Кейінгі жылдары еліміздің зияткер жастары STEM бағдарламалары мен робототехника саласына ден қою ар­қылы жаңа технологияға, озық инже­нерияға деген құлшыныстарын дүние­жүзілік додаларда жап-жақсы көрсетіп жүр.
Додаға тастүйін дайын
827
оқылды

Оның үстіне жасанды интеллект (АІ), толықтырылған шындық (AR), виртуалды шындық (VR), кеңейтілген шындық (XR) және аралас шындық (MR) сынды жаңа реалитилер мен мүм­кіндіктердің дамуы жалпы робото­техника саласына тың екпін бергені рас. 

Елімізде осы саланы оқушылар арасында дамытып, халықаралық додаларға республика бойынша іріктеу өткізіп жүрген ұйымдардың бірі – USTEM Robotics Foundation. 2017 жылғы Вашингтонда өткен осындай олим­пиададан шабыт алған Нұрдәулет Досмағам­бет пен Асылбек Мырзахметов бүгінде робототехника сайысының басы-қасында жүр. Қазақстан бойынша жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар деп танылған жастар FIRST GLOBAL Сhallenge 2023 атты халықаралық олимпиадаға қатысу мүмкіндігіне ие болады. Ол әлемдік дода биыл 7-10 қазан күндері Сингапурде өтпек. Үндістаннан бастап, Боливия, Малайзия, Словакия, Венесуэла, Вьетнам, Аргентина және тағы басқа елдердің жас инженер-ғалымдары қатысатын бұл турнирге үміткер атану – биік мәртебе әрі зор жауапкершілік. 

Астана қаласының физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі­нің жас дарындарынан жасақталған Qial және Robust атты қос команда осы республика­лық іріктеу турниріне қызу дайындықты бастап кетті. Бұл екі топ бүгінге дейін біраз шың­далып, бірқатар жетістікке жетіп үлгер­ген. Мәселен, бірінші команда былтыр өткен FIRST турнирлеріне қатысып, республикалық кезеңде Core Values атты номинацияда бас жүлде алса, екінші команда SMM challenge атты кезеңде еліміз бойынша бас жүлдеге ие болған. 

Robust командасы – қазірдің өзінде тәжірибелі, белсенді, талабы зор топ. Social Media Challenge жобасының тапсырмасын орындау кезінде сутегі тақырыбында зерттеу жүргізді. Инновациялық жоба жасап, адамзат үшін маңызды сала энергия мен атмосфера мәселелерінің шешімін ұсына білді. Qial және Robust командалары өздері әлі оқушы болса да, өзге білім ордаларындағы ұландар­мен білгенімен бөлісіп келеді. Мәселен, жуырда ғана Назарбаев университетінің алаңында ауыл балалары үшін ұйымдасты­рылған «Айналайын» лагеріне арнайы барып, за­мандастарына Arduino және Lego бағдар­ламалары бойынша шеберлік сыныптарын жүргізді. Өздері секілді оқушылармен бірге роботтар құрап, «Робо-сумо» сайысын өт­кізді. Бұл екі топтың белсенді жастары өзде­рі­нің әлеуметтік желілердегі @qial_fgckz және @robust_fgckz парақшалары арқылы да пайдалы контентпен бөлісуді қолға алды. 

Әр команданың жас құрамы әртүрлі, бұл – жастар арасындағы білім мен тәжірибе сабақтастығының алғышарты. Мәселен, Qial командасының капитаны Малика Хасен 10-сыныпта оқыса, Наджмудин Әдиханов пен Семен Чистяков – 8-сыныптың, Камила Сағыныш – 9-сыныптың, ал Әли Қайыр­дықожа – 11-сыныптың оқушысы.

Халықаралық робототехника олимпиада­сына қатысу міндетін жоспарлап отырған бұл екі команданың жетекшілері – Назарбаев зияткерлік мектептерінің түлектері Нұрбол Мақтаев мен Мирас Мұратханов. Бүгінде Назарбаев университетінде оқитын студент­тер өздерінен кейінгі буынға қолдау білдіріп, маңызды шараға дайындауға уақыт тауып жүр. 

«Біздің басты мақсатымыз – робототех­ника мен STEM саласына үлес қосу, өзіміз сияқты басқа оқушыларға үлгі болып, бұл саланы танымал ету. Сонымен қатар біз үшін FIRST турнирлері – бұл жаңа мүмкіндіктер мен білім қайнары. Жаңа жобалар мен робот­тарды құрастырған кезде қызықты әрі пай­далы тәжірбие аламыз. Роботтарды жо­балау мен құрастырудан бастап, бағдарла­малау мен тапсырмаларды шешуге дейінгі тапсырма­ларды орындауға әзірміз. Осылай­ша, жаңа технология әлеміне өз үлесімізді қосуды қалаймыз. Қазақстанның туын Сингапурда көтергіміз келеді», – дейді Qial командасының капитаны Малика Хасен. 

Қазіргі таңда олимпиаданың алдын-ала онлайн іріктеу кезеңіне 100-ден астам ко­манда тіркеліп үлгерген, олардан тек 40 ко­манда республикалық кезеңге өтеді. Қазақ­станның цифрлық болашағы мен әлеуеті осындай озық технологияға талабы зор, бейімі мол болашақ инженер-ғалым­дардың қолында екені анық.

Алма САЙЛАУҚЫЗЫ,

журналист