Өзбекстан Республикасында тіркелген Lada Largus автокөлігінің жүргізушісі полиция ескертуін елемеген.
Атырау облысында полицейден ескерту алған жүргізуші 2 сағаттан соң апатқа ұшырады
3,322
оқылды

Атырау облысында полицейден ескерту алған жүргізуші 2 сағаттан соң апатқа ұшырады.

Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Өзбекстан Республикасында тіркелген Lada Largus автокөлігінің жүргізушісі полиция ескертуін елемеген.

«Атыраулық полицейлер облыс және аудан орталықтарынан шыға беріс тасжолдарда көлік жүргізушілеріне жол қауіпсіздігін назардан шығармау қажеттігін айтып, түсіндіру жұмыстарын қолға алды. Алайда полиция қызметкерлерінің ескертуін елемейтін жүргізушілер бар. Мәселен, кеше, 20 шілде күні сағат 14:35 шамасында Өзбекстан Республикасында тіркелген Lada Largus автокөлігі Индербор кентінің тұсында тоқтатылды. Көлік жүргізушісіне жылдамдықты асырмау, жүк тиелгендіктен басып озу қағидаларын қатаң сақтау қажеттігі ескертілген. Аталған автокөлік жүргізушісі 2 сағаттан соң, 16:40 шамасында Орал-Атырау тасжолында аударылып, жол апатына ұшырады», – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Көлікте жүргізушімен бірге 6 жолаушы болған. Олардың ешқайсысы жарақат алмаған.

«Жүргізушілерге жолда жүру қауіпсіздігін қатаң сақтау қажеттігін ескертеміз. Әсіресе, көлік жылдамдығын шамадан тыс асырмау, басып озу қағидаларын қатаң сақтау керек», – деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.