«Қазақ эстрадасының примадоннасы» атанып кеткен алтын дауыс иесі, Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваның сахнада жүргеніне елу жыл толды. Әрбір кешін асыға күткен көрерменді әнші жақында жағымды жаңалығымен қуантты. Атаулы мерейтойға орай өнер иесі ақпан айының 7 жұлдызында Республика сарайында есеп беру кешін өткізбек.
Роза Рымбаева, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты: Елу жыл халқыммен бірге өмір сүріп келемін
252
оқылды

Таяуда біз халқын әуезді әнімен тербеген Роза Қуанышқызын мерейтойымен құттықтап, шаңырағына арнайы бардық. Бір қызығы, осы жолғы сұхбат форматы да әдеттегіден өзгеше өтті. Оған себеп, әнші тығыз кестесіне қарамастан, сұхбат аялдамасын өзгертуге тура келсе де, жол үстінде де әңгімесін жалғастыра берді. Осылайша, әсем Алматының көшелерін аралап жүріп, Роза Қуанышқызымен әсерлі әңгіме өрбіттік. 

– Роза Қуанышқызы, бүгінде жар­ты ғасырдан астам өміріңіз өнер­мен өрілген, абырой биігінде өзін­дік әдемі қалпын сақтаған жан­сыз. Елу жыл – бүтін бір ғұ­мыр. Жарты ғасырды артқа тас­таған өнер жолыңызға қарап қа­зір нендей баға берер едіңіз?

– Ең алғаш сонау 1975 жы­лы Алматы қаласында өткен Ұлы Жеңістің 30 жылдығына ар­налған республикалық бай­қау­дың жеңімпазы атанғаным есім­де. Менің өнер жолым дәл осы байқаудан басталды. Сол уа­қытта қазылар алқасының тө­рағасы марқұм Шәмші Қал­даяқов ағамыз болған. Ал был­тыр біз елімізде Ұлы Жеңістің 80 жылдығын тойлаппыз. Де­мек, менің сахнадағы 50 жыл­дық мерейтойым сол кезеңмен тұс­та-тұс келді. Биыл, міне, өнер жолымның 51-ші жылына аяқ басып отырмын. Алайда түрлі себепке байланысты айту­лы датаны былтыр атап өту мүм­кін болмады. Сондықтан осы жылдың ақпан айында 50 жыл­дық мерейтойыма арналған есеп беру кешін өткіземіз деп шеш­тік.  Кешкі сағат 19.00-де өте­тін концертіміздің билеттері са­­тылып кеткендіктен, ха­лық­тың сұранысы бойынша сағат 15.00-ге екінші концертімізді жос­­парладық. Елу жыл сахнада жүр­­ген өнер иесі ретінде осы кеш­­­те халық алдында есеп бе­рейін дедім. 

Көпшілік әлі күнге дейін «сол баяғы Рымбаева» деп қа­был­­дайды. Халықтың жа­дында «Әлия» образым қа­лып қойған. Алайда елу жыл­дың ішінде мен де адам ретінде өс­тім, өркен­де­дім, өмірдің та­лай белесін өт­кер­дім. Қар­тай­дым, әже атан­дым. Бірақ сах­на­дағы елу жы­лым текке өткен жоқ. Осы уа­қыттың бәрінде қа­зақ сах­на­сын­да халқыммен бір­ге өмір сү­ріп келемін. Елу жыл ара­лықта түрлі қайғыны бас­тан кештім, небір қиын ке­зең­дерді бастан өткердім. Ме­нің ең үлкен бақытым – хал­қым­­ның әркез қолдап жүргені. Әсі­ресе, жолдасымнан айы­рыл­ған ауыр кезеңде бұл қолдау ма­ған үлкен демеу болды. Сол жыл­дары кішкентай екі баламды алып, гастрольдік са­пар­ларда жүр­дім. Мен жыл сайын ха­лық ал­дына шығып, «Көктем ша­­қы­рады» атты концертімді бере­­тін­мін. Бұдан кейін аталған кеш шы­ғармашылығымдағы дәс­түрлі іс-шараға айналды. 

Өмірден көрген жақсылығым мен қуанышым – екі қанатым бол­ған балаларым мен немеремнің өсуі. Бүгінде екі ұлым да халық ал­­дында жүрген кәсіби музы­кант­тар, композитор әрі аранжировка жа­саумен айналысады. Ал не­ме­рем­нің әрбір жетістігі, тәтті қы­лы­ғы жүрегімді қуанышқа тол­ты­рады. Кейде немеремнің аузынан шық­қан сөздерін, түрлі қылығын әлеу­меттік желідегі парақшамызда бө­лісіп отырамыз. Немерем әлем ел­дерінің жалауларын, сандарды жат­қа біледі. Құдайға шүкір, не­меремнің есте сақтау қабілеті жақ­сы қалыптасып келеді әрі бір айт­қаныңды бірден қағып алатын әдеті бар. Немеремнің бойында осын­дай жақсы қасиеттердің да­мып келе жатқанына мен тек қуа­намын. Екі балама жақсы адам бо­лып өссін, келешекке үлкен мақ­сат қойсын деген ниетпен олар­ға талап қоямын және өзім де олар­ға үлгі болуға тырысамын. Ұл­дарымның көзін ашқаннан көр­гені – осы өмір, анасының жыл­дар бойғы еңбегі мен ізденісі, ай­наламдағы адамдармен жақсы қарым-қатынасым.

Марқұм жолдасымның орнын екі ұлым басты

– Алдағы мерейтойлық концер­тіңіз­дің дайындық жұмысы қалай жүріп жатыр?

– Есеп беру кешімнің бүкіл дайын­дық жұмысын екі ұлым – Әли мен Мәди толықтай өз мойын­­дарына алды. Концерт бойы сахнада екі оркестрмен жұ­мыс істеймін. Бұл үлкен дайындық пен жауапкершілікті талап етеді. Осыдан елу жыл бұрын марқұм жол­дасым Тасқын дирижер ретін­де Республика сарайының сахна­сы­на мені жетелеп шығарған еді. Қа­зір оның орнын екі ұлым басты. Екеуі де кәсіби музыкант бол­ған­дықтан, олар – менің тірегім, екі қа­натым. Мен ана ретінде бала­ларым­ның кәсіби деңгейіне де, тә­лім-тәрбиесіне де разымын. Әли мен Мәди туралы халық әр­қа­шан жылы сөздерін жаудырып жатады. Анаға осыдан артық қан­дай бақыт керек?

Бұл кештен кейін де өмір тоқ­тап қалмайды. Өмір елу жыл­дық сахнамен шектел­мей­ді. Осыған дейін Қазақстанның жартысын аралап шықсам, енді қалған өңірлерде концерт беру жос­парымда бар. Сондықтан алда ат­қарылар шаруа жеткілікті. Ең бастысы, осының бәрін көрер­мен­ге лайықты деңгейде ұсыну. Роза Бағланова апамыздың «Ай­на­лайын халқымнан еркелеткен» де­ген жылы сөзі бар еді. Расында, біз – сахнаның еркесіміз. Бірақ бұл еркелік жауапкершіліктен бо­сат­пайды, керісінше, кәсіби дең­гейге деген талапты күшейтеді. Ха­лық сенің өнеріңді құрметтеп, әнің­ді тыңдау үшін уақытын бө­ліп, кешіңе келеді. Ал әртістің үл­кен міндеті – сол құрметке өз өне­­­­­рімен лайықты деңгейде жауап беру. Өнер дегеніміз – мәдениет, тәр­бие, рухани жауапкершілік. Сах­наға шыққан адам халықтың ал­дында тұрған қарапайым әртіс қа­на екенін ұмытпауға тиіс. Ха­лық сенің әрбір сөзіңнен, әнің­нен, олармен сырласуыңнан тә­лім алады, рухани қуат табады. Сон­дықтан сен осы деңгейге бойың­дағы ізгі құндылық­тарың­мен лайық бола білуің тиіс. 

Мыңдаған көрерменнің ал­дына шыққанда, сен кім­сің? Меніңше, сен – рухани дү­ниені насихаттайтын тәрбиеші, үміт пен оптимизм сыйлайтын, кей­де ақыл айтып, кейде сырын ақ­таратын адамсың. Мен сахна­да­ғы өз миссиямды осылай түсі­не­мін. Қазақ композиторлары да му­зыканы дәл осы мақсатта – ха­лықтың мәдени деңгейін көтеру үшін жазады. Елу жыл ішінде қай сахнаны көрмедім, қандай шал­ғайда жатқан ауылда болмадым десеңізші?! Мен шалғайда жатқан ауыл­дарға барғанды ерекше жақ­сы көремін. Былтыр туған күнімде 1 300 шақырым қашықта орналас­қан ауданға барып концерт бер­дім. Туған күн тойлап, банкет жа­сауды ұната бермеймін. Мен үшін туған күн – қарапайым ха­лық­қа концерт беру. Сол кезде ға­на өнер адамы ретінде бір мін­де­тімді атқарғандай күй кешемін.

Өнер адамы сахнадан уақытында кетуі керек

– Сұхбатыңыздың бірінде елу жыл­дық мансап жолыңызды түйін­деу туралы ойыңызды айтқаныңыз бар. Бұл шешіміңізге не түрткі бол­ды?

– Иә, осыған дейін ақпан айын­да өтетін есеп беру кешімнен кейін шығармашылық жолымды осы тұстан аяқтасам ба деген ой кел­ді. Мүмкін елу жыл да жеткі­лік­ті шығар деп ойладым. Жоқ, мен ешкімге ренжіген емеспін. Сах­нада жүрген адамның уақыт өте келе жасы да ұлғаяды. Шы­ным­ды айтсам, өнер адамы сахна­дан уақытында кетуі керек деп са­наймын. Бұл – заңдылық. Алай­да түбегейлі шешім қабыл­да­мас бұрын, әуелі алдағы концерт­терім­ді беріп көрейін дедім. Оның үстіне, мен қазірдің өзінде үнемі ха­лық алдында, концерттен қол үз­ген жан емеспін. Өнер иесі сах­на­дан дауысы саңқылдап, бойы құл­пырып тұрған шағында кет­ке­ні дұрыс шығар деп ойлаймын...

– Алайда таяуда өтетін мерей­той­лық концертіңіздің билеті әп-сәт­те таусылды. Соған қарағанда, ха­лық әлі де өнеріңізге құштар. Кө­­­рермен әлі де өзіңізді киелі сах­на­дан көргісі келеді…

– Иә, осы хабар тарағаннан кейін әлеуметтік желілерде оқыр­ман­дарым мен әріптестерімнен көп­теген хат келіп жатыр. Бірақ бұл «мүмкін» деген сөз екенін айт­қым келеді, яғни түпкілікті шешім емес. Мұны уақыт, денсаулық жә­­не дауы­­­­сымның сол қалпын­да­ғы сапасы көрсетеді. Себебі адам­ның жасы ұлғайған сайын фи­зио­ло­гия­лық өзгерістер де қатар жү­­­реді. Дауыс­тың да уақыт өте өз­­геретіні бар. Мәселен, тоғыз жыл­дан кейін 60 жылдық мерей­тойым­ды өт­кіз­сем, бұл кезде жа­сым сексенге таяп қалады екен. Сол уақытта дауысым да, келбетім де бүгінгідей бол­май­тыны анық. Сон­дықтан әзірге өзі­ме бес жыл уа­қыт бердім. Ал сол межеден кейін­гі жолды уақыттың өзі көр­се­те жатар...

– Сіз жайлы ел біле бермейтін факт – кезінде басқа түскен қиын­дық­тарға қарамастан жақын­да­рыңыз­­ға тірек болып, оларды Алма­тыға көшіріп алуыңыз. Одан өзге де шапағатыңыз тиген біршама қайы­рым­ды істің шет жағасынан хабар­дармыз. Бүгінде ел алдында жүрген қалталы азаматтардың ара­сында осындай көрініс жиі кездесе ме?

– Мен қалталы азаматтар ту­ра­лы жақсы білемін деп айта ал­май­мын. Себебі айналамдағы ара­­­ла­са­тын жандар – өзім сияқты шы­­­­­ғармашылық ортадағы қара­пайым адамдар, сондай-ақ прин­ци­піміз бен көзқарасымыз бір ниет­тес достарым. 

– Әлеуметтік желіден Әли, Мә­ди, Мәдина есімді үшемге кө­мек­­тескеніңіз туралы ақпаратты оқып қалдық. Бұл оқиға қалай бо­лып еді? Есіңізде ме?

– Осыдан көп жыл бұрын КТК ар­насынан бір қарапайым қа­­зақ әйелінің сұхбатын көрдім. Ол үшемді дүниеге әкеліп, алайда еш­­кімнен көмек көрмегенін ай­тып, көзіне жас алып отырды. Сұх­­баттан кейін әлгі әйелдің ме­кен­жайын жазып алдым. Кейін­нен қолымдағы бар қаражатты жи­нап, өз аяғыммен сол әйелді ауы­­лына іздеп бардым. Өзі қара­пайым ғана жер үйде тұрады екен. Үйге кірсем, темір төсекте жаңа ту­­ған үш сәби жатыр. Олардың есі­мі Әли, Мәди және Мәдина екен. Содан кейін көмегімді бер­дім де, ештеңе күтпестен кері қайт­тым. Осы оқиғадан соң арада біршама жыл зулап өтті. Бір күні мен туралы арнайы бағдар­ла­ма­ның түсірілімі өтті. Сол бағ­дар­ла­ма­ға үш жасөспірім мен қасында анасы келіп тұр екен. Әйел маған қа­рап: «Сіз кезінде бізге көмек қо­лын созып едіңіз, міне, сол бө­пе­­лер қазір өсті», – деп балаларын көр­­сетті. Мен сол сәтте құлап қа­ла жаздадым. Анасы осыдан бір­неше жыл бұрын берген қара­жат­қа теледидар алғандарын айт­ты. Расында, балалар өсіп, азамат бо­лып қалыпты.

Өзіме сынмен қарайтын әншімін

– Қанша жерден өркениеттің кең қанат жаюымен күллі салаға жаңа­­­шылдықтар еніп жатыр десек те, қазіргі көрермен жасанды­лық­тан шаршаған. Алайда жалған жыл­­тырға толы кезеңде сол кө­рер­мен өзіңізді дау-дамай мен ар­зан ойын-күлкіден алыс, биік бол­мы­сын сақтаған тұлға деп қабылдайды. Даңққа мас болмай, қалай адамдық қалыпты сақтап қалуға болады? 

– «Кемелдікке шек жоқ» деген сөз бар. Сен қанша жерден атағы айға жеткен танымал жұлдыз бол­саң да, ізденіс пен талпынысты еш­­қашан тоқтатпауың керек. Адам өзіне сыни көзбен қарай ал­ған­да ғана өседі. Өз кемшілігіңді кө­ріп, соны түзетуге ұмтылған кез­де ғана алға қарай жылжу бар. Мен өзіме қатты сынмен қарай­тын әншімін. Өзімді өзгелерден жоғары қойған емеспін, тіпті қол жетпейтін жұлдыз деп сана­май­мын да. Деңгейім мен мүмкінді­гім­­ді де жақсы білемін. Менен он есе орап түсетін, Құдайдың ай­рық­ша дауыс сыйлаған әншілері бар екенін де мойындаймын. Бір­ақ мен ешқашан олармен жарыс­пай­мын. Бар мақсатым – эстрада­лық өнерімді үнемі биік деңгейге кө­теру үшін еңбек ете беремін. Мен – өнер жолында елу жыл бойы тынымсыз ізденіп, талпы­нып келе жатқан әншімін. 

Балаларымның білім алуына барлық жағдайды жасауға тырыстым

– Бүгінде отбасының бағдар­шы­сы болған бақытты ана, аяулы әже­сіз. Өнер айдынында өз жолын тап­қан Әли мен Мәдидей талантты ұл­дардың тәлімгерісіз. Бала тәр­бие­сінде сіз үшін ең маңызды құн­ды­лықтар қандай?

– Бала тәрбиесі, ең алдымен үй ішіндегі қарым-қатынастан, от­­­басындағы атмосферадан бас­та­лады. Ерлі-зайыптының бір-бі­ріне, айналасына деген сый­лас­ты­ғы мен мәдениеті – баланың көз алдында қалыптасатын ең үлкен тәрбие. Бала бәрін көріп, бәрін сезіп өседі. Қанша жерден тыйым са­лып, баланы бұрышқа тұрғызып тәр­биелегеніңмен, ең басты үлгі – ата-ананың өз мінезі мен әрекеті. Сон­дықтан балам тәрбиелі бол­сын десең, ең алдымен өзіңнен бас­та. Ата-ананың жүріс-тұрысы, сө­зі, адамдармен қарым-қаты­на­сы бала үшін үнсіз сабақ. Екінші үлкен міндет – балаға жақсы білім беру. Жақсы білім алған бала өзі­нің сүйікті ісін тауып, сол ма­ман­дық­тың кәсіби иесі болып қалып­тасса, өмірде әрі қарай өз нанын таба біледі. Мен үшін бала тәр­бие­сіндегі басты екі тірек – тәр­бие мен білім. Осы екеуі қатар жүр­генде ғана болашақта жақсы, са­налы адам қалыптасады деп се­немін. Өзімді ақылдымын немесе ке­меңгермін деп есептемеймін. Бір­ақ балаларымның өсіп-өр­кен­деуі мен білім алуына бар­лық жағ­дайды жасауға тырыстым. Өзім­нің жүріс-тұрысыммен, адам­дармен қарым-қатына­сым­мен де олар көп нәрсені бой­лары­на сіңірді деп ойлаймын.

Отбасымызда қазақ тілі – негізгі тәрбие тілі

– Кейде сізді орыс тілінде сөй­лей­ді деп сынға алатындар бар. Бірақ балаларыңызға қазақша бі­лім бердіңіз. Бұл пікірлерге көз­қара­сыңыз қандай?

– Біріншіден, мен орыс тілін­де өте сирек сөйлеймін. Екін­ші­ден, кейбір бағдарламаларда, рес­ми кездесулерде немесе орыс­тіл­ді журналистермен сұхбаттас­қан уақытта орыс тілінде сөйлеуге тура келеді. Ал қазақ журна­лис­те­рі­мен әрдайым ана тілімде сөй­ле­се­мін.  Мен екі тілде де білім алған адам­мын, қазақша да, орысша да еркін сөйлеймін. Бүгінгі заманда бір емес, бірнеше тіл білу – ар­тық­­шылық. Тіпті болашақта ағыл­­­шын, қытай тілдерін мең­геруі­міз маңызды деп санаймын. Ал ба­лаларымның тәрбиесіне кел­сек, олар туғаннан қазақша тәр­бие­ленді. Балабақшасы да, мек­тебі де қазақ тілінде болды. Бү­гінде бала­ларым үш тілді де мең­герген. Не­мерем де қазір қа­зақ балабақ­ша­сы­на барып жүр. Біз­дің отба­сы­мыз­да қазақ тілі – не­гізгі тәрбие тілі. Сондықтан бұл тұр­ғыда менің ұстанымым анық әрі айқын.

Күнделікті сахнаға шығу – кө­рермен алдындағы емтихан

– Танымалдылық пен халық ма­хаббаты адамның тағдырын жеңіл­­детпейді, керісінше, одан сайын күрделендіріп, жауапкер­ші­лік жүктей түседі. Атақ сізге не бер­ді, өміріңізден нені алып қой­ды?

– Мен ешқашан атақ туралы ой­лаған емеспін. Дегенмен атақ­ты нағыз кәсіби деңгейі жо­ғары жұлдыздарға берген дұрыс деп есептеймін. Өйткені «жұл­дыз» деген сөз – қарапайым әр­тіс емес, одан әлдеқайда жо­ғары мәр­тебеге ие ұғым. Мен 21 жа­сым­да Қазақстанның еңбек сіңір­ген әртісі, ал 26 жасымда Ха­­лық әртісі атағын алыппын. Мен өмір бойы осы атаққа лайық болу үшін жұмыс іс­тей­мін. Халықаралық деңгейде «Қа­зақстанның халық әртісі» деп таныған кезде, сен өнеріңді сол биіктікте көрсетуге міндет­ті­сің. Бұл – үлкен жауапкер­ші­лік, мой­ныңа алынған ауыр мін­дет. Атақ­ты иеленген жұл­дыз­дары­мыз енді одан әрмен дең­гейін екі-үш есе да­мыта тү­се­ді деп се­не­­мін. Күн­де­лікті сах­наға шығу – көрермен ал­дын­дағы емтихан. Сол емти­хан­нан сүрінбей өту әр әріптес үшін үлкен сынақ әрі өмір бойғы мис­сия.

– Аңыз болу – сый ма, әлде сы­нақ па?

– Сынақ. Аңыздың өмірі әр­­кез сынаққа толы. Бүгінге дейін өмір­ден өткен небір ұлы­ла­ры­мыз аңыз болып қалды. Өкі­­ніш­ке қарай, қазір олар ара­мыз­да жоқ. Алайда мен өзімді ха­лық ал­дында жүрген белгілі әр­тістер­дің бірімін деп есептей­мін. Мүм­кін ел маған «аңыз» деген атақ бе­ріп қойған шы­ғар, бірақ мен өзім­ді «аңыз­бын» деп айтпас едім. 

Өзімді бақытты әнші, бақытты ана санаймын

– Өмір жолыңызда «әттеген-ай» дегізген сәттер көп болды ма?

– Кемшіліксіз, қателіксіз адам бола ма? Сол қателіктерім мен кемшіліктерім мүмкін жас­ты­ғымнан, өмірдің мәнін толық тү­сінбегендігімнен болар. Кем­ші­­ліксіз адам жоқ. Сен өз әреке­тің­нің дұрыс емес екенін дәл сол ме­зетте түсінбейсің, өз көзқара­сың­ды дәлелдеу үшін үнемі кү­ре­сіп тұрасың. Бірақ уақыт өте келе, өткенді сараптап, әр әре­кетті сүзгіден өткізіп бағалай бас­тағанда, өз қателігіңді бай­қай­сың. Оны мойындап, уақы­тын­да түзей білу – адам өмірін­дегі үлкен өсу.

Бір өкініштісі, мерей­тойым­ды марқұм жолдасым көре ал­май кетті. Менің өнердегі ең сүйік­ті авторларым Сейдолла Бәй­тереков, Шөмішбай Сариев, Тұ­манбай Молдағалиев, Ибра­гим Исаев, Тілес Қажығалиев, Талғат Сарыбаев, Жанбота Тұяқ­баев сынды небір талантты аза­маттар өмірден өтті. Сахна­дағы жарты ғасырлық мерей­тойым­­ды осы кісілермен той­лап, халық алдына шықсам, одан үл­кен қуаныш жоқ қой. Де­ген­мен өздері кетсе де, хал­қы­на әуез­ді әндерін аманат етіп қал­дыр­ды. Мен өкінетін жағдай – шы­ғармашылығыма ықпал ет­кен сол тұлғалардың бұл өмірде жоқ­тығы. Бірақ екі тірегіме ай­нал­ған ұлдарымның қолдауы­ның арқасында өнердегі жо­лым­ды жалғастырып келемін. Сол үшін де өзімді бақытты ән­ші, бақытты ана деп санай­мын. 

– Әңгімеңізге рақмет, Роза Қуанышқызы! Ғұмырлы болыңыз!

Сұхбаттасқан

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ