Шымкент қаласында жас­өс­пірімдер арасындағы қылмыс өр­шіген. Бозбала мен бойжеткен­дер арасында болатын бұзықтықтың көбі бірін-бірі ұрып-соғу және ұрлық болып тұр.
Тәрбие түзелмей, қылмыс азаймайды
918
оқылды

Бұл туралы жақында Шымкент қаласы әкімдігінің жа­нындағы кәмелетке толмағандар­дың істері және олардың құқық­тарын қорғау жөніндегі комиссия мәжілісінде айтылды. 

Жыл басынан бергі 6 айда кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар саны былтырғы осы уақытпен салыс­тырғанда 48 пайызға өсіп, яғни 39-дан 58 оқиғаға артқан.

Шымкент қаласының Полиция де­пар­таменті басшылығы кәмелетке толма­ғандар қылмысының Қаратау ауданында тұрақталып, Абай ауданында 1-ге төмен­дегенімен, есесіне әл-Фараби ауданын­да – 53,8, Еңбекші ауданында 33,3 пайыз­ға көбейіп кеткенін тілге тиек етті. Ал жаңадан құрылған Тұран ауданында алты айдың өзінде 11 қылмыс болған. 

Қылмысқа барғандардың 9-ы – көрші­лес өңірлердің тұрғындары. Олар үшінші мегаполиске келіп қылмыс жа­саған. Олардың 8-і Түркістан облысынан келсе, біреуі – Алматы облысының тұрғыны. 

Иә, өзімізді осылай алдаусырат­қа­нымен, жасөспірімдер арасындағы қылмысқа бейімділік пен үйірліктің артып бара жатқанын жасыра алмаймыз. Сорақысы сол, мектеп оқушыларының қылмысқа қатысуы екі есеге көбейген. Мәселен, былтыр дәл осы кезеңде 8 оқу­шы қылмыс жасаса, биыл оның саны 16-ға өсіп отыр. Олардың қатарында №28 мектептің 8-сынып оқушылары А.Н. және Т.С. екеуі топтасып, екі мәрте біреудің мүлкін ұрлаған. Одан бөлек, Шымкент қаласындағы №63, №31, №44 және №31 мектептің оқушы­лары бірігіп, былтыр желтоқсан айында ұрлық жа­саған. Жыл басынан бері дәл осындай жағдайлармен №19 және №69 мектептің оқушылары екі мәрте біреудің мүлкіне қол салған. 

Мұның барлығы мектеп қабырғасында болса, шымкенттік колледждерде де осындай келеңсіз оқиғалар тіркеліп жатыр. Естеріңізде болса, былтыр кол­ледж студенті жатақханада өз-өзіне қол жұмсап, қоғамда үлкен пікірталас тудыр­ған. Өзін-өзін өлтіруге не итермелегені әлі күнге дейін анықталған жоқ. 

Жалпы, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың басым бөлігі ұрлық екені байқалады. Шымкент қала­сындағы аграрлық колледждің оқушы­лары С.К. және С.Қ. екеуі былтырғы желтоқсан, яғни бір айдың өзінде жеті рет тонау қылмысын жасаған. Дәл сол сияқты №3 колледждің 2-курс оқушысы қаңтар айында тұрғындардың мүлкіне екі мәрте шабуыл жасаған. Ұрлыққа үйір жастардың арасында политехникалық колледждің, жол-көлік колледжінің және «Болашақ» колледжінің оқушылары бірігіп топ болып, ұйымдасып қылмысқа барған. 

Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Жаннетта Жазықбайқызы бұл қылмыстар білім беру ұйымдары мен аудандық полиция басқармалары арасындағы қызметтік қарым-қатынас пен ақпар ал­масудың жоқтығынан болғанын айтады. Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл осынау қылмыстың 65 пайызын оқымай­тын және жұмыс істемейтін жасөспірімдер жасағанын ескере отырып, мектеп бітір­геннен кейін бос жүрген жас­өспірімдерді жұмыспен қамту шараларын жандандыру қажеттігін айтады. Бұған оқымайтын және жұмыс істемейтін жасөспірімдердің қылмысқа қатысуы 15 пайызға өскені дәлел бола алады. 

Басқосуда Шымкент қаласы Полиция департаменті тарапынан құқықбұзу­шылықтың алдын алу бойынша шаралар қолға алынып, осы бағытта арнайы рейдтер ұйымдастырылып тұратыны, ба­лалардың ата-аналарына да департа­мент мамандары тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отыратыны айтылды. Қабылданған іс-шаралар нәтижесінде, құқықбұзушылыққа бейім 245 жасөспірім және бала тәрбиесіне немқұрайды қарайтын 146 қолайсыз отбасы ішкі істер органының есебіне қойылған. Ал 4 жасөспірім сот шешімі­мен Тараз қаласындағы арнаулы мектеп­ке жіберілген. 

Сонымен қатар кәмелетке толма­ғандар тәрбиесіне байланысты 3 749 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Өкінішке қарай, 28 жасөспірім қоғамдық орында мас халде ұсталып, оларға ӘҚБтК-нің 440-бабы қолданылған. Әкім­шілік шара қолданылған жасөс­пірімдердің көбі – түнгі уақытта заңды өкілінсіз ойын-сауық орындарында, көшеде жүріп ұсталғандар. Полицейлер кәмелетке толмаған жастарға жүргізілген алдын алу шараларына қарамастан, жыл басынан бергі 6 айда Шымкент қаласында кәмелетке толмағандарға қатысты жа­салған қылмыстар 26 пайызға, яғни 57-ден 72-ге өскенін айтып, дабыл қағуда. 

Кәмелетке толмағандарға қатысты болған зорлау фактілері 4-тен 2-ге төмендегенімен, сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері екі есе, яғни 3-тен 6-ға көбейген. Ал 16 жасқа толмаған жасөспіріммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау деректері 14 пайызға артқан. Зорлау сипатындағы қылмыстар әл-Фараби ауданында 1-ден 9-ға өсіп отыр. 

Кәмелетке толмағандарға қатысты болған зорлау сипатындағы 16 қылмысқа тоқталатын болсақ, бұл жерде 14 адам 14 жасөпірімге қатысты қылмыс жасаған. Сорақысы да, өкініштісі де, 12 қылмысты балалардың өз таныстары жасаса, 1-уіне өгей әкесі, тағы 1-еуіне өзінің туған әкесі озбырлық танытқан.

Елімізде, оның өзінде де қазақы қаймағы бұзылмаған оңтүстікте осындай жаға ұсататар жайттың жиі қылаң беріп жүргені өзекті өртейді. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асыловтың төрағалығымен өткен жиында осыған орай, тәрбиенің ұйытқысы ата-ана мен мектеп екенін ескере отырып, білім беру ұйымдарында психолог, социолог және сынып жетекшілердің жұмысын жандандыру қажет екені ескерілді. Енді жаңа оқу жылы бастала салысымен бірлескен жұмыстар қатаң бақылауға алынбақ. 

Жаннетта Жазықбайқызы өңірде жасөспірімдер арасындағы қылмыстық жағдайды азайтудың жолы ата-аналардың балаларға дұрыс бағытта тәрбие беруі екенін айтады. Уәкіл жасөспірімдердің қылмысқа баруы әртүрлі себептерден туындайтынын, бірі абайсызда, бірі қасақана, біреулері пайда табу мақсатында жасағанын тілге тиек етті. 

Шыны керек, жасөспірімдер қыл­мысы жыл сайын өзектілігін жойған емес. Соған қарамастан қылмыстың алдын алу шаралары бір сарында. Бүгінде жастардың ой-өрісі күн сайын дамып жатыр. Сондықтан бұзықтыққа бейім жастардың қылмысқа бармауы үшін алдын алу шараларының да формасын өзгерту керек сияқты. 

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы