ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті Sincere System Group (S-Group) компаниясының өкілдеріне қатысты қаржы пирамидасын құрып, оны басқарды деген күдікпен соталды тергеуді бастады.
Депозиттің ең төменгі сомасы – 100 доллар: Алматыда тағы бір қаржы пирамидасы анықталды
801
оқылды

Ведомство мәліметінше, компания қызметі ерте кезеңде тоқтатылып, бұл алданған инвесторлар санын азайтуға мүмкіндік берген.

"S-Group компаниясының өкілдері салымшыларға айына 6 пайыздан 8 пайызға дейін немесе жылына 70 пайыздан астам жоғары кіріске уәде берді. Депозиттің ең төменгі сомасы 100 доллар болады.

Сондай-ақ, салымшыларды тартқан жағдайда соманың 5 пайызы көлемінде кепілдендірілген кіріс қарастырылған", – делінген хабарламада.

Бұл ретте клиенттерге ақшаны қабылдау дерегін растайтын құжаттар мен келісімдер ұсынылмаған, салым сомасы жеке кабинетте цифрлық түрде көрсетіліп, салынған қаражатты алу мүмкіндігі болмаған.

Қазіргі уақытта соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктіге қатысты "қамау түріндегі" бұлтартпау шарасы санкцияланған.

"Егер сіз және сіздің туыстарыңыз S-Group компаниясының қызметінен зардап шексе, Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне немесе ҚМА call-орталығына хабарласыңыз", – делінген ҚМА баспасөз қызметінде.