Алматылық неонатологтар 980 грамм болып туған шақалақтың өмірін аман алып қалды. Нәресте жүктіліктің 29-аптасында дүниеге келген.
Шала туған шақалақты құтқарды
768
оқылды

Анасына Алматы қаласының №2 қалалық перинаталдық орталығында кесарь тілігі жасалды.

 «Бала 23 күн бойы өздігінен дем ала алмады, себебі өкпесі жетілмеген, сонымен қатар оған пневмония, жедел респираторлық дистресс-синдромы, өкпе ателектазы, 2-дәрежелі қарынша­ішілік қан кету, некротикалық энтероколит, цере­бральды депрессия синдромы, қозғалыс белсенділігі, диффузды бұлшықет гипотензиясы, шартсыз рефлекстердің тежелуі, өте қысқа ояну кезеңдері, ми ишемиясы, ДВС-синдромы диагнозы қойылған», – деп хабарлады Алматы қалалық қоғамдық ден­саулық сақтау басқармасы.

Бөлім меңгерушісінің міндетін атқарушы Жұл­дыз Ахметқалиева жаңа туған нәрестеде тромбоздың бұзылуымен сипатталатын және тромбозбен де, қан кетумен де қатар жүретін күрделі патологиялық процесс болғанын айтты.

«23 күн бойы нәресте механикалық желдетуде жатты. Жағдайды тұрақтандырған соң біз оны аппараттан алып, тағы үш күн жансақтау бөлімінде бақыладық. Содан кейін ол реанимация бөлмесіне ауыстырылды. Онда 7 күн жатып, кейін анасымен бірге болу үшін палатаға ауыстырылды. Қазір баланың салмағы 2300 грамм», – деді Жұлдыз Ахметқалиева.

Сондай-ақ реанимацияда дәрігерлер сәбидің көру, есту қабілетін сақтау үшін күресіп, біртіндеп өздігімен тамақтануға және асқазан-ішек жолдары­ның қалыпты жұмысына көшірген.