Ақ үй жасанды интеллект жүйелеріне қатысты қауіпсіздік шараларын қабылдай бастады. 7 компания ЖИ технологиясын қолданудан туындайтын тәуекелдерді азайтуға міндеттеме алды. Ақылды машина жасаған контент енді цифрлық су таңбаларымен белгіленеді. Оны машина жасағаны көрініп тұрады
Ақ үй қауіпсіздігін робот қорғай ма?
1,708
оқылды

Ақ үй америкалық жеті ықпалды технологиялық компания АҚШ-та қауіпсіздік шараларын сақтауға келісті. АҚШ билігі олар ЖИ технологиясын қолданудан туындайтын тәуекелдерді басқаруға міндеттеме алғанын хабарлады. BBC News материалына сілтеме жасаған Aikyn.kz бұл шешімнің ақылды машиналардың әлемдік технологиялық ортада дамуына әсерін түсіндіреді. 

Фото magicbricks.com сайтынан алынды

Жасанды интеллектуалды жүйелерді жасаушы көшбасшы компаниялар өздеріне алған міндеттемелер аясында визуалды және аудио контент үшін су таңбалау жүйесін әзірлеп, енгізеді. Контентті таңбалау жүйесі кәдімгі қағаз ақшаларды қолдан жасаудан қорғайтын су таңбаларына ұқсайтын болады. Мұндай цифрлық су таңбалар кез келген пайдаланушы ЖИ платформасында жасаған контентте таңбаланып, оны машина жасағанын көрсетіп тұрады.

Бұл ЖИ-дің артықшылықтары мен сын-қатерлері туралы пікірталастар көбейгенде президент Джо Байден әкімшілігінің реттеу мен заңнаманы жақсарту арқылы технологиялардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мақсат еткен қадамы болды. 

АҚШ президенті маусым айында Сан-Францискода ЖИ сарапшылары мен зерттеушілерінің басын қосқан кездесу өткізсе, мамыр айында Ақ үйде Google, Microsoft, Anthropic және OpenAI басшыларын қабылдады. Amazon, Anthropic, Google, Inflection, Meta, Microsoft және OpenAI өкілдері 21 шілдеде Ақ үйде президентпен тағы да кездесті. Компаниялардың өздеріне алған міндеттеме осындай тығыз кеңесулердің нәтижесінде пайда болған. 

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Anna Moneymaker

«Біз олардан өз міндеттемелерін орындауды талап етеміз. Компаниялар мен федералды үкімет қазіргі қабылдап жатқан қауіпсіздік шараларынан да көп шешімдер қабылдаулары тиіс», – дейді Ақ үй аппаратының басшысы Джефф Зиентс. 

Алайда, мәлімдемеде міндеттемелерді орындау тетіктері айтылмаған. Өйткені олар негізінен ЖИ-мен айналысатын компаниялар енгізген немесе уәде ететін қауіпсіздік шараларын көрсетеді. Мысалы, OpenAI өзінің GPT-4 моделін осы жылдың наурыз айының соңында іске қоспас бұрын, компания оны зиянды немесе нәсілшіл контент жасауға арандатуға тырысқан сыртқы сарапшылармен жарты жылдай жұмыс істеген.

Ақ үй жаңа міндеттемелер федералды заңнаманы алмастырмайтынын ескертеді. Сарапшылар Ақ үйдің осы бастамасы әлеуметтік желілерде жалған ақпарат пен зиянды контенттің таралуына тосқауыл қоюға арналған ЖИ құралдарына қатысты ережелер орнатуға бағытталғанын айтуда.  

Төмендегі BBC News видео материалында БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінде ЖИ-ден туындайтын қатерлерді талқылау туралы айтылған. Әр мемлекеттің өзіндік ұстанымдары осында белгілі болды.

Ақ үйде көтерілген мәселенің саяси астары да бар. 2024 жылғы АҚШ президенттік сайлауы қарсаңында жалған ақпараттың таралуына қатысты америкалық билікте үлкен алаңдаушылық туындаған. Президент Джо Байден жұма күнгі сөйлеген сөзінде: «Біз жаңа технологиялар тудыратын қауіп-қатерлерге қатысты қырағы болуымыз керек. Біздің демократиямыз мен құндылықтарымызға да қауіп төнуі мүмкін», – деді.

Сәрсенбіде Facebook-тың  бас компаниясы Meta өзінің Llama-2 деп аталатын жасанды интеллект құралын жариялады. Meta компаниясының жаһандық коммуникациялар жөніндегі президенті Ник Клегг BBC-ге сұхбатында «дүрлігу технологиядан біршама озып кеткенін» айтқан.

Ақ үйде қол қойылған келісім аясында компаниялар мынадай шешімге келген:

  • ЖИ жүйелерін шығарар алдында ішкі және сыртқы сарапшылар олардың қауіпсіздігін сынайды;
  • су таңбалары арқылы ЖИ жасаған контентті адамдардың анықтай алуын қамтамасыз ету;
  • жасанды интеллектің мүмкіндіктері мен шектеулерін көпшілікке тұрақты түрде хабарлау;
  • теріс түсініктер тарату, кемсітушілік пен жеке өмірге қол сұғу сияқты тәуекелдерді зерттеу.

Мұндағы мақсат – адамдарға онлайн контент ЖИ жасағанын анықтауды жеңілдету екенін Ақ үй ашық айтуда. «Бұл - үлкен жауапкершілік, біз бәрін дұрыс жасауымыз керек. Сонымен қатар орасан зор өсу әлеуеті бар», – деп мәлімдеді президент Байден.

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Kevin Dietsch

Жұмада қол қойылған келісім АҚШ-та ЖИ-дің қызметін бақылауды қатаңдатуға бағытталған. Ақ үй әкімшілігі де қажетті жарлықтар дайындап жатқанын жариялады. АҚШ сонымен қатар ЖИ жүйелерін дамыту мен пайдалануды бақылауға алу үшін халықаралық құрылым ашу жоспарымен одақтастарымен бөліспекші.

Жасанды интеллект контентін су таңбаларымен белгілеу Еуроодақтың ішкі нарықтар бойынша комиссары Тьерри Бретон маусым айында Сан-Францискоға сапары кезінде OpenAI бас атқарушы директоры Сэм Альтманмен талқылаған тақырыптардың бірі болған еді. Бретон өзінің және Альтман мырзаның бейнеклипі көрсетілген твитте: «Әсіресе су таңбалары туралы талқылаулардың жалғасын асыға күтеміз» деп жазған болатын. Сол кездегі бейнеклипте Альтман мырза «жақында» OpenAI су таңбасымен не істеп жатқанын көрсеткісі келетінін айтқан.

Технологиялардың қауіпсіздігі жалған ақпарат жасау мен қоғамды тұрақсыздандыру үшін пайдаланылуы мүмкін екені, адамзатқа экзистенциалды қауіп төндіруі мүмкіндігін қамтиды. Дегенмен соңғы кезде ғалымдар да ЖИ-мен байланысты машиналардан туындайтын ақырзаман туралы ескертулерді жиі айта бастағаны да қолданушыларды ойлантып тастады.