Бір айда 18 келіден астам есірткі тәркіленді – Шығыс Қазақстан
Бір айда 18 келіден астам есірткі тәркіленді – Шығыс Қазақстан
205
оқылды
Шығыс Қазақстан облысының полицейлері ақпан айының басынан бері 18 келіден астам есірткі заттарын тәркіледі. Оның 20 грамнан астамы есірткінің ауыр түрі – героин. Бір айдың ішінде тіркелген 42 қылмыстық істің бесеуі сананы улайтын заттарды өте үлкен мөлшерде заңсыз сақтау және үшеуі таратуға қатысты болып отыр. Мәселен, өңірдегі ішкі істер департаментінің ұйымдасқан қылмыспен күрес бөлімінің қызметкерлері 31 жастағы өскемендіктің үйінен 3 келі марихуана тапқан. Одан әрі тінту жұмыстарын жүргізген кезде маңайындағы гараж кооперативтерінің бірінен тағы 4 келі есірткі заттарын тауып алды. Жалпы салмағы жеті келі заңсыз заттарды сақтаған азамат қазір ұсталған, қылмыстық жауапқа тартылмақ. Семей қаласында да сәтті жүргізілген арнайы операцияның нәтижесінде есірткі заттарын үлкен мөлшерде сатпақ болған қылмыстың жолына тосқауыл қойылды. Заңсыз заттарды сатумен айналысады деген күдікпен қолға түскен 48 жастағы  азаматтың  «Рено» автокөлігінен 3 келі 700 грамм есірткі табылды. Өскемен қалалық есірткі заттарымен күрес бөлімінің мамандары нашақорлықпен байланысты тағы екі қылмысты әшкереледі. Полицейлер жедел-іздестіру шаралары кезінде 38 жастағы тұрғыннан сатуға арналған 7 грамм есірткі алған. Сонымен қатар полиция қызметкерлері заңға қайшы іс-әрекет жасады деген күдікпен 32 жастағы келіншекті  тұтқындады. Құқық қорғаушылар іздестіру шаралары кезінде әртүрлі мекенжайда орналасқан есірткі жасыратын екі орынды анықтаған. Сол жерден табылған 10 грамнан есірткі салынған пакеттер де осы  әйелдікі болып шыққан. Қазір барлық істерге қатысты қылмысты істер қозғалды. Дәурен Аллабергенұлы, Шығыс Қазақстан