Елімізде лудомандар саны 350 мың адамнан асты. Бұл биліктің азамат­тарды құмар ойындардың құрығынан қорғауда пәрменді шаралар қабылдай алмағанын көрсетеді. Депутаттар айт­қандай, казиноларды қозғап жүріп Қонаевқа, шулап жүріп Щучинскіге көшіргенмен, мәселе толық шешіл­меді.
Құмарлық соңы – құрдым
1,130
оқылды

Құмар ойындардың індет ошағы шырмауық секілді өрімдей жастары­мызды шырмап, есірткіге еліткен жан­дай ес-түсінен айырып, түрлі онлайн-казино мен терминалдарға тел­міртіп қойды. Сондықтан ел Үкіметі алда Парламентке букмекерлер мен казиноларға қатысты жаңа заң жоба­ларының топтамасын әкелмек. Не өзгереді? 

Қазақстандағы көшбасшы оқу орны са­налатын Назарбаев университетінде, ғы­лыми жұмыс аясында зерттеу жүргізген отандық мамандар төбе шашты тік тұрғы­за­тын тұжырымға келді. Сауалнамаға қатысқан 399 студенттің ішінде 11%-ы – құмар ойын­дарға бейім болып шықты. Олар ойын автоматтарына үнемі ақша салады екен. Тағы 5,76%-ын  зерттеушілер «әлеуетті патология­лық ойыншылар» деп бағалады. 

Салыстыратын болса, бұл дамыған елдердің де, дамуға кенже қалған елдердің де көрсеткішінен нашар. Мысалы, АҚШ-та білім қуған жастар арасында ойынқұмарлық көрсеткіші – 3%, Шотландияда – 3,9%, Жапонияда – 4,2%, Нигерияда – 4,2%, Қытайда – 6,4%, Сингапур мен Канадада – 8,7% көрінеді. 

Лудоманиямен күресу үшін Қазақстанда ойынға тәуелділіктен зардап шегетін адам­дарға көмек көрсететін мамандандырылған орталықтар да құрылды. Алайда бұл орталық­тар мәселені толығымен шеше алмады. Кеселге тоспа қою үшін Үкімет, қоғам және бизнестің бірлескен жұмысы қажет.

Бәс тігем деп бас тіккен

Ресми деректер бойынша, Қазақстанда қазірдің өзінде шамамен 350 мың азамат ойынқұмарлыққа салынған. Бұл ретте бір адамды лудоманиядан емдеу орта есеппен 400 мың теңге тұрады. Тиісінше, 350 мың ойыншыны емдеуге 140 миллиард теңге шығын шығару қажет болады. Мұндай ауырт­палықты мемлекеттік бюджет те, отба­сылар да көтере алмайды. Мұның сыртында құмар ойындарға тартылған қазақстандықтар саны жоғары қарқынмен өсіп барады. 

Тағы бір жаншошырлық дерек бар. Ойын­шылар жалақысын, бар тапқан-таян­ғанын бәске тігеді. Одан қалды, үйіндегі құн­ды дүние-мүлкін комиссиялық дүкен­дерге сатып, ломбардқа салады. Сонымен қатар банктерден, микроқаржы ұйымдары­нан сыйақы ставкасы аса қымбат тұтыну­шы­лық кредиттер рәсімдейді. Мәдениет және спорт министрлігі анықтағандай, ойын­құмар­лардың әрқайсысының мойнында орташа мөлшері 10 миллион теңге қарыз бар. Көбісінде бұдан да көп. Яғни, 350 мың адамға шаққанда, лудомандар 3,5 триллион теңге несие алып, букмекерлер мен кази­ноларға салған. 

Салдарынан, құмар ойынға шатылғандар қатігезденіп, адам айтса нанғысыз ауыр қылмыстарға баруда. Ақшасын ұтқызған шымкенттік азамат айдың-күннің аманында анасы мен атасын құрбан етті. Оңай олжа таппақ болған астаналық жігіт қаржысынан қағылған соң өзінің азаматтық некедегі әйе­лін мерт қылды. Биыл Маңғыстау облы­сындағы бейнеулік тұрғын, төрт баланың әкесі 20 жылда 200 миллион ақшасынан айырылғанын айтып, соған соқтырған бук­мекерлік кеңсені өртеп, оның видеосын өзі әлеуметтік желіге салды. 

Бас прокуратураның мәліметінше, 2022 жылы елімізде жалпы саны 157 мыңнан астам қылмыс жасалған. Соның ішінде 20 пайызы немесе 31 мыңнан астамы құмар ойындармен байланысты болды. 

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2022 жылы 3 676 суицид фактісі тіркелді. Сонда әрбір бесіншісі ойынқұмар адам болып шыққан.

Қаншама отбасы ойрандалды, перзен­тінің не отағасының күйігіне шыдамаған қаншама шаңырақ күйреп жатыр? Елдегі ажырасқан әрбір 10 жұптың 7-еуі отбасының ойрандалуының бір себебі ретінде құмар ойындарды атаған. 

Сондықтан Қазақстанда әлемдегі көп­теген ел сияқты казинолардың, букмекерлік кеңселердің, басқа да ойын бизнесінің қызметіне толық тыйым салып тастаған жөн. Алайда билік оған бармай отыр. Елімізде құмар ойындарға тыйым салынбағанын ескеріп, Мәдениет және спорт министрлігі олардың жарнамасына тыйым салатын заң жобасын әзірлеп шықты. 

Жарнаманы шектеу жағдайды құтқара ма?

Бұл қадамды Мәжілісте басымдыққа ие «AMANAT» партиясының фракциясы қол­дап отыр. Парламент каникулға тарқардың алдында аманаттық депутаттар Үкіметке депу­таттық сауал жолдап, онлайн-казино­лар­ды және басқа құмар ойындарды жар­намалауды заңмен қудалауды ұсынды. Бұған қоса, супермаркеттер мен қоғамдық орын­дарда самсап тұрған әртүрлі лотерея терми­налдарын орнатуға және билеттерін таратуға қатаң тыйым салу туралы ұсынысы да бар. 

Мәжіліс депутаттарының айтуынша, құмар ойынға әуестердің онлайн-казинолар мен букмекерлік компанияларға шығындай­тын қаражатының көлемі жаға ұстатады. Азаматтар бір ғана 2022 жылы оларға 553,6 миллиард теңге салған. «AMANAT» партия­сының Қоғамдық саясат институты жүргізген әлеуметтік зерттеу көрсеткендей, қазақстан­дықтардың 73 пайыздан астамын лудомания қатты алаңдатады және олар букмекерлік кеңселердің жұмысына толығымен әрі қатаң тыйым салу қажет деп санайды. 

– Бүгінде букмекерлік кеңселер халықты құмар ойындарға барынша көп тартуға миллиондаған теңге жұмсап отыр. Еліміздің жетекші теле-радио арналары букмекерлік кеңселерді жарнамалауда. Қоғамдық орын­дардағы лотерея терминалдарын жауапты органдар бақыламауы себебінен буыны қатпаған бүтін бір ұрпақ сол темір терми­налдардың құрсауында жүр. «AMANAT» партиясы өзінің сайлауалды бағдарламасында жарнамасына толық тыйым салу арқылы қазақстандықтарды қаржы пирамидалары­нан, онлайн-казинолардан және басқа да қауіпті құмар ойындардан қорғауды жауапкер­ші­лігіне алған, – деді депутат Ж.Әшімжан.

Депутаттық сауалға жауабында Үкімет құмар ойындарға қатысты заң жобаларының топтамасы әзірленгенін қаперге салды. 

«Заң жобалары аясында, біріншіден, бұқаралық ақпарат құралдарында букмекер­лік кеңселер мен тотализаторлардың жар­намасы шектеледі. Екіншіден, ақпараттық, телекоммуникациялық желілерді, оның ішінде интернетті, байланыс құралдары мен лотерея терминалдарын пайдалана отырып, лотерея билеттерін таратуға тыйым салы­нады. Үшіншіден, 21 жасқа дейінгі адамдарды құмар ойындарға тартқан және бәс қабыл­даған заңды тұлғаларды әкімшілік жазаға тарту бойынша түзетулер көзделген» делінген Үкіметтің қысқа ғана жауабында.

Мұның егжей-тегжейін салаға жауапты Мәдениет және спорт министрлігі айтып берді. Ведомство жаңа заңнамалық түзетулер аясында халық арасындағы әлеуметтік кернеуді азайту мақсатында  букмекерлік кеңселердің, тотализаторлардың жарна­масын таратуды реттеуді ұсынады.

Біріншіден, букмекерлік кеңселердің, тотализаторлардың көшедегі сыртқы, көр­некі жарнамасына тыйым салынады. Әйт­кенмен, министрлік оларға жеңілдік жасап, букмекерлік кеңсенің және тотализатордың орналасқан жерінде, спорт ғимараттарының ішінде және спортшылардың жабдықтарында жарнама орналастыруға рұқсат беруді сұрап отыр. 

Екіншіден, көлік құралдарында бук­мекер­лік кеңселерді, тотализаторларды жарнамалауға тыйым салынады.

Үшіншіден, заң жобасында бұқаралық ақпарат құралдарында, соның ішінде газет-журналдарда, телеарналарда, радиоар­наларда, интернет-ресурстарда, әлеуметтік желілерде, сонымен қатар кинода, бей­не­роликтерде және анықтамалық қызметтерде букмекерлік кеңселерді, тотализаторларды жарнамалауға тыйым салынбақ. Бірақ мұнда да Мәдениет министрлігі шегініс жасады: толығымен тек спорттық оқиғаларды жария­лауға мамандандырылған коммерциялық және ұлттық спорттық телеарналарда, ра­дио­ар­наларда, спорттық интернет-ресурс­тарда оларды жарнамалауға рұқсат етпек.

Төртіншіден, актерлерге, әншілерге, спортшыларға, блогерлерге, журналистерге, бизнес өкілдеріне және басқа да танымал, табысты тұлғаларға құмар ойындарды жар­намалауына шектеу қойылады. 

Бесіншіден, букмекерлік кеңселердің спорттық арналар мен сайттарда және ғимарат ішіндегі теледидарда көрсететін жарнамасында тек тауар белгісінің атауын, элементтерін, букмекерлік кеңсенің, тотали­затордың орналасқан мекенжайын және интернет-ресурсын насихаттауға ғана жол берілмек. 

Жеңілдік те жеңілудің белгісі

Министрлік не себепті жеңілдікке барып отырғанын түсіндірді.

«Құмар ойындарға барлық адам емес, біріншіден, спорттық оқиғаларды болжаумен кәсіби түрде айналысатын, екіншіден, моральдық және психологиялық тұрғыдан санасы бекіген ересек халық аудиториясының белгілі бір бөлігі ғана қатысуы қажет. Осыған байланысты букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасының тараты­луы шектеледі. Ол жарнаманы тек салалық кеңселерге, спорттық іс-шаралар өткізілетін орындарға, спорттық іс-шараларға баратын, сондай-ақ спортқа толығымен мамандан­дырылған арналар мен сайттарды қарайтын адамдар көреді. Осылайша, бір жағынан, халықтың құмар ойындарға құштарлығы азаяды, екінші жағынан букмекерлік кең­селер мен жарнама саласының мүдделерінің тепе-теңдігі қамтамасыз етіледі», – деп мәлім етті министрлік.

Бұл талапты бұзғандар, яғни ойын биз­несі туралы заңнаманың ережелеріне сәйкес келмейтін букмекерлік кеңсенің, тотализа­тордың жарнамасын таратқандар немесе орналастырғандар жазаланады. Нақтыласақ, лицензиясы тоқтатыла тұрып, орта кәсіп­керлік субъектілеріне – үш жүз, ірі кәсіпкер­лік субъектілеріне – 1 мың айлық есептік көрсеткіш (3 450 000 теңге) айыппұл салу ұсынылды.

Бірақ бұл жартыкеш шаралар елдегі эпи­демияға айналған лудомания проблемасын шеше алмауы мүмкін. Бәс тігу – адам тір­шілігінің басты қажеттілігі емес. Сондықтан сарапшылар букмекерлік кеңселердің, тотализаторлардың, онлайн-казинолардың қызметіне қатаң тыйым салуда табандайды. 

Себеб Қапшағай мен Щучинскіде ор­наласқан казиноларға тек қалталылар ғана барады. Ал букмекерлік кеңселерге және онлайн-казиноларға тұрақты табысы жоқ, қалтасы тесік студенттер де, қарыз алған тақыр кедейлер де бас сұғады. Миллиондаған қарыз батпағына батқан олардың бір бөлігі болашақта қиындық қамытынан құтылу үшін не кеңселерді өртеуі, не қаңтар оқиға­лары кезіндегідей, банкоматтар мен сауда орындарын шабуылдап, тонауы әбден мүмкін. 

Букмекерлік кеңселер мемлекеттік бюд­жетке 2022 жылы жалпы сомасы – 109 мил­лиард теңге, ал тотализаторлар – 47,8 мил­лиард теңге салық төледі. Үкімет осыған малданып жүргенде жас ұрпақты тегіс лудоман етіп, ұлттың болашағына балта шауып, елге орны толмас шығын келтіріп алмаса жөн.

Елдос СЕНБАЙ

© коллаж:  Қуаныш САПАРБАЕВ