Заңсыз иеленген активтерді мемлекетке қайтару – қазақ байларының Әділетті Қазақстанға адалдығын паш етеді. Мәжіліс депутаттары осындай байламға келді.
Әділетті Қазақстанға адалсың ба, олигарх?
1,178
оқылды

«Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңға Парламент депутаттары бастамашы болды. Бірақ идея авторы – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Ол былтырғы ақпанда Үкіметке бұрынғы билік тұсында байыған тұлғалардың заңсыз олжалаған активтерін мемлекет меншігіне қайтару жөнінде ұсыныс әзірлеуді жүктеді. Жаңа заң осы жолдағы кезекті тарихи қадамға айналды.

Ұтылған елдің ұпайын түгендесе игі

Ел қазынасының отыз жыл бойы талан-таражға салынып келгені 2022 жылғы 21 қаңтарда, Мемлекет бас­шы­сының отандық бизнес өкілдерімен кез­десуінде ашық айтылды. Президент сон­да елде ұлттық табыстың әділетсіз бө­лін­генін алға тарта келе, KPMG халы­қ­ара­лық сарапшыларының дерегін жайып сал­ды. Оған сәйкес, еліміздің бүкіл бай­лы­ғының жартысын небары 162 тұлға өз қо­лында шоғырландырған. Ал бұқара ха­­лықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды.

Бұған қоса, Tax Justice Network ұйы­мы­ның мәліметінше, 25 жыл ішінде Қа­зақстаннан шамамен 140-160 миллиард дол­лар қаржы оффшорлар арқылы шетел­ге заңсыз әкетілген. Сондықтан алда кү­ші­не енетін «Заңсыз иемденілген актив­тер­ді мемлекетке қайтару туралы» заң, де­путаттардың айтуынша, әділдікті қал­пына келтіруге бағытталған. 

Қағидат қарапайым. 100 миллион дол­лардан (13 миллион АЕК-тен немесе биыл 44 миллиард 850 миллион теңгеден) аса­тын байлығы бар кез келген қазақстандық ол дәулетін заңды жолмен жиғанын дә­лелдеуге дайын болуға тиіс. Осыдан-ақ ве­домство мен комиссия алдында тұрған мін­дет пен жұмыстардың ауқымын тү­сінуге болады.

Жалпы, тәуелсіздік жылдарында қа­зақстандық байларға, соның ішінде ірі олигархтарға тапқан мүлкін заң­дас­тыру­дың бірнеше мүмкіндігі берілді. Сонда көлеңкеден күнгейге көшіп алғандар бұл заң­мен қудаланбайды екен. 

«Тәуелсіз Қазақстан тарихында мүлік пен капиталдың легализациясы 3 рет өт­кізілді. Олардың аясында ауқатты адам­дар­ға күмәнді жолдармен табылған мүлік­те­рін, соның ішінде қаражатын заңдас­ты­рып, жауапкершіліктен босатылуға мүм­кіндік берілді. Яғни, бұрынғы істері үшін қылмыстық, әкімшілік жазаға тар­тылмады. Бастапқыда заңсыз капиталдың 10 пайызын мемлекетке алым түрінде тө­леу туралы талап болды, ізінше ол талап жойылды. Ал мына жағдайда, жаңа заң ая­сында заңсыз иеленген активтердің үл­кен бөлігі, кей жағдайда онысы толығымен мем­лекет меншігіне қайтарылатын бола­ды. Осы арқылы әлеуметтік әділеттілік қам­тамасыз етіледі», – деп түсіндірді Бас про­курордың орынбасары Ұлан Бай­жа­нов. 

Активті қайтару алгоритмі қандай?

«Шығу тегі түсініксіз» активтер мен ка­питалды анықтау үшін Бас прокуратура жанынан арнайы ведомство құрылып жатыр. Заң аясында оның қызметкерлері-не де «прокурор» мәртебесі беріледі. Бұл олар­­ға еш жалтақтамай, батыл қимыл­дауы­на жол ашуы тиіс. 

Бұл ведомство тұрақты жұмыс іс­тей­тін комиссиямен тығыз ынты­мақ­тасатын болады. Қарым-қатынастың ал­горитмі, реті келесідей: Бас прокура­ту­ра­ның заңсыз активтерді қайтару ве­домствосы мемлекеттік органдардың де­рек­тер базаларындағы ақпаратты ақта­ра­ды, заңнамада тыйым салынбаған басқа да көздерге мониторинг пен талдау жүр­гізе­ді. Мысалы, журналистік немесе қо­ғам белсенділерінің зерттеулеріне іліккен тұлғаларды, соның ішінде ірі сыбайлас жем­қорлық субъектілерін, әкімшілік ре­сурстары және биліктегілермен байла­ныс­тары, ықпалы бар адамдарды, олармен сы­байлас олигополиялық топтарды із­дейді. 

Осы мониторинг және талдау бары­сын­да активтерді заңсыз шығару схема­сы­на қатысы бар тұлғалар тобы, олармен үлес­тес тұлғалар тобы, активтердің жиын­тық мөлшері, активтерді заңсыз ием­де­ну­дің, оларды елден тыс жерге шы­ғарудың бел­гілері мен мән-жайы және өзге де мә­ліметтер айқындалады.

Талдау қорытындысында уәкілетті ор­ганда қандай да бір тұлғаның мен­­шігіндегі активтерінің сатып алынуы­­ның заңдылығына қатысты «орын­ды кү­мән» туындаса, бұл ведомство Активтерді қайтару жөніндегі комиссияға жү­­­гінеді. 

Құрамына Үкімет мүшелері, Пар­ла­мент депутаттары, қо­ғам қайраткерлері, мем­лекеттік органдардың, күштік құры­лым­­дардың бірінші басшылары және өзге тұлғалар кіретін осы комиссия прокурор­лар­дың ұсынған тізіміндегі «канди­дат­тар­дың» ісін қарап, лайықты деп тапса, олар­­ды тиісті реестрге қосу туралы шешім қа­былдайды. Яғни, «қара тізімді» про­кура­тураның арнайы ведомствосы емес, ко­миссия түзеді.

Осыдан кейін уәкілетті орган ол тұлға­лар­ды реестрге кіргені жөнінде хабардар ете­ді. Осы сәттен бастап ол адамдар өз ак­тивтерінің заңдылығын растай отырып, 1–3 ай ішінде Активтер туралы деклара­ция­ны тапсыра алады. Егер тұлға актив­тер­ді иемденуінің заңдылығын растай ал­маса, онда мұндай активтер «шығу тегі тү­сініксіз активтер» деп танылады.

Мұндай активтерін ол адам мемлекетке ерік­ті түрде тапсыра алады. Сонда бірін­ші­ден, қылмыстық қудаланбауы мүмкін. Екін­шіден, аты-жөні ашық емес, жабық реестрге кіреді де, жаман атқа қалмайды, бе­делін сақтайды. Өз еркімен табыстамаса, онда тәркілеу сот арқылы жүзеге асы­ры­лады. 

Егер ол адамның мүлік пен қаражатты шетелге әкету немесе сату, өзгенің атына жазу қаупі туындаса, прокуратура оның дүние-мүлкіне бұғат салғызу шараларын қа­былдап, тиісті өтінішпен сотқа жүгінеді.

Жеке қор құру не үшін қажет?

Президенттің осы тың бастамасын жүзеге асыруға бағытталған заң­дар топтамасын талқылауға қатысқан «Ел­ге қайтару» тәуелсіз қорының бас­шы­сы Оразалы Ержанов әңгіме «эконо­ми­ка­лық люстрация» туралы болып отыр­ға­нына назар аудартты. Сонысымен де ол өт­кен ғасырдағы байлардың дүние-мүлкін кәм­пескелеуден ерекшеленеді: бай­лы­ғыңды адал тапқаныңды дәлелде де, тып-тыныш оның қызығын көре бер. Демек, мұнда Бас прокуратура ведомствосы мен комиссия өкілдерінің біліктілігіне, пара көрсе жолдан таймас парасаттылығына, табандылығына, арының адалдығына көп нәрсе тәуелді болады. 

О.Ержанов реестрдегі дерек тек адам­ның аты-жөні мен сәйкестендіру нө­мірі­мен ғана шектелмеуі керек деп санайды. Онда әлгі тұлғаның заңсыз табылған мүл­кінің толық тізімі және оның қанша кө­лемі мемлекет меншігіне қайтарылғаны туралы ақпарат болғаны жөн. 

«Заңға сәйкес, мемлекет пайдасына түс­кен активтер Арнаулы мемлекеттік қор­­ға беріледі. Қаражат Арнаулы мем­ле­кеттік қордан әлеуметтік, экономикалық жо­баларды қаржыландыруға жұмсалады. Жеке қор құру туралы шешімнің неге не­гізделгені түсініксіз. Заңсыз активтерді сату­дан түскен және тәркіленген барлық ақшаны Ұлттық қорға құюға болатын еді. Ол үшін жеке құрылымның қажеті жоқ. Әйткенмен, бұл тек алғашқы қадамдар. Алда заңнаманы ары қарай жетілдіру жұ­мыстары жалғасады деген үміттеміз. Де­пу­­таттар соған уәде берді. Алдымен тетікті іске қосып алайық деді. Ал олқылықтары анықталса, күзде бұл мәселеге Парламент қай­та оралады», – деді О.Ержанов. 

Үкімет басшысының орынбасары, Қар­жы министрі Ерұлан Жа­мау­баев­тың түсін­діруінше, Арнаулы мемле­кет­тік қор деп аталғанымен, ол жеке қор тү­рінде емес, Қаржы министрлігінің Қа­зынашы­лы­ғын­дағы жеке есепшот түрінде ғана болады.

«Бұл қор дегеніміз бөлектенген, оқ­шау­­ланған қандай да бір жеке немесе заң­ды тұлға емес. Ол – Бюджеттік ко­декске сәйкес, Қазынашылықта ашы­ла­тын шот. Басқа түсімдермен араластырмас үшін, сырттан келетін қаражаттың со­масын көріп отыру үшін және ашықтығын қамтамасыз ету үшін арнайы шот ашуды жөн көріп отырмыз», – деді министр.

Сарапшылардың пікірінше, 100 миллион немесе 44,8 миллиард теңгедей жоғарғы лимит тым көп. Ол заң­сыз байығандарға төл активтерін оффшорлық шоттар мен компанияларға, отба­сы мүшелері мен туыстарының атына «та­рыдай шашып» тастап, жауап­кер­шіліктен құтылып кетуіне мүмкіндік береді. Мұның сыртында ашықтан ашық жұмсауына болатын 45 миллиардтай ақша оның шалқыған өмірін жалғастыруына жол ашады. Бұл сома жыл сайын өсіп отырады: ол АЕК-пен байланыстырылған, ал айлық есептік көрсеткіш жылда он пайыздан көпке өседі.

Ол реестрге қосу үшін белгіленген сома межесінің төмендетілуі мүмкіндігін Мә­жіліс депутаты Снежанна Имашева жоққа шығармады. 

«Жұмыс енді басталды. Бастапқы ке­зеңде 100 миллион доллардан көп бай­лы­ғы бар олигархтарға күш-жігерді шо­ғыр­лан­дырған дұрыс деп шешілді. Өйткені бұл күрес өте күрделі, ауыр жүреді. Бұлар – жай ғана бай емес, сонымен бірге өте ықпалды тұлғалар. Олардың қаптаған қорғаушы­лары, қолдаушылары, мықты адвокаттар тобы бар. Жиған мүлкін оңайлықпен бермейді. Күресушілерге қарсы олардың төл лоббистері жабылары даусыз. Бірақ біз берілмейміз», – деді депутат.

Жаңа заңды жетілдіру қажет болаты­нына Бас прокуратура да назар аудартты. Алда құжаттардың, соның ішінде архивтік құжаттардың орасан қор көлемін зерделеу жұмысы тұр.

«Олардың бәрін жинау, өңдеу, баға беру, тұжырым, байлам жасау керек. Мың­даған кәсіпорынды, миллиондаған транзакцияларды, жүздеген мың банк шоттарын, соның ішінде шетелдегі шот­тарды терең талдауға тура келеді. Сондай-ақ бұл материалдарды өзге жолдармен қайта тексеу, идентификациялау, шы­найы­лығын тексеру шарт. Қасақана жойыл­ған, жоғалтылған материалдарды қал­­пына келтіруге тырысу, жан-жаққа сұраулар жасау, зерттеулер ұйымдастыру, эксперттік қорытындыларға қол жеткізу маңызды. Әйтпесе, ертең сотқа тартады, тіпті шет­ел­дегі арбитраж соттарына ша­ғым­­данады. Оған да дайын болуға тиіспіз. Олай болса, бү­гінде беріліп отырған өкілеттіктер жет­кіліксіз болып шығуы мүмкін», – деді Бас прокурордың орынбасары Ұлан Байжанов.

Оның айтуынша, адал азаматтар мен заңға бағынатын бизнесмендерге бұл про­цестен қорқудың қажеті жоқ. Ал 100 мил­лион­нан аз ауқаты бар, бірақ активін заң­сыз тапқан тұлғалар да жазасыз қал­майтын көрінеді. Ұ.Байжанбаев олар­дың Қылмыстық кодекс баптары аясында жауапкершілікке тартылатынын айтты.

Қорыта айтқанда, заңсыз табылған ак­тив­терді тауып, мемлекетке қайтару үздік­сіз із­деністі, тыңғылықты істі талап ете­тін үр­діс. Ондаған жылдар бойы қор­даланған осы былықтан шынымен арыла алса, ел жарқын болашаққа жақындай тү­сер еді. 

Елдос СЕНБАЙ

© коллаж: Елдар Қаба