Баланың уақытын ұрлап жүрміз
Баланың уақытын ұрлап жүрміз
650
оқылды
Қазір балалар бәріне үлгеруге тырысады. Мұны Оқу­шы­лар сарайына барғанымда байқадым. Қасымда кезек күтіп отырған 6-сынып оқушысы күн тәртібімен бөлісті. Қайран қалдым. Ол бір аптаның ішінде сабақ оқып, 4 үйірмеге қатысып, қарындасын жүзуге апарып үл­гереді. Бірден «ойнауға уақытың бар ма?» деп сұра­дым. Жауа­бын естігенде «бала уақытын ұрлап жүрміз бе?» деген сұрақ ойға оралды. Бағдаулет таңғы 7-де тұрып, сағат 9-дағы еркін күреске үлгеруге тырысады. Еркін күрестен шық­қа­н соң домбыра үйірмесіне қаты­сады. Cодан кейін «Артем» базары ма­ңында орналасқан үйіне барып, түскі асын ішер-ішпестен мектепке асығады. Одан қалса, «Абай әлемі» үйірмесі күтіп тұр. Сенбі-жексенбі күні де бос емес. Домбыраны арқалап сарайға келіп, шыныққан соң 17:30-ға дейін қарындасын күтеді. Сол бос уақытында «Жы­раулар поэзиясын» жаттайды. Нау­рыз айында жарысқа қатысуы мүмкін екен. Достарымен ойнауға анда-санда уақыт табады. Бірақ өзіне осындай кесте ұнайды екен. Қатысып жүрген үйірмелеріне қарап, өз еркімен әлде ата-ананың «ұсынысымен» таңдау жасағанын сұрадым. Домбыра үйірмесіне қа­тысқанын анасы қалапты. Күреске барамын деп сарайға келгенінде еркін күресте орын болғасын топ­қа қосылыпты. Қазір екеуіне де дән риза. Күй шертіп, түрлі әдіс-тәсіл меңгергенін мақтаныш кө­реді. Әзірге күрестен жүлде түспепті. Бұдан бөлек, тіркеу бөлімінде анасына сурет салуға емес, кера­ми­ка үйірмесіне барғысы келетінін айтып жыларман болған қызды кездестірдім. Ал анасы болса, екін­ші қызын қай үйірмеге жазатынын жоспарлап, өзіне қажетін түртіп алды. «Ата-ананың таңдау жасағаны дұрыс па?» деп директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мақпал Кәрібекқызынан сұра­ғанымда, тіл үйрену курсына кел­генде ғана ата-ана баласын мәж­бүрлейтінін айтты. Ал былайынша оқушы өз еркімен жазылады. Со­ны­мен қоса мектеп бағдарла­ма­сына қатысты курсқа ата-ана ықпал етеді екен. Оның айтуынша, қазір баланы бірдеңеге мәжбүрлеу оңай емес. Бәрібір ол дегенін істеуге ты­ры­сады, күш салады. Кеңес уақы­тын­дағыдай ата-ана «мұғалім не дәрігер боласың» деп кесіп айтпайды.  

БАЛАҒА ТАҢДАУ ҚҰҚЫН БЕРГЕН ДҰРЫС ПА?

Иә, бұл жайында психолог Ра­уан Нұрғалиқызы да баланың ішкі дүниесін тану маңызды екенін алға тартты. «Біріншіден, балаға таңдау берген дұрыс. Кейде бала­ның өзін­дік инициативасы жоқ болуы мүм­кін. Мұндай жағдайда оны кез кел­­ген дүниеге қызықтыра білуі ке­рек. Баланың әлі өмірге көзқа­ра­сы, түсінігі, пайымы қа­лыптас­па­ған­дықтан, оны дамыту – ата-ана­ның парызы. Дамыту дегеніміз не? Алдымен жан-жақты таныс­тыру керек. Әлі қуыршақ театрына ба­рып көрмеген бала театрға қы­зы­ғушылығы бар екенін білмеуі мүм­кін. Сондықтан әуелі баланың қа­бі­летін байқау қажет. Ол нені сүйе­ді, жақсы көреді, қызығады, бай­қа­ған жөн. Не нәрсені көрсет­кенде көзі жайнап кетеді, жан са­райы ашы­­лады? Мәселен, ол әуен ырға­ғы­на ілесе билеуді ұна­татын шығар. Не­месе күні бойы ән шыр­қауды дағ­­дыға айналдырған болар?» дейді ол. Расымен де, баланың ішкі қалауымен санасқан жөн. Бірақ оның келешегіне жол ашу – ата-ананың жұмысы. Бағыт беру арқылы ішкі талантты оятуға болады-мыс. Батыс психологтары көбінесе баланы 2 бағытта үйірмеге беруді ұсынады. Біріншіден, мін­детті түрде спортпен шұғылдануы тиіс. Өйткені жасынан спортты серік еткен бала жерде қалмайды. Екіншіден, өзін қызықтыратын дүниені меңгерту. Мәселен, ол ро­бототехника болуы мүмкін әлде сурет өнері. Маңыздысы – бала­ның бос уақытын тиімді пайда­лануы. Сонда ол болашақта «бос жүргендердің» қатарын толық­тырмайды.  

ӘДЕТ ПЕН ТӘРТІП

2016 жылы Ким Кардашян қызы Норттың күн тәртібін әлеу­меттік желіде жариялады. Қара­саңыз, ол таңғы 6:30-да оянып, кеші 20:00-де ұйқыға жатады. Сон­дағысы бір күнде ата-анасы­мен тілдесуге 1 сағатын, демалуға 45 минутын арнайды. Уақытының көп бөлігін тіл үйренуге, кітап оқу­ға, спортпен айналысуға, дизайнер курсы мен актерлік шеберлік саға­тына жұмсайды. Әрине, қуыршақ­пен ойнауға уақыты бар. Бірақ сіз бен біз ойнағандай емес. Ол осыған бөлінген 30 минут ішінде ойын­шығына дизайнерлік киім ойлап табуы керек. Компьютерлік білімге де айрықша назар аударады. Сән блогын қалай жүргізетінін үйре­те­ді. Бір сөзбен айтқанда, Кимнің қы­зы болашақта «жерде қалмайды». Нәтижесін уақыт көрсетті. Қазір Норт ағылшын тілінен бө­лек, французша жақсы сөйлейді. Анасы сияқты әдемі киініп, ән шырқайды. Ол 2018 жылы модель ретінде подиумда бағын сынады. Әкесімен баскетбол матчынан, түрлі жарыстан қалмайды. Айт­пақшы, біз әңгімеге арқау еткен Норт Уэст – 6 жаста. Баланың әр күнін жоспарлап, келешегіне бал ашқан қаншалықты тиімді? Психолог Рауан Нұрға­ли­қызының сөзінше, кей жағдайда бала икемі келіп тұрған нәрсені емес, басқа дүниені таңдауы мүм­кін екен. Мұндай жасырын талант­ты аша білу керек. Яғни, ата-ана­ның баласы үшін ненің жақсы еке­нін білуі, соны шыңдау жолын­да күш салуы – қалыпты әрекет. Бірақ өзі бұрын қол жеткізе алма­ған жетіс­тікті баладан күту – дұрыс емес. Алайда баланы қалыпты графикке үйретудің де пайдасы бар. Журналист әрі блогер Алена Водонаева осы тақырыпта жиі блог жазады. Оның ойынша, мектеп оқушысының бос уақыты жоқ болғаны жөн. Сонда ол талапты, ұқыпты әрі жеңімпаз болып өседі. Мәселен, ұлы Богдан таңертең мек­тепке, түстен кейін репе­титор­ден ағылшын мен математиканы оқып, каллиграфияны меңгереді. Күреске қатысып, суда жүзумен шұғылданады. Сондай-ақ режис­сер­лік курс пен архитектура және сызу өнеріне барады. Журналистің пікірінше, ұлы аталғандарды мең­гере отырып, өзінің өмірлік мис­сиясын айқындайды-мыс. Мұндай мысал көп. Мәселен, Андрейдің күнтәртібі анасы По­лина Гагаринаныкінен кем емес. Оқу, өнер мен спортты қатар алып жүрген баланың кейде анасымен ой бөлісуге уақыты жоқ екен. Шетелді былай қойғанда, елімізде де «мұрнына су жетпей жүрген» балалар бар. Бала дамуына жұмсалған қаржы мен уақыт нәтижесі араға жыл са­лып білінеді. Осындай темір тәртіп­тің күшімен әлемді мойын­датып отырғандар бар. Мәселен, кезінде Элизабет Тұрсынбаеваны ата-ана­сы мәнерлеп сырғанауға берме­генде, қазір ол төрт сальхов секірер ме еді? Тынымсыз да­йындық пен өзін-өзі қадағалаудың арқасында Роналдуға әлем тамса­нады. Же­ңіске жеткендердің өмі­ріне үңілсе­ңіз, тәртіп пен еңбектің тандемін байқайсыз. Яғни, 1 пайыз талант, қалғаны еңбек деген – ақиқат. Тек формулаға тәртіп пен әдетті енгіз­генде нәтиже айқын көрінеді.    width=Айзат АЙДАРҚЫЗЫ