңге табыс табамын» деп жүрген азаматтардың біразы осы алаяқтардың құрбаны болып та үлгеріпті.
– Жұмысқа бару үшін ешкімге 1 миллион теңге ақша төлеп керек еместігін айтқым келеді. Қазақстанда делдалдар мен алаяқтар қаптап кетті. Тегін сайттарға кіріп, әр адам өзі өтініш қалдыра алады. Ал делдалдар тура сол сайтқа өтініш тастап, ауадан 1 млн теңге тауып отыр. Сонда жұмысқа барған адам 1-1,5 ай тегін жұмыс істейді. Өзің тапсырып барсаң шығын 500-700 мың теңге ғана кетеді. Билетке, визаға 150 мың теңге, алғашқы уақытқа ұстағанға – 100 мың теңге. Оған қосып алаяқтар мен делдалдарға 1 млн төлеп жатқандар да бар. Тіпті, кейбірі не жұмысқа бара алмай, не ақшасын қайтара алмай жүр, – дейді Әсел.
Самал Мырзабай да агенттік-делдалдар көмегіне жүгінудің қажеті жоқ екенін айтты. Ол бұл бағдарлама жайлы 2020 жылы алғаш рет біліпті.
– Алдын ала келісімшарт бойынша фермада құлпынай теріп жүрмін. Айлығы – әркелкі. Егістік болғанына қарай. Орташа 500-800 мың теңге арасында. Орыс тілін білу міндетті. Ағылшын тілін білсеңіз де көмектеседі. Қарға қуып жүрген жігітке келсек, 6 ай бойы қарға қуумен айналыспайды. Ол жігіт бір оңай жұмысты түсіріп қалған. Негізі, жұмыс өте қиын және психологиялық, физикалық табандылықты талап етеді. Біріншіден жастар лайықты табыс тапқысы келеді, екіншіден ел-жер көргісі келеді. Қазір Ұлыбританияда фермаларда тек жастар емес, 40-50-дегі аға-апаларымыз да жеткілікті. Агенттіктерге алданып қалғандар өте көп. 700 мыңдап ақшасын қайтара алмай жүргендер бар. Мемлекет тарапынан, ІІМ тарапынан агенттіктерге қарсы бақылаушы керек деп ойлаймын, – дейді Самал Мырзабай.
Айта кету керек, Англияда жұмыс істеп ұзақ уақытқа қалып, заңды бұзатындар да, фермадағы жұмыстың қиындығына төзбей, егіс алқабынан қашып кететіндер де бар екен. Олар осы арқылы Қазақстанның имиджіне кір келтіреді. Себебі қазақстандықтар фермадан қашып кеткені үшін кейбір ресми рекрутменттер Қазақстаннан жұмысшы алудан бас тартыпты.
Эмиграцияға итермелейтін фактор – жалақының аздығы
Жалпы, жұмыс күшінің шетелге кету мәселесі бұрыннан бар құбылыс. Еңбек миграциясы – мемлекеттің инвестициялық ахуалына, халықаралық аренадағы рейтингіне кері әсерін тигізетін нәрсе. Мемлекеттен жұмыс күші неғұрлым көбірек сыртқа ағылса немесе білікті кадрлар басқа мемлекетке барып жұмыс істейтін болса, ол мемлекеттің ішкі жұмыс күштерін қамтамасыз етуге мүмкіндігі жоқ дегенді білдіреді. Әрине, Өзбекстан мен Қырғызстанға қарағанда біздің жағдайымыз әлдеқайда жақсы, бірақ кейінгі уақытта Оңтүстік Кореяға, Түркияға, Ұлыбританияға кетіп жатқан жұмыс күшінің көбеюі біздің мемлекет үшін қуанарлық тенденция емес. Мемлекет ішкі еңбек ресурстарын өзінде қалдырып, өз экономикасына жұмсауға мүмкіндігі болса, онда, ол жақсы көрсеткіш болып есептеледі. Әлеуметтанушылардың пікірінше, бұл мемлекеттік деңгейде қаралуы керек мәселе.
– Өкінішке қарай, қазір Қазақстаннан көпшілік жастар мүмкіндік тауып шетелге уақытша қоныс аударып, жұмыс істеп жүр. Бұл еліміздегі жалақы мөлшерінің төмен екенін көрсетеді. Инфляцияға байланысты жалақы мөлшерін қанша өсірсе де, мемлекет тарапынан жасалып жатқан шаралар да эффектісінің төмен екенін көрсетті. Қазір қарапайым халық табысының 60 пайызын азық-түлік алғанға жұмсайды. Қалған 40 пайызын жүріп-тұрғанға, балаларының оқуына жаратады. Сол кезде халықтың ақша жинауға, ары қарай бір мүлік сатып алуға жағдайы жетпейді. Сондықтан да жастар жаппай шетелге жұмысқа кетіп жатыр, – дейді әлеуметтанушы Шыңғыс Төрез.
Оның айтуынша, тек осы мүмкіндікті байқап, пайдаланғандар ғана Англияда жұмыс істеп жүр. Біреуі барып келеді, сөйтіп екіншісіне айтады. Ал Оңтүстік Кореяға барып жұмыс істейтін арнайы виза бізде қарастырылмаған. Сонда да жастар Оңтүстік Кореяға барып, ұсталғанша жұмыс істеп келеді. Жинаған ақшаларына көлік, үй алады.
– Жастардың шетелге кетуіне инфляция әсер етіп отыр. Соның салдарынан азаматтардың шығындары екі есе артты. Табыс табу үшін шетелге қара жұмыс істеуге барады. Бұл қуантарлық жағдай емес. Бизнес тарапынан, үкімет тарапынан ұсынылып жатқан жұмыстың өтемақысы өте төмен. Еңбек нарығында ұсынылып отырған жұмыс көп. Бірақ жалақысы аз. Сол жалақыны арттыру үшін жастар шетелге кетіп жатыр. Бұл – негізгі әсер етуші фактор. Жастардың шетелге жұмысқа кетуіне басқа факторлар да әсер етуі мүмкін. Бірақ бізге негізгісімен жұмыс істеу керек, – дейді әлеуметтанушы.
Мұны Англияда жұмыс істеп жүрген Әсел де растады. Ол ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болса да, Қазақстанда жұмыс істегісі келмейді.
– Қазақстанда еңбек ресурсы бағаланбайды, жастар тек қана Англия емес Оңтүстік Корея, Еуропаға да кетіп жатыр. Былай айтқанда, жұмыс күшінен айырылып жатырмыз. Англияда таңертең жұмыс басталып, кешке біткенде сағатты қарайды, айлық алғанда минут, секундына дейін есептеп береді. Қазіргі курспен алғанда сағатына 6 000 теңге төлейді. Қазақстанда бір ауысым 12-14 сағат жұмыс істеп, күніне 10 мың теңге аласың. Жұмысқа ерте кел дейді, кеш қайтарады. Сол кездегі артық істеген минуттарды ешкім есептемейді. 6 ай келісімшартпен жұмыс істеп бітірген соң, елге қайтарда маған айлықтан бөлек 1100 фунт стерлинг демалыс төлемі түсті. Ол – 620 мың теңге. Қазақстанда ешқашан демалыс үшін төлем алып көрмеппін, – дейді Әсел.
Ұлыбританияның Ішкі істер министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2022 жылдың қаңтар-маусым аралығында Қазақстанның 1 655 азаматы маусымдық жұмысшы ретінде тартылған. Қазір бұл көрсеткіш артпаса, кеміген жоқ. Жұмысшыларға аптасына кемінде 30 сағат жұмыс істеуге болады және сағатына 10,1 фунт стерлинг төленеді. Бұл 2023 жылғы 15 шілдесіндегі Ұлттық банктің бағамы бойынша 5 835 теңге.
Айтпақшы, біз Сыртқы істер министрлігіне хабарласып, Англиядағы қарға қуып жүрген қазақтарға қатысты пікір сұрадық. Бірақ министрлік өкілі бұл видеоның Англияда түсірілгеніне күмәнмен қарады.
– Тура осылай біздің елде немесе басқа елде видео жазып шығаруға мүмкіншілік бар. Адамның түрі көрсетілмеген, – деді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.
Бір кезде ұлы даланы дүрліктіріп, қыран ұстаған қазақтар қазір Ұлыбританияның алқабында қарға қуып жүр. Еріккеннен емес, күйбең тірліктен баз кешкендіктен. Жақсы жалақы тауып, жарқын өмірге ұмтылғысы келеді.
Қарға қуса да, қаражат тапқан қазаққа кінә арта аламыз ба?!.
Көктем Қарқын