Қашаған мұнай-газ кен орнын игерудің өзекті мәселелері талқыланды.
Қашаған кен орнын дамыту мәселелері талқыланды
927
оқылды

Қашағанды дамытуда Үкімет кен игерушілермен сындарлы диалогке дайын. Премьер-министр Әлихан Смайылов пен NCOC компаниясының басшылығы Қашағанның даму жобаларын жүзеге асыру барысын талқылады.

Премьер-министр Әлихан Смайылов пен North Caspian Operating Company N.V. басқарушы директоры Оливье Лазар, сондай-ақ Солтүстік Каспий жобасына қатысушы компаниялардың басшылары Қашаған мұнай-газ кен орнын игерудің өзекті мәселелерін талқылады.

Кеңеске қатысушылар Қазақстанның экологиялық заңнамасының нормаларын сақтау, өндірістің тұрақтылығын қамтамасыз ету, Қашаған кен орнының болашақ кеңейту жобаларын іске асыру және өндіріс деңгейін ұлғайту жөніндегі шаралар, сондай-ақ жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру, атап айтқанда, газ өңдеу зауыттарын салу мәселелерін талқылады.

Премьер-министр консорциум компаниялары Қазақстанда жұмыс істеген жылдары көптеген экономикалық және әлеуметтік мәселені шешуге қатысып, тиімді серіктестер ретінде танылғанын атап өтті.

«Үкімет Қашаған кен орнының тұрақты жұмысына және одан әрі игерілуіне ерекше назар аударады. Бұл – стратегиялық актив, сондықтан Қашаған кен орнының болашақ даму жобаларын уақытылы іске асыру біз үшін маңызды», – деді Әлихан Смайылов.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлесіп жұмыс істеу және көзделген жоспарларға қол жеткізу аясында сындарлы диалогке дайын екендерін растады.