«AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов бастаған рес­пуб­ли­калық сайлауалды штаб мүшелері биыл 1 наурызда Солтүстік Қа­зақстан об­лысына сапары барысында Мағжан Жұмабаев ау­данындағы Сарытомар ауы­лында зиялы қауым өкілдерімен кез­десуінде Ресей архивтерінен Алаш ар­дақтыларына қатысты мә­ліметтерді алуды ұйымдастыру туралы өтініш айтыл­ған болатын.
Тың деректер табылды
1,022
оқылды

Пар­тия басшылығы бұл аманатты аяқсыз қалдырмады. Жуырда көр­шілес елден ұлы Мағжанның өмірі мен шығармашылығына қа­тыс­ты деректердің көшірмесін Қазақстанға әкелуге қол жеткізілді. 

Республикалық сайлауалды штаб мүшелері Мағжан еліне табан ті­реп тұрып, ұлы ақынның туған ауы­лына бармау жөн болмас деп, Сары­то­марда зиялы қауым өкілдерімен емен-жар­қын әңгімелескен болатын. Сол кез­десу барысында өңірдің игі жақсы­лары партия төрағасына бірқатар базы­на­сын айтқан-тын. Соның ішінде көр­шілес Ресейдің Омбы және Мәскеу қа­ла­­сындағы архивтерінен атақты жер­ле­сі­мізге қатысты құжаттарды Петропавл қа­ласына әкелу туралы өтінішті зиялы қауым өкілдерінің атынан Солтүстік Қа­зақстан облыстық мемлекеттік ар­хи­ві­нің директоры Сәуле Мәлікова жет­кіз­ген еді. 

«Мағжан ғұмырнамасының іздері жа­қында Ресейдің Мәскеу қаласындағы әлеуметтік-саяси тарих архивінде де бар екені анықталды. Айталық, отты ақын 1917 жылдың наурызынан қарашасына дейін Ақмола облыстық қазақ комитеті ағарту бөлімінің меңгерушісі болған. 1922-1923 жылдары Ташкентте қазақ оқу-ағарту институтының лекторы-оқы­тушысы, Түркістан Республикасы мем­ле­кеттік ғылыми Кеңесі құрған Қазақ­стан­ды зерттеу қоғамы төрағасының орын­­басары болған. Қоғам төрағасы Ха­­лел Досмұхаммедов, мүшелері: Мұх­тар Әуезов, Мұхаметжан Тынышпаев, Алек­­сандр Есполов болғанын анық­та­дық. Сонымен қатар Шығыс Еңбек­ші­ле­­­рі Коммунистік университетіне штат­тан тыс лектор болып жұмыс істеге­нін дәлелдейтін құжаттар бар. Қылмыстық ісі, жеке ісі де сонда сақталған. Қазандағы университет архивінде шығармалары бар», – дейді Сәуле Зейноллақызы. 

Құнды құжаттарды Қазақстанға ал­дырту үшін Мәдениет және спорт ми­нистрлігі тарапынан Ресей Федера­ция­сының мемлекеттік архивіне сұрау жол­дануы тиіс. Бүгінде тиісті өтініш жа­сау туралы хат министрліктің қа­рауын­да.

Мағжанның қайраткерлік қыры

Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің жоспарлы ғылыми-зерт­теу жұмысы аясында, мекеме дирек­торы Сәуле Мәлікованың тікелей мұ­рын­­дық болуымен Мәскеудің және Ом­­бының тарихи архивінен табылған Мағ­­­жан Жұмабаевтың өмірі мен шығар­ма­­шылығына қатысты құжаттардың кө­шірмелері Петропавлға жеткізілді. Со­ның ішінде ұлт ақынының Мәс­кеу­дегі қызметі, Әлихан Бөкей­хан­мен бір­ле­сіп атқарған жұмыстары және ау­дар­малары жөнінде тың деректер бар. 

Сондай-ақ жуырда Алаштың ардақты тұл­­ғасының 130 жылдық мерейтойына жә­не саяси қуғын-сүргін құрбандарын ес­­ке алу күніне орай М.Қозыбаев атын­да­­ғы Солтүстік Қазақстан универси­те­тін­­­де өткізілген ғылыми-тәжірибелік кон­­­ференцияда ел Президентінің және Сол­түстік Қазақстан облыстық мемле­кеттік архиві «Қызылжар өңірінің Алаш қай­раткерлері» атты жылжымалы фото­құжаттық көрмесі ұйымдастырды. Осы көрмеде Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сә­дуақасов, Жұмағали Тілеулин, Қошке Кемеңгеровтің өмірі мен шығар­ма­шы­лығына қатысты бірегей құжаттар алғаш рет көпшілік назарына ұсынылды. Тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Ая­ған жариялаған материалдардан Мағ­жан­ның қайраткерлік қасиеті таныла тү­седі.

Әсіресе, аштық жылдарында өз ба­сын бәйгеге тіге отырып, халқына шама-шар­қынша көмек көрсетуге тырысқаны тарихи құжаттар арқылы дәлелденген. 1922 жылы құрылған аштықтың зардап­та­рын жою жөніндегі төтенше комиссия төра­ғасының орынбасары болып Мағ­жан Жұмабаев тағайындалған. Бірақ ко­миссияның жұмысына негізінен Мағ­жан Бекенұлы басшылық жасағаны оның жазған құжаттары мен хаттарынан бел­гілі болды. Құжаттарда Мағжан өзін тө­тенше комиссияның төрағасы деп көр­сетіп, қол қойған. Ол Помгол (по­мощь голодающим) комиссиясының құра­мына ұлты қазақ адамдарды енгізуге ық­пал еткен. 

Облыстық архив директоры, та­рих ғылымдарының канди­даты Сәуле Мәлікова келтірген деректерге сәй­кес, 1922 жылы 5 мамырда Қызыл­жар­да аштыққа қарсы күрес жөніндегі тө­тенше комиссияның мәжілісі болды. «Мә­жілісте Көкшетау, Атбасар, Петро­па­вл уездерінде орналасқан қазақ ауыл­дарының қиын жағдайы тұңғыш рет баса көр­сетілді. Қабылданған қаулыда Пом­гол комиссиясының құрамына қазақ­тар­дан адам кіргізу туралы Мағжан Жұма­бай­дың ұсынысы қабылданып, ол аш­тық­қа қарсы күрес комиссиясының тө­ра­ғаның орынбасары болып бекітілді. Бұл жұмысқа Мағжан Ерденов, Бегішев, Бай­ғазин, Төкібаевті ұсынады. 1921 жы­лы наурызда Ақмола губерниясында 1 мил­лион 21 мың адамның 472 мыңы аш­тық­қа ұшыраған», – дейді Сәуле Мәлікова. 

Сондай-ақ ғалымының айтуынша, Мағжан бірнеше адамды губко­мының өкілдері ретінде іссапарға мал мен астық жинауға жіберіп, мандат­тарына қол қояды. Сонымен қатар Алаш қай­раткері сол жылдары Сарыайғыр, Кел­тесор, Тайынша, Жамантұз, Тораңғұл болыстарына аштыққа ұшырағандарға көмек көрсетуге адамдар жібере отырып, нақты тапсырмалар берген. Жергілікті ор­гандардың аштыққа ұшырағандардың тізімін, жедел түрде ақпарат беру, азық-түлік қорын есепке алып, аштарға дұрыс бө­лінуіне, жиналған көмекті Помголдың рұқ­сатымен тарату қажеттігіне баса на­зар аударған. 

24 мамырда мухтасиб Абдухаликовқа мұсылман халқынан көмек жинап, оның 25 пайызын Помгол қорына, 75 пайызын Қызылжардың аштарына тарату туралы құжатқа қол қойған. 

1922 жылғы 9 маусым күні Помгол тө­рағасының орынбасары Мағжан Жұ­мабаев губерниялық әскери комиссар При­морскийге қазақтың 100 жетім бала­сын және мүмкін болғанша орыс бала­ла­рын қамқорлыққа алуды сұрап, хат жолдайды. Ол елдің басқа қалаларынан ашық­қан халыққа астық, мал, алтын-кү­міс сияқты заттар да жинатқан. Күніне бір мезгіл ыстық тамақ беретін асхана да ұйым­дастырады. Оған куә болатын құ­жаттар баршылық. 

1922 жылғы 11 маусым күні Мағжан «Мир труда» газетінде мақала жазып, қа­­зақ даласындағы аштықтың тұтас ұлт­қа қатер төндіріп отырғанын көр­се­тіп, ащы шындықты жайып тастайды. Сол жылдары Мағжан ақын қазақ халқының мүшкіл жағдайына биліктің назарын аударуға барынша тырысып баққан. Басылым беттерінен де үнемі үндеу жол­дап, аш-жалаңаш халыққа көмек көр­сетуді өтінеді. Қолдан жасалған нәу­бет­тен зардап шеккен халыққа тікелей кө­мек көрсетуге бағытталған жұмыстың бел ортасында білек сыбанып өзі жүрді. Сол жылдарда оның жазған хаттары мен ма­қалалары, өзге де құжаттар – қазақтың аяулы ұлының отансүйгіштігі мен ұлтқа адалдығының дәлелі.

Кеңес үкіметіне Мағжанның бұл белсенділігі ұнай қоймағаны айдан анық. Қызылкөздер бастапқыда ақын­ның шығармаларына тыйым салу­дан бастап, біртіндеп Қызылжарын тас­тап, бас сауғалауға мәжбүр етті. 

Қазақтың ұлы ақынының өмірі мен шығармашылығын зерттеу бағытындағы жұ­мыстар әлі де болса терең талдауды, жан-жақты ізденуді қажет етеді. Мағ­жан­ның помголда жұмыс істеген кезеңін ар­найы зерттеп, қол қойған құжаттарын жи­нақ ретінде басып шығару туралы ұсы­ныс та айтылуда. Бұл шаруалар – ал­дағы уақыттың еншісінде. 

Роза ШӘКЕН,

Солтүстік Қазақстан облысы