Шыны керек, қазір зәулім сарай­дан кем емес зираттар көбейді. Қауым арасына Құран бағыштауға барып тұр­ғанда кәдімгідей ыңғай­сыз­­да­насың.
Марқұмдар зәулім зиратқа зәру емес
1,178
оқылды

Себебі марқұм жер­ленген зәулім зираттар­ды көргенде құлағалы тұрған тар қапаста тұрып жатқан мұқтаж отбасылардың жай-күйі еріксіз еске түседі. 

Жалпы, мазарды көмкеріп, әспеттеу қаншалықты дұрыс? Марқұм тірілер салған күмбезді зиратқа зәру ме? Жаназа, садақа кезіндегі аста-төк дастарқанды шариғатымыз қолдай ма? Осы сұрақтарды зиялы қауым өкілдері мен сала маман­дары талқысына салып көрдік.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы – еліміздегі ислам дінінің қара шаңырағы ғана емес, тәрбие ошағы, қоғамды ізгілікке үндейтін үлкен бір идео­ло­гиялық механизм десек те болады. Қоғамдағы көп мәселеге үн қосып келе жатқан мүфтият садақа, жаназа, зират тақырыбына келгенде де біраз бастаманы қолға алды. Осыдан біраз уақыт бұрын мүф­­тият баспасында жарық көрген «Жана­за және жерлеу рәсімдері» кітабы, республикалық имамдар форумында қа­был­данған «Зират және зиярат мәдениеті» құжаты қоғамды ысырапшылдықтан ары­луға шақырған еңбек болды. Жақын­да мүфтият жанынан Салт­тық қызмет көр­сету орталы­ғы жұмысын бастады. Ондағы мақсат – жаназа және жерлеу рәсімдері кезіндегі ысырапшыл­дықты болдырмау және марқұм жерленген зиратты, тұрғызылған құлпытасты мейлінше қарапайым етуге үндеу. 

Атырауда имам-молдалар мен зиялы­лар бірігіп, жаназа және жерлеу рәсім­деріне байланысты үндеу де жариялады. Садақа кезіндегі ас мәзірін бекітті.

Үндеуге сәйкес, ең алдымен, садақа дас­тарқаны барынша қарапайым бол­ғаны абзал. Бұл – ысырапшылдықтың алдын алу­дың жолы. Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы­ның айтуынша, қазақ «өлім бардың малын шашады, жоқтың ете­гін ашады» деп артық шығын­ды сынаған, еңбекпен тапқан жиған-тергенді тек игілікті іске жаратуды қолдаған. 

«Ыбырай Алтынсарин, Әубәкір Диваев, Құбанғали Халид және өзге де зиялы қауым өкілдері қазақ халқының садақа дастар­қанында ет, бауырсақ, қымызбен қатар ұлттық тағамдардың ғана болғанын жазған. Сондықтан осы ұстанымды ел арасында жүзеге асыруды қолдаймыз. Атырау об­лысының мұсыл­ман тұрғындарын және асхана мен мейрамхана басшыларын садақа асын өткізу барысында ысырапшылықты сақтауға шақырамыз. Екіншіден, жана­задан бір күн алдын қонақа­сы берілетін болса, яғни күзетке көңіл айту үшін кел­ген жекжат-жұрағатқа қонақасы дастар­қанын арнайы мейрамханада өткізбей-ақ, үйде және ас-тағамсыз өткізуді ұсынамыз. Үшіншіден, садақа асын сөз жарысқа айналдырмау. Садақада бәсең дауыспен сөйлеп, микрофон ұсынғанда адамның атақ-абыройына тоқталмаған жөн. Көңіл айтушы адам артында қалған отбасы мүшелеріне жұбату сөзін айтумен шектелсе дейміз. Садақаға қатысушы­лардың бәрі сөйлеуі дұрыс емес. Бірнеше адам­­ның көңіл білдіруі жет­кілікті», – дейді Атырау облы­сының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы. 

Атырау облысының бас имамы Ал­тын­бек Ұтысханұлының ай­туынша, ис­лам діні ысырапты құп­тамайды. Сондық­тан зират­тарды бірізділікке түсіру маңыз­ды. 

«Қабірлер барынша қара­пайым бол­ғаны дұрыс. Шариғат заңдары зираттарды сәндеуді, үлкен ескерткіштер орнатуды та­лап етпейді. Керісінше, мұсылман зираты барынша қарапайым болғаны жөн. Бұл – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы­ның ұстанымы. Қабірдің терең­дігін орташа ету, адам бойымен қазу – сүннет. Қабірді мәйіттің оң жағы Құбылаға қарайтындай етіп қазу керек. Және марқұм жерлен­генге дейін астына төселген то­пырақты қабірге көмбеген дұрыс.

Құлпытастардан бөлек зират басына үлкен ескерткіштер, сәнді қоршаулар, мүсін кеуделер тұр­ғызу марқұмға ешқан­дай пайда бермейді. Өлілер үшін пайда кел­тірмейтін істі «тірілер көрсін не­месе естісін» деген ниетпен жасау Алланың разылығынан алыста­тады. Зират қоршал­ған жағдайда әрбір қабірге жеке-жеке қоршау жасаудың қажеті жоқ», – деді бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.

Бас имамның пікірінше, қабір кө­теру­ге кететін шығынды тірі­лерге жұмсау әлдеқайда сауапты.

«Ескерткіштерге кететін қа­ражатты жетім-жесірге көмектесу, көрші-қолаң, ағайын-туысқа қа­райласу, білім ошақ­тарын тұрғызу, пайдалы кітаптар мен оқулықтар шығару сынды игі істерге жұмсап, сауабын қайтыс болған кісілерге бағыштау шариғат бойынша құптарлық игі іске жатады», – деді Алтынбек Ұтыс­ханұлы.

Атырау облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Серік Мұхам­бетов, әсіресе Атырау өңірінде садақа мен тойда астам­шы­лық өршіп тұрғанын айтады. 

«Шыны керек, қазір той мен садақа дастарқанын ажырата алмайтын деңгейге жеттік. Той да, садақа да мейрамханада өтеді. Қуанышты да, қайғыны да аста-төк дастарқанмен атқарып жатқан жайымыз бар. Өз басым дін қыз­меткерлерінің ысырапшыл­дықтан арылуға шақырған бастамаларын қолдаймын. Ендігі жерде жан-жақты насихат күшті болуы керек. Жаназа кезінде дастархан мәзірін қарапайым етіп жаюға халқымыз дайын ба? «Ұят болады», «көр­шілер күледі» деген сияқты етек­тен тартатын психо­логия салдары­нан кредитке кіріп, қарызға бату­дан қарапайым азаматтарды қалай қорғай аламыз? Мәселе осында. Сондықтан мұндай насихат жұмыс­тарына дін қызметкерлері­мен бірге қоғам белсенділері де атсалысуы тиіс», – дейді ақсақал Серік Мұхамбетов. 

Қалай десек те, тірлік бар жер­де өлім бар. Бірақ тірілердің өліге құрметі жарыс­қа түскен дастар­қан, көк тіреген күмбез­бен емес, сауапқа бастайтын ізгі амалдар­мен өлшенуі керек-ақ.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА