Айнала толған қауіп-қатер қо­ғамда ата-ананың да көңілі алаң. Заң үстемдігі бала құқығын аяққа таптағандарға әлсіз болған тұста баламызды қорғаудың бар амалын қарастырып, қауіпсіздігін хал-қарекетімізше бақылаудан басқа шарамыз да қалмаған секілді.
Қорғаным болшы, қорқамын...
3,965
оқылды

Жақында Орталық Азия психоанализ институтының директоры, психоаналитик Анна Құдиярованың «Үнсіз педофилия» кітабын оқып шықтық. Ондағы педофилия құрбандарының тағдыры бірінен бірі өтеді. Балалық шақтың бал дәмін татып көрмеген, көктей солған тағдырластардың айтқан әңгімелері өне бойыңды қарып, өз баласына қиянат қылған құбыжық әке, жалған намыс үшін жиіркенішті істі жасырған жақын жандардың іс-әрекетін мүмкін еместей елестетуге тырысасың. Бірақ бұл – біз өмір сүріп отырған бүгінгі қоғамның ащы шындығы. 

Кітаптағы алғашқы кейіпкердің әң­гімесі естіген жанды есеңгіретіп жібереді. Сырттай тәрбиелі, өнегелі отбасындағы қыз баланың аянышты тағдыры естіген жанның денесін тітіркендіреді. Оның өміріне балта шапқан өзге емес, өз туған әкесі. 

«Әкеміз бүкіл ауылға сыйлы адам бол­ды. Беделді қызметкер, сырт көзге сабыр­лы, ақылды адам. Оны бәрі құрметтейтін. Адамдар одан жиі келіп ақыл-кеңес сұрайтын, өтініш айтатын. Көбі оған риза болатын. Себебі әкеміз көп адамға ақылын айтып, қаржылай да көмек беретін еді. Анам үй шаруасындағы әйел болды. Анамды да бәрі жақсы көретін. Ол қонақты қарсы алып, шығарып салудан шарша­майтын. Сырттан келген адамға ешқашан қабақ шытпайтын. Үйге келген қонақтар отбасымыздағы жағдайға тамсанып, мақтап кететін. Ал әжемізді бәрі ауылдың анасындай құрметтейтін. Үйге келген қонақтар бізді көріп «Не деген тәртіпті балалар! Осындай жақсы тәрбие берген сіздер – мықты ата-анасыздар!» деп әке-шешемізді мақтайтын. Міне, біз осылай сырттай өте тамаша, мәдениетті отбасы болып көрінетінбіз. Бірақ өзге адамның бәрі отбасымыздың сыртқы көрінісін ғана көретін. Ал ішкі көрінісі мүлде басқаша еді. Әкеміз өзгелерге мейірімді болғанымен, үйде өте қатыгез болды. Өзгелерге ақылды бо­лып көрінгенмен, өз үйінде ақылға сый­майтын істер жасайтын», – деп бас­талады кейіпкердің әңгімесі. Шын мәнінде сырт көзге шаттық пен бақытқа толы шаңырақта күн сайын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен отбасы мүшелерінің сүреңсіз өмірі өтіп жататын. Құлдыраңдап жүгірген құлыншақтай қызына кішкентай күнінен қорлық көр­сеткен құбыжық әкені жалған намысты бірінші орынға қойған әжесі де, қамшыға әбден еті үйренген анасы да тосқауыл бола алмаған. 

Ал сегіз ағайынды баланың ішіндегі ең әлсіз, аурушаң тағы бір кейіпкер қызды сегіз жас үлкен өз туған ағасы екі жыл бойы зорлап келген. Қаршадайынан қорлық көрген бүлдіршін өзін «ермек еткен» аға­сымен бір шаңырақ астында «тату-тәт­ті» өмір сүруге тура келген. Маманның сө­зін­ше, бұл да ата-ананың жауапкершілікті иы­­ғынан алып тастағанының, ұл-қыздың тәрбиесіне жете көңіл бөлмегенінің кесірі. 

«Ұл мен қызды бөлек жатқызбаған. Олар өсіп келе жатқанда ашық сөйлеспеген. Ер баланың бойына ағалық қасиетті дарытпаған. Қыз балаға қарындас бола білу керек екенін түсіндірмеген. Олардың ара­сындағы шекараны белгілемеген. Жыныс­тық тәрбие бермеген. Біз жыныстық тәрбие деген сөзден қашамыз, қорқамыз. Ал шын мәнінде бұл – өте қажет әрі түсіндірілуі керек нәрсе. Міне, сол нәрсені ата-ана дер кезінде айтпағандықтан осын­дай жағдайлар болып жатыр. Әке өсіп келе жатқан ұлмен, шеше қызбен сөйлесетін болса, мұндай жағдай бәлкім, азаяр ма еді, мүмкін, тіпті болмас па еді?! Әйел мен еркек бір-бірімен арпалысып, ырылдасып жүреді. Ал мына жақта туған бауырлар бір-біріне қиянат жасап жатыр», – дейді Анна Құдиярова. 

Оның айтуынша, алдына келген жәбір­ленушілердің көбіне жыныстық зорлық-зомбылық отбасы мүшелері тарапынан жасалады. Сол себепті ол «отбасындағы үнсіз педофилия» деген терминді енгізгенін айтады. «Үнсіз» болатын себебі де сол, үй­дегі озбырлықты жалған ұят арқылы бүрке­мелеп, педофилия жабулы қазан күйінде қалып, жалпыға жария болмайды. Әсіресе, бұл «ұят» дегенді алдыға қоятын қазақ қо­ғамында теріске шығарылып, моральдық тұрғыда қатаң айыпталатынын айтады.

Жақын туыс жаттан бетер

Психоаналитиктің талдауына сүйенсек, жыныстық зорлық-зомбылықтың құрбаны қыз да, ер бала да болуы мүмкін. Салыстырмалы түрде көбіне қыз балалар көп зардап шегеді екен. Балаларға жыныстық зорлық-зомбылық көрсетушілердің көбі – ер адамдар. Сирек болғанымен әйел зорлықшылар да кездеседі. Ал жыныстық зорлыққа көбіне құрбандардың жақын туысы не таныстары барады. Шамамен 30%-ы баланың туыстары, оның ішінде әкесі, атасы, ағалары, немере ағалары, нағашылары болса, 60%-да отбасының достары, күтушілер немесе көршілер, қалған 10%-ын бейтаныс адамдар жасайды. Мәселен, бірінші оқиғадағы «әке» әйелі мен балаларына көрсеткен қорлығы және моральдық тұрғыдан азғындық болып саналатын инцестке жол бергені үшін жазасын алуға тиіс еді. Сырт көзге сабырлы, ақылды, бүкіл ауылға сыйлы, белді қызметкер, атымтай жомарт адам үйде өте қатыгез, ақылға сыймайтын әрекеттер жасайтын айуан, туған қызына жыныстық зорлық көрсеткен қылмыскер. Тіпті іс-әрекетіндегі қарама-қайшылықты түрлі ойлармен ақтап алуға, түсіндіруге тырысады. Мысалы, бұл кісі өзін ақтап алу үшін «бұл менің туған қызым емес» дегенді ойдан шығарып алды. Осылай деген маман педофилдің өзі бала шағында жыныстық, физикалық, эмоциялық зорлық-зомбылықтың құрбаны болуы мүмкін екенін айтады. «Бала кезінде жыныстық зорлық құрбаны болған адам – инфантильді сексуалдықтан ересек күйге ауыса алмауы себепті балалармен жыныстық қатынасқа түскен кезде ғана ләззат алады», –  дейді Анна Мергенбайқызы эмоциялық махаббатпен қатар жыныстық махаббат туралы түсінікке қол жеткізу мүмкін болмай, іштегі ауыр сезімдері сақталған капсула ісініп, ересек болып, қолына билік келген соң жарылады. Яғни жыныстық тәрбиені санасына сіңіре алмаған ол әке болған соң қызына ауыстырады, өзінің бала кезде өткере алмаған сезімдерін қайтадан сол кішкентай қызбен жүзеге асыруды көздейді. Демек, маман осындай оқиға болып жатқан отбасының көбі ұятты болып қалудан қорқып, іштей тынып жүре береді. Қазақ қоғамы да мұндай оқиға туралы оқыса, «Қазақта бұрын мұндай болмаған» деп шындықтың бетіне тура қарай алмайды. Әлгі қыздардың тағдырының талқандалуына себеп болған осы. Мәселен, сырды ішке бүккен әже – сырты бүтін, іші түтін қоғамның көрінісі. Жалған намыстың құрбаны ғана.

Қаталдықтың соңы қылмыспен аяқталады

35 жастағы Бақыт есімді ер баланы кішкентай күнінде ата сақалы аузына келген көрші ата зорлаған. Ал одан бұрын жалғыз ұлын ерлі-зайыптылар өздерінің орталарына алып жатады екен. Бұл 8 жасқа келгенше ата-анасының түндегі тірлігіне куә болып, баланы ерте жастан жыныстық азғыруға себеп болады. Оның үстіне баласымен ісі жоқ ішкілікке салынған әке мен үлкенге өзіне сенгендей сенім артқан анасы көрші педофилге балаларын өздері жетектетіп жіберген. Ата-анасының жыныстық қатынасынан ләззат алатын кейіпкер бейсаналы түрде жыныстық қатынас іздеуі мүмкін екен. Көрші ата алғашқы түн зорлық қылғанда бала саналы түрде қорыққанымен, гормондық деңгейде, бейсаналы түрде жыныстық фиксация қалуы ықтимал. Сондықтан Бақыт есімді кейіпкер көрші атаның зорлығы кезінде ләззат та алып, жыныстық фиксацияға ұшырап тұр. Кейін он жыл бойы көрші атаның үйіне өзі де сұранып баруы осыны дәлелдейді.

Үшінші кейіпкер Маржан әкесінің шектен тыс қаталдығынан зардап шегеді. Бұл баланың өзге ер адамдардан әкелік жылулық күтуі, өз үйіндегі кәмпит арман болып жүргенін көрші еркек пайдалануы осыны айғақтайды. Кейін зорлық қылған әкесінің досына да үнсіз артынан еріп кетуіне әкенің шектен тыс қаталдығы себеп болып отыр. Төртінші оқиғада әкенің ұлын таяқпен тәрбиелеуі болашақ педофилді өсірген. Өйткені әйел, ер, үлкен, кіші барлығына жыныстық зорлық жасаған. Бұл бейберекет жыныстық қатынас, шексіз зорлықтың түбі өз әкесінен көрген физикалық зорлығы басталып тұр. Өйткені әкесі ұлын жатын бөлмеге апарып, байлап, шынжырмен ұруы БДСМ элементтеріне ұқсас, шынайы жыныстық қатынас, зорлық болуы да мүмкін. Өзіне қатысты әке тарапынан ауыр жазалау қолданғанда анасының, ағасының, басқа да отбасы мүшелерінің ара түспеуі, тоқтатпауы әділдік, құндылық туралы түсініктерді өзгерткен.

Міне осындай баланың ата-анасынан қорқып айтпауынан бөлек, отбасы мүшелері біле тұра құқық қорғау органдарына жүгінбейтін жағдайларды маман «үнсіз отбасылық педофилия» деп санайды. Яғни, ата-анасы баласына жыныстық зорлық жасалатынын біле тұра, саналы және бейсаналы түрде сезе тұра үнсіз рұқсат беруі.

Ішкиім ережесін білу керек

Анна Құдиярова «үнсіз педофилияны» болдырмау үшін бүгінгі ата-ана балаға жыныстық сауаттылық туралы айтып, ішкиім ережесін түсіндіру керегін айтады. Балаға көшеде немесе әлеуметтік желіде бейтаныс адаммен таныспаудан бастап, арақашықтықты сақтау, бөгде адамға жоламау, таныс адаммен де бейберекет сөйлеспеу, өзге адаммен бірге подъезге, лифтке кірмеу керек екенін жиі айту керек екенін жеткізді. Ең дұрысы, баланы көшеге жалғыз жібермеген жөн. Яғни, бала өзі танитын және танымайтын адамдардың, әсіресе денеге қатысты қай жеріне қол тигізуге рұқсат ететінін, қай жеріне қол тигізуге рұқсат етпейтінін біліп өсуі керек. Бұл туралы балаға ерте жасынан бастап сурет салу немесе ойын түрінде түсіндіріп, сырлас адам ретінде тәрбиелеу маңызды. 

Әлеуметтік желілер де бала үшін қауіпті болуы мүмкін. «Виртуалды зорлық-зом­былық» жағдайында физикалық байла­ныстар болмауы мүмкін, бірақ құқық бұзу­шымен қарым-қатынас баланың психика­сына зиян келтіреді. Сол үшін ата-ана баласының интернетте кіммен араласа­тыны туралы хабардар болуы керек. Қа­рым-қатынастың мазмұнын білу маңыз­ды. Маман балаға өзі тұратын мекенжайы, те­лефон нөмірі, оқитын мектебі және бас­қа да жеке басына қатысты ақпараттарды әлеуметтік желілерге жазуға болмайтынын, желіге қандай фото-видеоларды жария­лауға болатынын бірге талқылауға кеңес береді. 

«Кішкентай бала педофилдің кім екенін түсінбейді. Мұны балаға егжей-тегжейлі түсіндірудің қажеті жоқ. Ата-аналардың көбі баласын отырғызып қойып «Ешқашан, еш уақытта бөтен адамның соңынан еріп кетуші болма!» деп ақыл айтады. Өкінішке қарай, бала мұндай ақылды ұқпайды. «Ешқашан, ешкімнің, бөтен адамның» деген сөздерді айтқан кезде балаңызға «ешкім», «бөтен адам» дегеннің кім екенін нақты айтуыңыз керек. Мысалы, көрші Айгүл апайдың үйіне жалғыз баруға болмайтынын, көрші ауылдағы Берік ағаның артынан еріп кете беруге болмайтынын нақты айтқан дұрыс. Есік ашуға, сенім артуға болатын жақын жандардың кім екенін де нақты айтқан жөн», – дейді психоаналитик. 

Ата-ана бойындағы қорқынышты балаға дарытпау қажет. Тіпті, педофил туралы түсіндірген кезде «Балаларды құ­шақ­тағанды жақсы көретін адамдар бола­ды екен. Сен менің тәтті балапа­нымсың, сондықтан сен үшін алаңдаймын. Бетіңді кім көрінгенге иіскетпе» деген сөздермен жұмсартып түсіндіруге кеңес қылады. Себебі қылмыскер – сырт көзге қарапайым адам. Балаға осыны да түсіндіру керек. Кішкентай бала қылмыскер деген қара көзілдірік таққан, қара киім киіп алған, қолында пышағы немесе тапаншасы бар қатігез адам деп ойлайды. Сондықтан қылмыскер қарапайым киінген ер, әйел немесе жасөспірім де болуы мүмкін екенін түсіндірген жөн. Олардың балаларды тәтті беріп, сүйікті ойыншығын беретінін айтып алдайтынын анық айтқан абзал.

Жау жар астында болса ше?

Балаға жақын адамдардың да оның денесіне қол тигізуіне болмайтынын және ешкім оны «жаман баласың», «ұятсыз баласың» деп мазақтауға болмайтын түсіндірген дұрыс. Туысқанымен ара­сын­дағы «құпия» етіп айтқан кез келген дү­ниені айтып отыруын құлақтандыру қажет. Баланың мінез-құлқын қадағалап, қорлық көргенін аңғарған кезде ашуға бой алдыр­май сөйлесу маңызды. Оның өзін кінәлі сезінуіне жол беріп, көп сұрақтың астына алу, жағдайды естіген кезде көз жасқа ерік беру баланың жүрегін ауыртып, өз дертін өзіне алып қалуға әкеледі. Бар болғаны кез келген қиыншылықта қамқор ата-ана болып, қылмыскердің жазасыз қалмайты­нын айтып түсіндіру.

«Балаларды басқа адамдармен, жақын туыс болса да қалдырмау, кішкентай кезінде жыныс мүшелерін анасынан басқа ешкім жуындырмау, анасының «менен басқа ешкім ұстамауы керек» деп түсіндіруі, жуындырар кезінде өзінің де рұқсат сұ­рауы, жыныс мүшелерің тек өзінікі еке­нін ұғындыру қажет. Сыртқа шыққан сайын қауіпсіздікті әрдайым құлағына құйып, баламен арадағы сенім көпірін орнатуға дер кезінде көңіл бөлу маңызды», – дейді Анна Мергенбайқызы.

 Алайда ішкиім ережесі де педофилден 100 пайыз қорғануға мүмкіндік бермейді екен.

 «Өкінішке қарай, заң әлсіз елде педо­филдер кез келген балаға қауіп төндіретін болып тұр. Сондықтан қазіргі қоғамда бір баланың соңында бір ересек адамды міндеттеп, жауапкершілігін сол адамға жүктеп қою керек дегенді айтады. «Біздің кезі­мізде ата-ана бейқам болды. Даңғара­дай үйге баланы күзетші етіп қалдырып кететін. Ал бүгінгідей қауіп-қатер толған қоғамда баланы балаға қарату қорқы­нышты. Жасына сай емес жауапкершілік беруі орны толмас өкінішке алып келіп жатыр. Ал үйдегі педофилияны баланың денесінен байқамау мүмкін емес. Денесін былай қойғанда, бала мінезінің өзгеруін бірден білуге болады. Ересек адам іші алай-дүлей болып жүрсе де сыртқа сыр білдірмеуі мүмкін. Бірақ балаларда бұл бірден бай­қалады. Өкінішке қарай, отбасындағы кикілжің көп ата-ананың иегінің астын­дағыны көрмеуге себеп болып жатыр. Менің тәжірибемде бір қыз аяғы ауыр болып қалған. Жігіті «өзіңе, балаңа бір нәрсе істеймін» деп қысым көрсетіп келген. Қызының жүктіліктің 7 айлығында жүргенін білмеген. Демек, ата-анасының өздері ауыр психологиялық жағдайды бастан өткеріп жүрген. Сондықтан бала­ның мінез-құлқын, жүріс-тұрысына талдау жасауда ерлі-зайыптылардың бір толқында болуы маңызды», – дейді психолог Сая Бақимова.

Одан бөлек, баланың кішкентай кезіндегі қателігіне қаталдықпен емес, түсіністікпен тәрбиелеуге көңіл бөлген абзал. Маман бұл баланың есейгенде де кез келген нәрсені үлкендерге қорықпай айтуға септігін тигізетінін айтады.

Техниканың мүмкіндігін пайдаланып, бейнебақылау орнатып, түрлі қосымша­ларды жүктеп, ұл-қызымызды қауіптен қорғап баққымыз келеді-ақ. Бірақ... Иә, бірақ көзіміздің қарашығы – балалары­мызды сыртқы қауіп-қатерден қорғап жүріп, көпшілігіміз туғанымызды өз қолы­мызбен педофилдердің қолына өзіміз тап­сырып бере салғанымызды байқамайды да екенбіз. Сөйте тұра өзіміздің іс-әре­кетімізді ақтап алып, құрбандыққа айнал­ған баланың ба­сындағы қайғысын, жүрек­тегі мұңы мен жанарындағы мөлдіреген жасты да байқауға көңіл де, кейде уақыт та бөлуге шамамыз келмей жатады. Мұны қазіргінің қауырт тірлігімен түсіндіріп, тағы да өзімізді ақтап әлекке түсетін шы­ғар­мыз. Алайда балалардың болашағына балта шауып, өмірін өксікке толтырғаны­мыз­ды былай қойғанда, үйдегі үнсіз пе­дофи­лияның салдарын көрген бүгінгі бала ертеңгі педофил болмасына кепілдік жоқ екенін түсінер уақыт әлдеқашан жеткен жоқ па екен?!

Жадыра МҮСІЛІМ