Қасиетті Әулиеата өңірі – аңыз-әпсаналарға бай мекен. Мұнда есте жоқ ескі заманнан сыр шертетін тарихи орын көп. Міне, сондай аңызбен астасқан аймақтың бірі – Жуалы ауданындағы Жолбарысқамал бекінісі.
Аңызбен астасқан Жолбарысқамал
1,851
оқылды

Ұлы жүздің ханы Жолбарыс Абдоллаұлы 1733-1734 жылдары осы қамалда тұрақтаған. Алайда Жолбарысқамал бекінісі туралы тарихтың ақтаңдақ беттерінде аңыз да, ақиқат та аз емес. 

Жалпы, Жолбарыс хан 1720-1740 жыл­дары өз билігін жүргізген. Соның бір жы­лын Жолбарысқамал бекінісінде өткізеді. Хан­ды бұл жердің табиғаты, қазақ жасақтарын ор­наластыруға ыңғайлылығы, өзара қимыл үй­лес­тіруге қолайлылығы қатты қызықтырады. Сон­дықтан ол жан-жаққа хабаршы жіберіп, Жол­­­барысқамал сайында мықтап әзірленіп, қару­ланып, қалмақтарға соққы беруге бел буады. Жол­барыс ханның бұл жоспарын Орта жүздің ық­палды биі Ескелді қолдайды. Ол Жол­барыс­қамалға жақсы қаруланған бес жүз қаралы жа­сақты көктем шыға жөнелтуге уәде етеді. Ескелді би жасақты бастап баруды талай сынақтан өткен Балпық батыр Дербісәліұлы, Қабан жырау Асанұлы, немере ағайынды Малтабар мен Құл­жан батырларға тапсырмақ болады. Бірақ бұл жоспар іске аспай қалады. Себебі 1735 жылы қыс ерт­е түсіп, Жуалы жұртын қыспаққа алады. Қар адам бойындай болып қалың жауып, оған ұйыт­қыған батыстың желі қосылады. Ханның ай­на­ласындағы ел-жұрт пен азын-аулақ әскер осы қа­лың қардың құрсауында қалады. Осылайша, қыс­тан әзер шыққан Жолбарысқамалдағы хан ор­дасына көктем келе жоңғарлардың қанқұйлы қолбасшысы Сары-Манжы шабуыл жасап, ба­сып алады. Жолбарыс хан қарсылық көрсете ал­май, беріледі. Жоңғарлар ханды Ташкентке әке­ліп, сол жердің билеушісі етіп қояды. Жол­ба­рыс хан Ташкенттің билеушісі деген аты бол­маса, жоңғарлардың алым-салық жинаушысына ай­налады. Ал Жолбарысқамалды басқыншылар ием­деніп алады. Бұл туралы тарихшы Ұзақбай Доспанбетов: 

«Жолбарыс хан тұрған Жолбарысқамал мен Қа­ратаудың бойындағы адам мен малға жайлы өзге де жерлер қалмақтардың мекеніне айналады. Шө­бі шүйгін, суы бал, аң мен құсы садақ жебе­сі­не өзі кеп ілігетін Жолбарыс ханның мекеніне қал­мақтар орнықты. Сөйтіп, қазақтардың жел­кесіне мініп, саптаяққа ас құйып, сабынан қа­рауыл қараған сипатта еді», – деп жазады. 

Жолбарысқамалдағы бұл оқиғаны жазушы Бақ­тияр Әбілдаұлы: 

«Қаратаудың ең құйқалы, қордалы жайлауын ке­зінде Ұлы жүздің ханы Жолбарыстың өзі жай­лайтын. Жолбарыс хан өлген соң бұл жайлауды жоң­ғарлардың хонтайшысы Қалдан-Сереннің өзі иемденіп алды. Сірә, сонау жоңғарлардың ас­танасы Ұрғадан Ташкентке дейінгі ұлан-ғайыр жер­ден дәл осындай саялы жұмақ таппаған бо­лар. Хонтайшы келмесе, бұл жерді соның атынан билейтін тайшы жайлайды…», – деп баяндайды.

Жолбарысқамал – Қаратаудың теріс­кейін­дегі Жуалы ауданының Түркістан об­лысымен шектесетін тұсындағы үлкен сай. Оның бас жағында осы саймен жалғасқан Кем­пірөл­ген және Ақжар аталатын жыралар бар. Сай табанында жан-жақтан қосылатын бұлақтардың суы кішігірім өзенге айналады. Жолбарысқамал сайы­ның екі қапталындағы жартастардың жал­пақ беттерінде сонау бағзы замандардан қалған пет­роглифтер бар. Түрлі адам мен аңдардың әр­түрлі қимылын бейнелейтін суреттер көне дәуір­дегі бабаларымыздың кейінгі ұрпақтарына қал­дырған мұрасы іспетті.

Сай табанындағы шағын өзеннің жа­ға­сында итмұрын, шеттік, қара долана, жабайы алма, қара­тал, жалбыз сияқты өсімдіктер өседі. Жолбарысқамалдың күнгей бетінде жусан, бе­теге, тобылғы, тасжарған сияқты өсімдіктер жыл он екі ай мал жайсаң да мұрты бұзылмай тұта­сып тұрады. Әсіресе, көктем айларында бет­кейде қызғалдақтар құлпырады. Жазы шыбын-шір­кейсіз қоңыр салқын. Жолбарысқамалдың табиғаты керемет. Алайда қыс айларында көр­сетіп қалатын мінезі бар. Батыстан шығысқа қа­рай азынап жел соғады. Жел бір күн тоқтамаса, үш күнге, ұзаса, жеті күн борандатады.

Осы Жолбарысқамал туралы ерте заманнан ел есінде қалған аңыз да бар. Бұл жерде бұрын ит тұмсығы өтпейтін ну қамыс болған екен. Сол қалың қамыс арасын жолбарыстар мекендепті. Төрт түлікке қырғидай тигеннен кейін бабалары­мыз олардан құтылмақ болып, қырып салған. Сон­да өлген жолбарыстардың ішінен қызыл түл­кі шығыпты. Сол қызыл түлкі қайта қызыл жол­барысқа айналып, барша қазақтың киесіне айналған деседі. 

Жолбарысқамал сайынан қазірдің өзінде шай­қас үнін естігендер бар. Сондай-ақ сай таба­нынан аққан өзеннен қалың әскер атының тұяғы өткен іздерді кезіктіргенін малшылар айта­ды. Тағы бір таңғаларлығы, ай толық туған түн­де өзен­де сықылықтап күліп, шомылған қыз­дардың да дауысы естіледі екен. Бұл – әрине, ел ішінде жүрген тылсым әңгіме. Оның ақиқатпен қан­шалықты астасатынын тап басып айту қиын.

 Жолбарыс хан Ташкентке билеуші болып та­ғайындалғаннан кейін, ол шаһарға 1740 жыл­дың мамыр айына дейін билік құрады. Сөйтіп, 49 жасында өмірден өтеді. Жолбарыс ханның өлімі туралы түрлі дерек бар. Қазыбек Тауасарұлы оны Шахрух бидің қызметшісі, тәжік жігіті Файыз өлтіргенін айтады. Шахрухтың Әбдіра­хым, Әбдікәрім деген балалары Жолбарыс ханға көп­тен бері өшігіп жүреді. Файыз солардың жұм­сауымен ордасында жатқан ханды бауыздап ке­теді. Тарихшы Ұ.Доспанбетов болса, Жолбарыс хан салық төлеуші өзбек ақсүйектерінің сөз ұстарлары әкелген шараптан ішіп, уланып өлге­нін айтады. 

«Ақтабан шұбырындының үркіншілік жыл­дарында Төле би бастаған Ұлы жүздің біраз тай­пасы Өзбекстан, Қарақалпақстан жеріне өтіп ке­теді де, Ташкент жаудан азат етілген соң ата­жұртқа қайта оралады. Бұл кезде Ұлы жүздің қа­ласы Ташкентті және оның төңірегін Жол­барыс хан иемденіп алады. Бұған төзбеген Төле би Жолбарыс ханнан қаланы қайта тартып ала­ды. Осы соғыста ол ауыр жараланып, сол жа­ра­қаттан қайтыс болады. Төле би оны кешегі ата жауым демей, ханды құрметпен Түркістанға апа­рып жерлейді» – деп жазады жазушы Ә.Бақ­тиярұлы.

Негізі, Жуалы өлкесінің Қошқарата аймағындағы Жолбарысқамал аталатын жер – Жолбарыс ханның құрметіне қойылған атау. Мағынасы «Жолбарыс ханның қар құр­сауында қамалған жері» дегенді білдіреді. Осы Қошқарата аймағындағы бірқатар жер-су атауы қал­мақтардан қалған. Мысалы, «Боралдай» атауы – қалмақша «лай су» дегенді, «Тұра» сөзі – «қақпа» деген мағынаны, «Шаян» сөзі – «шы­ғыс», «Өгізарал» сөзі «сулы жер» деген мағынаны біл­діреді деседі.

Жолбарыс хан туралы тарих бүгінгі күнге дейін түрліше сөйледі. Бір деректе ол қалмақ­тар­дың алым-салық жинаушысы ретінде Төле биге қарсы шыққан хан ретінде айтылса, енді екін­ші деректерде 1728 жылы Төле би мен Әбіл­қайырмен бірге Қаратау өңірін, Талас, Шу бойын жоңғарлардан азат еткен шайқастарға басшылық еткені баяндалады. Сондай-ақ Жолбарыс хан 1729 жылы Аңырақай шайқасына да қатысқан. Жол­барыс хан кейін Абылаймен қосылып, жоң­ғарларға қарсы күрес ұйымдастырған. Соның нәтижесінде Ташкент, Шымкент, Сайрам, Түркістан қалаларын жоңғар басқыншылығынан азат еткен. 

«Тарихты жеңімпаздар жазады» дейді ертеден келе жатқан қағидат. Сондықтан бізге жеткен та­рих жылдар бедерінде сан бұрмалануы бек мүм­кін. Жолбарыс хан туралы әлі де мұрағат­тар­дан зерттеуді қажет етеді. Ең бастысы, Жолбарыс хан мекен еткен «Жолбарысқамал» бекінісі Жам­был жерінде қалып отыр. Осының өзі – кейін­гілерге мол мұра. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы