Журналист Михаил Козачков Түркістан облысында бес жасар қызды өлтірді деген күдікпен ұсталған азаматты алдыңғы қылмыстары үшін түрмеге отырғызбаған судьяларды атады.
Сарыағаштағы бес жасар қыздың өлімі: Қылмыскерді түрмеден босатқан судьялар кімдер?
1,124
оқылды

"5 жасар қызды өлтірді деген күдіктіні судья Шетенов отырғызбаған. Ал мемлекеттік айыптаушы Баймағамбетов оған наразылық енгізбеген. Бірақ олар пробация бойынша офицерді жазалапты. Сарыағаш аудандық сотының тағы бір судьясы –  Айгүл Малаева. Судья Малаеваның алдына кісі өлтіргені үшін жазасын өтеген, кейін басқа адамды балтамен ұрып өлтірмек болған азамат келеді. Зорлық-зомбылыққа байланысты екі қылмыс жасағаны,  күдіктінің өзін-өзі басқара алмайтыны, алкоголь ішетіні және қоғам үшін қауіпті екені анық болғанына қарамастан судья Малаева оны түрмеге жабудың қажеті жоқ, үкімін үйде күтсін деген шешім шығарады. Мұның бәрі сотқа дейін барлығы түрмеде отыруы керек елде орын алып тұр. Бірақ кісі өлтіруші үшін ерекше жағдай жасалған", – деп жазады Козачков өзінің Telegram арнасында.

Бұрын күдікті мас күйінде ауылдастарын балтамен өлтірмек болған. Іс ҚР ҚК 106-бабы бойынша жүргізілді (денеге ауыр жарақат салу). Осыдан кейін сот ер адамды тергеу кезінде тұтқындайды. 

"Осылайша судья Малаева процеске қатысушыларды тыңдап, күдіктіні түрмеге отырғызбау туралы шешім қабылдады. Үйде қамауға алу жеткілікті деп есептеді. Кейін оған нақты мерзім беріп бас бостандығынан айырудың орнына тек бас бостандығын шектеу жазасы берілді. Бұл шешімді аудандық сот төрағасы Нұрқазы Шетенов қабылдайды. Сөйтіп қауіпті қылмыскер бостандықта қалды. Нәтижесін білеміз – 5 жасар қыз көз жұмды", – деп жазады Козачков.

Еске сала кетейік, бұған дейін Сарыағаш ауданында 5 жасар қызды бұрын сотталған ер адам өлтіргені туралы ақпарат жазған болатынбыз. 

Журналист Михаил Козачков өзінің Telegram арнасында қызды өлтірді деген күдіктіні ұстау кезінде ауыл тұрғындары оны полицейлерден алып қалуға әрекеттенгенін айтты. Журналист жариялаған кадрларда олардың полиция көліктерінің соңынан жүгіргенін көруге болады. Мұны әлеуметтік желілердегі басқа кадрлар да растайды.

Кейін Түркістан облысының полицейлері Сарыағаш ауданы, Жібек жолы ауылында жағдай тұрақты деп хабарлады. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.