ВИЧ-пен де өмір сүре беруге болады...
ВИЧ-пен де өмір сүре беруге болады...
733
оқылды
Естеріңізде болса, 2006 жыл­дың жазы шымкенттік­тер  үшін естен кетпес атышулы оқи­ға­­мен басталған.  Сол кез­де­гі Оңтүс­тік Қазақстан об­лы­сы­ның би­лі­гі мен ме­ди­­цина қызмет­кер­лерін ая­ғы­нан тік тұрғызған бұл оқиғаға 14 жыл өтсе де, ел­дің есінен шыға қойған жоқ. Өзі де естен кет­пей­­тін­дей, та­рих бетінде  қара әріппен жа­зы­латындай оқиға болған-ды. Дәрігерлердің өз ісіне нем­құ­рай­­дылығынан сәбилердің жап­­пай АИТВ (ВИЧ) індетін жұқ­тыруы, әсіресе бұрын-соң­ды мұндай сұм­дық­ты тек теле­ди­дар­дан көре­тін қазақы қаймағы бұзыл­ма­ған оңтүстік жұртшылығы үшін ауыр соққы болды. Қазақ халқы үшін мүлдем жат ұғым болып қа­­­лып­­тасқан дертті жаман жағ­­­дай­­ларда ғана жұқтырады деп ой­­­­лай­­тындықтан, сәбилердің бұл ке­­селге тап болуына жұрт сене ал­ма­­ды. Иә, сол кезде қауіпті дертті жұқ­­тырғандардың қатары бүгінгі коронавирус сияқты күн сайын өсіп, жаңалықтардың басты тақы­ры­­бына айналған. Осылайша, бір жылдың айналасында өз істеріне сал­ғырт қараған дәрігерлердің ке­сірінен 149 балаға ВИЧ індеті жұ­ғып, осы сала қызметкерлерінің ас­таң-кестеңі шықты. Ол аз десе­ңіз, бұл кесел балалардан 17 анаға да өт­кен-ді. Сонымен 47 томдық «дәрігер­лер ісі» бойынша сот 21 медицина қызметкерін жауапқа тартты. «Өз ісіне салақтықпен қарау» және «па­ра алу» бойынша айыпталған 16 медицина қызметкері бас бос­тан­ды­ғынан айырылса, 5-і шартты түрдегі жазаға кесілді. Ал бүгін сол 149 баланың тағ­ды­ры не болып жатыр? Олар қо­ғам­да өз орнын тапты ма? Сол кез­дегі сәби бүгін 14-ке толды. Демек, өтпелі кезеңде тұрған жасөс­­пірім бұл жағдайды қалай өтке­­руде? Біз осы мәселе бойынша бір­қа­тар зерттеу жүргізіп көрдік. Сол кез­дері 149 баланың 10-ы қайтыс бо­лып, 1-ін шетелдіктер асырап ал­ған бо­латын.  

Бұл – үкім емес, мүмкіндік

ВИЧ індетін жұқтырған Бауыр­жан­ның анасы Әлия осылай дейді. Шым­­кенттік Қанат Әлсейітов пен Әлия Масаурованың тұңғышы Ба­уыр­жан да 2006 жылдың ақпа­нын­да бронхит диагнозымен 3 күн жансақтау бөлімінде жатқан. Кейін сауығып үйге шыққан соң, ауруханаға түскен балаларға осын­дай дерт жабысып жатқанын ес­ти­ді. Қауіпті дерттің өз балаларына да жұқ­қанын естігенде ерлі-зайып­ты­ көпке дейін сене алмай жү­ріп­ті. Бір-біріне «неге біз?» деген сұрақ­ты жиі қоятын. Алайда 149 баланың ата-ана­­сының ішінде ең алғашқы­лар­­дың бірі болып, еңсесін тік­те­­гендердің бірі – осы отбасы еді. Қанат Әлсейітов балалардың құ­қын қорғау барысында біраз ең­бек етіп, белсенділік танытып жү­­ре­тін. «Балам күніне 8 дәріден іше­­тін. 10 жыл бойы үздіксіз 8 дә­рі­ден ішу – әрине, өте қиын. 10 жыл­дан соң баламның ағзасы шар­шады-ау деймін, қинала бас­тады. Кейін комиссияның ше­ші­мімен 2 дәріге өттік. Әрине, бұл да оңай емес. Негізінен, біз бұ­ған мойынсұнып, мықтымыз деп өзімізді алдаусыратқанымен, на­ғыз қиындықты өмір бойы дә­р­іге тәуелді болатын бала кө­ре­ді», – дейді ана. Бүгінде Қазақ­стан­да алғаш болып өзінің осы ін­­детке шалдыққанын ашық айту­ды бастаған жасөспірім Бауыр­жан де­рті туралы 5 жасынан біле бас­та­ған. Ата-анасы мұны алды­мен ойын түрінде ұйымдас­ты­рып түсін­­діріпті. Қанында әлдебір ви­рустың бар екенін, онымен кә­дімгі барлық адам сияқты өмір сүре беруге болатынын, басты­сы дә­рі­ле­рін уақытылы ішіп, вирустың көбеюіне жол бермей отыру қажет екенін санасына құйған. Бүгінде Бауыржан да, оның ата-анасы да ешкімнен оқшауланбай-ақ ашық өмір сүруге бел буған. «Мүмкін, дос­та­рымыздан, таныстарымыздан айы­рылармыз. Бір дос жоғалтсақ, тағы бірі табылар. Бұл бізге бе­ріл­ген үкім емес, мүмкіндік. Ұлы­­ма үнемі осыны айтып оты­ра­­мын. «Сені танымайтын жас­өс­­­пірім са­ған қарап, бұлай да өмір сүруге бо­ла­тынын білуі тиіс» дей­мін. Демек, өзгеге мүм­­кіндік сый­лай­­­­сың деп қолдап оты­­ра­мын», – дейді Әлия. Ол бала­сы­ның дә­­рі­­гер болғанын, ұлының жа­нын түсінетін, оған қолдау көр­се­­те­тін жар кездесуін тілейді. Ал Бауыржан қоғамның АИТВ жұқ­­­­тыр­ғандарға қарым-қатынасы өз­ге­лермен бірдей болғанын және ер­те­рек осы кеселге вакцина та­был­­са деп армандайды. Сондай-ақ өзінің статусын ашық айтатындардың қатарына қа­зір Аяулым қосылған. Шымкент қала­­сындағы мектептердің бірін­де оқитын Аяулым статусы ашыл­ған алғашқы жылдары қатты күй­зе­ліске түсіпті. Бертін келе ана­сы­ның қолдауымен барлығы да реттелген. Аяулымның анасы Ай­жан өзінің журналистерге берген бір сұхбатында қызының осы дерт­ке шалдыққанын ести сала жұ­­байы­ның тастап кеткенін, одан бері қайта көрмегенін айтады. Он­­сыз да қатты күйзеліске түсіп, ба­уы­рындағы бөбегін қалай аман алып қаламын деп жан ұшы­рып жүрген анаға қолдау біл­­діру­дің ор­нына, керісінше жауап­­кер­ші­­ліктен қашып, теріс ай­нал­ған әке­ көп болған сол кезде. Мұ­ны олармен байланыс жүр­­гізіп оты­ратын мамандар да рас­­тайды.  

Өмірге кедергі жасайтын нәрсе емес

Біздің тағы бір кейіпкеріміз – Ин­дира Отжанова. Шақала­ғы­на Кен­тау қаласындағы ауру­ха­на­лар­дың бірінен АИТВ жұқтыр­ған ананың өзі де баласынан ке­сел­ді жұқтырып алған. Яғни, жы­ғыл­ған­ға жұдырық болған бұл дерт­пен кү­ресуде үлкен нәтижеге қол жет­кіз­ген ананың айтары бар. Әлсіздеу болып туған Дас­тан 1 жас 5 айлығында бронхит, жар­ты жылдан соң пневмония бо­лып ау­руханаға түскен. Осы жолы жап­пай балаларды тексеру ке­зін­­де Дастанның қанынан да әл­де­­бір күмәнді нәрсе табылған. «Кейін тренингтерге қатысып, ше­­­телдерге шығып, осы індет ту­­ра­лы зерттей келе «қайдан жұқ­ты, қалай болды» дегенді ой­лай­мын ғой. Ота жасамады, кото­тер қой­мады. Ине салу мен сис­те­­­мадан жұғу мүм­кін­дігі төмен. Ендеше неден бо­луы мүмкін? Әл­де, пер­зент­ха­­нада БЦЖ екпесін сал­ғанда жұқ­ты ма екен деген ой ке­леді. Се­­бебі вак­ци­на адамның тірі плаз­ма­сы­нан жасалады. Осы зат тек­се­рілмеген адамнан алынды ма? Ошақ сол жерден шықты ма екен? Бірақ ол кезде медицина құлдырап тұрған. Барлығын да үнемдейтін. Бір системаны 2 балаға инесін ауы­с­­тырып сала беретін. Тіпті, кейін екеуара әңгімеде бір медбике шприц­терді өздеріне алып қалу үшін онсыз да жетпей жатқан ине­­­ні үнемдеп пайдаланатынын айт­­ты. Иә, қалай болғанда да бұл Ал­ла­­ның бізге берген сынағы бо­­­лар деп қабылдадық», – дейді Ин­­дира. Бөбегінің дерті жанын қоярға жер тапқызбай жүргенде 1,5 айдан соң өзінің де баласы арқылы жұқ­­­тырып алғанын естіген ол, са­быр­лығының арқасында болса керек, жұрт секілді байба­лам салмай-ақ қабылдаған. Ата-ене­сіне, жұбайына болған жайт­ты баяндағанда, олардың көз­­­қарасы өзгере бастапты. Ашық айтпаса да әрбір әрекеттері, туыс­­тарының үйге келмей қалуы, жол­­дасының үйінен қашқақтай бе­­руі Индираға қатты соққы бо­ла­­­ды. Дегенмен ананың бар ойы баланың денсаулығы, оны аман алып қалу еді. Себебі оның дерті қатты асқынып тұрған. Бір там­шы қанда 2 миллионнан ас­там ви­­рустық жүктеме болған. Шым­кент­­тегі «Ана мен бала» орта­лы­ғын­­да 20 күн жатып ем алады. Бәрі­бір сәбиге әлі де ұзақ және тия­нақты ем қабылдау қажет. Бір күні өзі де науқастанып қа­лып, Кентау қаласындағы ау­ру­­­ханаға барғанда мұндағылар қабыл­да­май­ды. «Шымкенттегі өзіңнің ауруханаңа бар» деген ауыр сөзді естігенде онсыз да отбасынан жы­­лулық таппай жүрген ана «біз­дің ор­нымыз бұл жақта емес екен» де­ген шешімге келеді. Оның үс­­тіне, қала әкімдігінде, мек­теп­­те, одан соң телевидениеде жұ­мыс істеп, іс-шараларда жүр­гізу­ші болғаны, яғни қалаға аз да болса танымалдығы тағы бар. «Иә, алғашында ары кетсе 5 жыл­дан соң өліп қалады де­ген дұ­рыс емес ақпарат көп бол­­ды. Ауруханада жатқанда адам­­­дармен сөйлесу және қор қыз­­­меткерлерін тыңдау арқылы өмір­­мен күресуді үйрендім. Үйде жы­­лап жата бергеннен гөрі, өзім сияқ­­ты осындай дертке душар бол­­ғандармен жұмыс істеу, со­лар­­­дың ортасында болу мен үшін қолайлы еді», – дейді ол. Осы­­лайша, сол кездегі облыс ор­та­­лығына көшуге бел буады. Қайын аға­сы қолдау білдіргенімен, жол­да­сы әке-шешесінің жанында қа­­латынын айтқан. Ал Индира ешкімге ренжіместен, баласының болашағы үшін сәбиін құшақтап Шымкентке көшіп кетеді. Мұнда «Балаларды СПИД-тен қорғау» қоғамдық қорында, үкіметтік емес ұйымдарда волонтер, әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істей жүріп, нәпақасын тауып қана қоймай көптеген адаммен сөйлесу арқылы өмірге бейімделе бастады. «Өміріміздің көбі ауруханада өтті, жарты ай үйде болсақ, жарты ай ау­руханада жүрдік. Менің бар ойым баламды емдету, қарау, қада­ға­лау болды. Біреуді соттатып, не болмаса ол үшін өтемақы тө­ле­туге бас ауыртып, уақыт жоғалт­­қым келген жоқ. Қазір шүкір, үздіксіз дәрі қабылдаудың арқасында өзімде де, ұлымда да 1 тамшы қан­да бар болғаны 34-35 вирустық жүк­теме бар. Иммун тапшылығы да жо­ғарылаған», – дейді Индира біз­бен әңгімесінде.    width= width= Индира Бауыржанқызы қарсы пікір айтушылардан гөрі, өмірмен күресетін, өмірдің жарқын жағын көре білетін жандармен жұмыс іст­е­генді жақсы көреді. Айналасы қар­сы пікір айтушыларға толып кет­кенде, қоғамның осал топтары бол­ғанымен көзқарасы көңілді топтың құрамына кірген. «Шыны керек, сол кісілердің жанында жү­ріп, жиындарда өзімнің ВИЧ ин­фек­циясын жұқтырғанымды ашық айт­қан сайын бойыңнан ауыр жүк түсетінін, жеңілденетінімді сезін­дім. Түрлі адамдарды көріп, бұлай да өмір сүруге болатынын білдім», – дейді ол. Индира педагогикалық бі­лі­­мі­мен қоса психология ма­ман­­дығын меңгеріп алып, өзі де «Жан жолдас» қоғамдық қо­рын құрған. Негізгі жұмысы – осын­­дай дертке шалдыққан жан­дар­ға қол ұшын беру. 10 жыл бойы түр­лі жобаға қатысып, ауыл мек­­теп­теріндегі психологтардың бі­лі­­мін жетілдіруге атсалысады. Тіпті, ауылдағы ұлттық бірыңғай тест алдында тұрған жоғары сы­нып оқушыларына семинар-тре­­нингтер өткізіп, олардың құл­шы­нысын оятады. «Жан жолдас» қоры дәл қазір ешқандай жобамен жұ­мыс істеп жатқан жоқ. Бірақ мү­шелерімізбен бірге топтар ар­қы­лы кез келген мәселеде кө­мек сұрағандарға қолдау көрсе­те­міз. Шүкір, қазір АИТВ ин­фек­циясы бойынша елімізде жағ­дай бірқалыпты. Мемлекет тара­пынан тиісті дәрілер дер кезін­де беріліп жатыр. Негізінен, бұл дерт­тің ең бас­ты мәселесі – дәрі. Ма­ман­дар­­дың нұсқаулығы бойынша тиіс­ті дәріні күн сайын дер кезінде ішіп жүрсең, денсаулығы мықты адам­дарша жұмыс істеп, өмір сүре бересің. Әрине, күйзеліс, ішім­­дік дегеннен аулақ болған жөн. Са­лауатты өмір салтын ұс­та­нып жүрсе, еш қиындығы жоқ. Психологияны көп оқып, жал­пы өмірдегі тәжірибемде бай­қа­ға­ным, адам өзінің осындай дерт­ке шалдыққанын білгенде қат­ты күйзеліске түсіп кетеді де өз­­ін тастап жібереді. Сәл уа­қыт­­та өлемін ғой деген ой пайда бо­­лып, өзін тастағандар шынында да өмі­рімен тез қош айтысады екен. Жалпы, бұл дерттің өзі де – психосоматика. Яғни, өз-өзіңді мо­раль­­дық және психологиялық тұр­ғы­да қолдап, дәріні уақытылы ішіп жүрсең болғаны», – дейді Ин­дира.  

Дастанның інісі  өмірге келеді

Бүгінде 8-сыныпта оқитын Дас­тан өзінің дерті туралы 5 жа­сы­нан бастап біле бастаған. «Неге мен дәрі іше беремін? Қашан тоқ­­татамын?» деп анасынан сұ­рай бастаған соң, жайлап қа­ны­н­да бір вирус бар екенін айтып түсін­дірген. «Витаминка» мульт­филь­мін бірге көре отырып, түсін­ді­ріп­ті. 10 жастан асқанда АИТВ жұқ­тырғанын, анасына да осы дерт жабысқанын білген. «Бұл сенің өміріңе кедергі жасайтын нәрсе емес, тек өмір салты деп айттым. Жалпы, өзім педагог болған соң шай үстінде мұндай індеттің қа­лай, неден жұғатынын жаймен ай­тып отырамын. Досым ретінде ашық сөйлесеміз. Сырттан толық емес ақпаратты естіп, әр жерден мәлі­мет іздеп жүргенше өзімнен естігені дұрыс. Мінезі тұйықтау. Бұл тақырыпты онша қозғағысы кел­мейді. 2 мәрте бағдарламаға шық­ты да кейін қарсылық білдірді. Әр­кімнің сұрақ қоя беретіні жақ­паса керек», – дейді анасы. Әрине, қанша жерден өмір салты деп қа­рағанымызбен, баланың кей­бір қызығушылығын шек­тей­ді. Каратэге қатысып көріпті, жат­тығудан терлеп шыға беретін болған соң, жиі ауырып қала берген. Сондықтан бұл қызығушылықтан бас тартып, сурет салу үйірмесіне қа­тысқан. Ақпараттық техноло­гия­ға бейімділігі бар. «Дастан па­пасынан ешқашан қол үзген емес. Кішкентай кезінде де келіп, ой­натып кететін. Қазір жазғы де­малыста үнемі ауылда болады. Ата-енеммен де байланысып тұ­ра­­мын. Ол кісілерді де түсінуге бо­ла­ды. Кезінде барлық жерде де дұ­­рыс емес ақпараттар болды ғой», – дейді Индира. Индираның тағы бір ерлігі – бүгінде екінші сәбиін өмірге әке­луге бел буған. «Жақын күндері Дас­танның інісі өмірге келеді», – дейді ана жүзіндегі қуанышты жа­сыра алмай. Өмірінде көрген қиын­дықтарынан соң өзіне қам­қор болар ер азамат қол соз­ғанда келісімін беріпті. Бүгінде жұбында ондай дерттің белгісі жоқ. Өмірге де дені сау ұрпақ әкелемін деген үміті бар. «Бұл – үлкен тәуекел. Жоспарымда болмаған еді. Тіпті, 1-2 мәрте түсік те жасаттым. Алай­да осыны Алланың берген сыйы шы­ғар деп қабылдадым. Иә, бізде әйел­дердің 40 пайызы дені сау бала туа­ды. Кесір тілігін жаса­тып, ба­ланы емізбеуге шешім қабыл­да­уымыз керек. Оған дайынмын», – дейді ол. Кейіпкеріміз алдымен бала­лар­­дың анасымен көп жұмыс істеу керек екенін айтады. Себебі олар­дың өзінде әлі қоғамнан оқ­шаулану, бөлектену мәселесі бар. Мұны қабылдап, өзін-өзі да­йындап, тәрбиелеп алмай бала­сы­на оны түсіндіріп айта алмайды. Ал өз статусын білмеген бала бәрібір дәрі қорабының сыртынан оқиды. Дұрыс емес ақпараттар жи­найды. Осылайша, өмірден тү­­ңіледі», – дейді ол. Сонымен бір­ге бұл тақырып неғұрлым жа­бық болған сайын бұл індеттің қатары да көбейеді. Өзін бөлектеп жүрген адам дәрігерге де көрінбей, ешкімге айтпай үнсіз айналаға жұқ­тырып жүре беру қаупі туын­дай­ды екен. Жалпы өмірге құлшыныспен қа­рау көзқарасының арқасында Ин­дираның ағзасындағы вирус өс­пеген. Ұйқылы жағдайда қалыпты. Дәрі­­герлер де таңғалған. «Әрине, дәріні қабылдай берудің де өзіндік қиындығы бар. Алғашқы 2-3 айда ағза бейімделгенше, тіпті қиын бола­ды. Дегенмен оны да қабыл­дау­да ішкі сеніміңнің әсері үлкен. Дәрумен ішіп жатырмын деп жеңіл қабылдап, өзіңді сендіруің керек. Сонда жеңіл өтеді. Егер қиын деп ішпей қойсаң, одан да зорға тап болуың мүмкін», – дейді ол. АИТВ – созылмалы дерт бол­ған соң мемлекет балалар жәр­­демақысы ретінде өтемақы тө­лей­­ді. «Иә, көп те емес, аз да емес. Шүкір баламның қажетіне, дұ­рыс тамақтануына жарайды. Шын­дап келгенде, кінәлілер біреуі де келіп, кешірім сұраған жоқ қой. Сон­дықтан жәрдемақы төлеп жат­­қанда да дұрыс қабылдадым. Мұ­нымен мәселе шешіліп қой­ған жоқ, әрине. Алда талай қиын­дық­тар болуы мүмкін. Келешекте достары бөлектеуі, не болмаса бір қыз­ды ұнатып қалып, ол қабыл­да­май қою мәселесі де туындауы мүмкін. Ондайда дер кезінде қол­дау көрсету қажет», – дейді бұл тура­лы Индира. Кейіпкеріміз сәбиін қолына алып, аяққа тұр­ғы­­зып алған соң аналар мен қыз­­дарға кеңес беретін орталық ашуды ар­­­мандайды. Қазір үйде шығар­ма­­шылығын дамытып, білімін ұш­тап жатыр. Бұл жетістіктің бә­­ріне сабырлығының арқасында қол жеткізген.  

Деректер сөйлесін...

Осы оқиғадан соң Шымкентте Мем­лекет басшысының Жарлы­ғы­мен дертке шалдыққан бала­лар­ды емдеу үшін арнайы «Ана мен бала» оңалту орталығы ашыл­ған. Орталықтың диспансер бөлі­­мінің меңгерушісі Салтанат Тоғыс­баева­ның айтуынша, бүгінде мұнда Түр­кістан облысы мен Шымкент қа­ла­сы бойынша 18 жасқа дейін­гі 236 бала есепте тұр. Оның 122-сі­ – Шым­кент қаласында, қал­­­ғаны Түркістан облысының ауыл­­дарында тұрады. Бөлім мең­ге­рушісі Созақ ауданынан басқа ай­мақтың бәрінде бұл кеселді жұқтырғандар бар екенін айтады. Ал 236 өскіннің 118-і 2006 жылы дәрігерлер немқұрайдылығынан жұқтырғандар. 8-інің қосымша сал ауруы бар. Барлығының да жағ­дайы бірқалыпты, тиісті ем­де­рін алып жүр. Оның 71-і Шым­кент қа­ласында тұрады. Қал­ған­­ы есейіп, қалалық ЖИТС орта­лы­ғына өткен. Ал Шымкент қалалық ЖИТС ор­талығы берген мәліметке сү­йен­­сек, мұнда 18 жастан асқан 15 жасөспірімнің 14-і арнайы рет­ро­вирусқа қарсы терапия қа­был­дайды. Бүгінгі таңда емнің кли­никалық, иммунологиялық және вирусологиялық жоғары тиім­ділігіне қол жеткізілген. «Жас­өс­пірімдерде ретровирусқа қар­сы терапия тәулігіне 1 немесе 2 рет қабылданатын таблеткамен жүр­­гізіледі. сондықтан айтар­лық­­т­ай қиындық туғызбайды. Дис­пансерлік бақылау және ем­­деу мемлекет есебінен тегін жүр­­­гізіледі», – дейді мамандар. ЖИТС орталығында тіркеуде тұрған 15 жасөспірімнің 1-і мек­теп оқушысы, 6-ы жоғары оқу ор­­­ны­ның студенті болса, 6-ы жеке кә­сіп­пен айналысып жүр. 2016 жылы есепте тұрған бір жас­өспірім қосымша аурулары бол­ғандықтан қайтыс болыпты. Дә­рігерлердің кінәсінен АИТВ жұқ­­тырған 149 баланың үлкені бүгінде 28-ге толған. Осы сияқты ер жетіп отау құратын жасқа жет­кен 6-ы қазіргі таңда үйленіп, тұр­мыс құрыпты. Мамандар олардың жұ­байларында вирустың белгілері жоқ екенін айтады. Туған бала­ла­р­ы да сап-сау. «АИТВ инфекциясын жұқ­тыр­ған жасөспірімдермен жұ­мыс іс­теуде ең алдымен АРВ-тера­пия­сын қабылдауда ұстамдылық сақтау киыншылықтар туғызады. Себебі балалар үзіліссіз күн сайын дәрі қабылдай беруден шаршайды. Бұ­ған үлкен жауапкершілік, ерік-жігер керек. Одан кейін ста­тусы ашылған баланың мұны дұрыс қа­бы­лдап кетуі де қиын. Үшін­шіден, өзінің статусын білгеннен кейін айналадан өзін оқшаулап, бөлектемей еркін жүруді үйренуі де оңай болмайды. Жалпы, баланың статусын ашуға (қауіпті дерті бар екенін өзіне естірту) қолайлы уа­қыт – 6-12 жас. Себебі одан ары қа­рай бала өтпелі кезеңде тұрады. Алайда кейбір ата-аналар бұл ұсы­нысты қабылдамай, өзіміз айтамыз деп жатады. Сол кезде вирусты жұқ­тырғанның 6-ында әлі ста­­тусы ашылмаған. Ата-аналары өздері естіртеміз деп отыр», – дей­ді балалар дәрігері. Сонау 2006-2007 жылдары орын алған тарихи оқиғаны еске алған Салтанат Әзімқызы талай қиын­дықтың артта қалғанын айта­ды. «Алғашында дәрігерлерге жек көру, ашу-ыза бойын билеген ата-ана­лармен жұмыс істеу өте қиын бол­ды. Сондықтан болса керек, бұл орта­лықта жұмыс істеуге көптеген медицина қызметкері бата алмады. Соған қарамастан басшылар қа­таң бақылауға алынған «Ана мен бала» орталығына білімді, бі­лік­ті мамандарды жинады. Сол жыл­дан бері осында өзімізге тие­­сілі ба­лалармен жұмыс істеп, ба­уыр ба­сып кеттік. Әрине, ата-ана­лар­ды да түсінуге болады. Ол кез­де олар түгілі өзіміз де шошып, аб­ды­­рап қалғанбыз. Қазір туыстай бо­лып араласып, бір-біріміздің қуа­ны­шы­мызды бөлісіп тұрамыз», – дей­ді ол. Балалар орталыққа 3 айда бір келіп, тиесілі дәрілерін алып тұрады екен. Олардың уа­қы­­тылы дәрі қабылдауы дәрі­гер­лер – бақылауында. Орталықта дәрі­герлер кінәсінен АИТВ жұқ­тыр­ған 118-ден бөлек, 14 жыл­да дәл осынша бала тағы қосыл­ған. Дәрігерлер мұның басым бөлігі көршілес Өзбекстан Респуб­ли­ка­сынан көшіп келгендердің бала­ла­ры екенін айтады. Сондай-ақ сәбидің көбі анасынан жұқты­рып алған. Жалпы, АИТВ-тің үш жол­мен ғана яғни жыныстық қа­ты­нас, қанмен және анадан балаға (еміз­генде немесе туу кезінде) не­­­­месе баладан анаға жұғатыны бел­гілі. Дегенмен орталықтағы 236 балаға 1 психологтың аздық ететіні айтпаса да түсінікті. Себебі нағыз психолог қажет ететін орталыққа кәсіби мамандар керек. Міне, Шымкенттегі біз көз жет­кізген мәліметтер – осы. Тірі адам тіршілігін жасайды. Ендігі ар­ман – осы періштелерді құ­лан-таза айықтыратын вакци­на­ның шығуы.    width=Назгүл НАЗАРБЕК

Шымкент қаласы