Соңғы он жылда елімізде жекеменшік мектепке дейінгі мекемелер саны 13 еседен астам өскен. Мемлекеттік балабақшаларда орын жетіспегендіктен, ата-аналар балаларын жеке балабақшаға береді. Осыған байланысты көрсетілетін қызметтердің сапасын бағалау мәселесі де өзекті.
Балабақшада былық бастан асады
3,419
оқылды

Күні бойы жұмысбасты болып, өз сәбиінің тәрбиесін балабақшаға сеніп тапсыратын кез келген ата-ана ба­ласының дұрыс тамақтанып, дұрыс тәрбие алып, көңілі мен қарны тоқ бол­ғанын қалайды. Алайда кейбір же­ке­мен­шік балабақшаларды балалардың тәр­бие­сі мен денсаулығы емес, қаражат кө­бірек алаңдататын секілді. Бұлай деуі­мізге себеп, бір топ ата-ана балалары тәр­биеленіп жатқан елордадағы Baby Village балабақшасы басшылығына деген наразылығын білдіріп, онда көптеген заң­бұзушылық болып жатқанын редак­циямызға айтып жүгінді.

«Балабақша асханасындағы тағамдар жарияланған мәзірге сәйкес келмейді. Ет, көкөністер, жемістер де жоқтың қа­сы. Сары май мен ірімшік қосылған ба­­гет болуы керек болса, ішінде ірімшік бол­­майды, таңғы асқа төрт балаға бір ал­­маны бөліп береді. Сұйық тамақтан су та­­тыған етсіз сорпалар берілсе, кейде сиыр етінің орнына тауық етінің екі түйі­рі қалқып жүреді. Қою тамаққа тек кар­топ пен сәбіз. Балалардың барлығы үйге аш келеді. Кейбір балалардың асқазаны ауы­рады. Балалардың жетістігі мен да­муының 80 пайызы тәрбиешінің ең­бегіне байланысты болса, тәрбиешілер театр­дың қойылымы үшін ата-анасынан ақ­ша жинағанымен, іс жүзінде өздері өнер көрсетеді. Ойын алаңындағы орын­дықтарды өздері бояуға мәжбүр», – дейді олар.

Ата-аналар тарапынан балабақша бас­шылығына қайта-қайта өтініш тү­сіріп, олқылықтарды шешуді ұсын­ған­да олардан «ұнамаса балаларыңды алып кет» деген жауап алған. 17 шілде күні ата-аналар өтінішімен балабақша құ­рыл­тайшыларымен жиналыс өткен. Он­да құрылтайшы Азат Төлеубайдың аты­нан балабақшада ешқандай қызмет атқармайтын анасы сөз сөйлеп, ата-аналардың наразалығына дөрекі жауап беріп, барлық талаптарды қабылдамай, «біздің тамағымыз жақсы, ұнамаса құ­жаттарыңды алып кетіңдер» деп жауап берген. Соның салдарынан көптеген ата-ана балаларын балабақшадан алып ке­туге мәжбүр болыпты. Ал сол жина­лыс­та сын айтқан кейбір ата-аналардың балаларын ертесіне балабақшаға кір­гізбей қойыпты. Сондағы уәждері «сен­дер­ге балабақша ұнамайды екен, ба­ла­ла­рыңды алып кетіңдер» болыпты. Ата-аналар болса балабақшаға айдың соңы­на дейін ақысы төленгенін айтуда.

Қазақ тобында сабақ орысша жүреді

«Бірде бізге балабақшаға қуыршақ театры келеді деді. Бәріміз балаларымыз қа­тардан қалмасын деп ақша жинап бер­дік. Ақырында сол қуыршақ театрының ор­ны­на тәрбиешілер өнер көрсетті. Мұн­да тәрбиешілерге де өздерінің мін­дет­терінен тыс жұмыс жүктейді. Мә­се­лен, еден жуып, ауладағы орындықтарды өздері сырлайды. Ал бұл туралы айтуға олар­дың көбі жұмыстарынан айырылып қаламыз деп қорқады. Тәрбиешілерге еңбек демалысының 50 пайызын ғана төлейтінін естідік. Кейбірі жұмыстан кетуге мәжбүр, яғни мұнда жалақы тө­леу­де де заң бұзушылықтар бар. Одан бө­лек, балабақша иелерінің мемлекеттік тілге деген менсінбеушіліктеріне де на­зар аударғым келеді. Балалардың сөйлеу тілі балабақшада қалыптасатындықтан, қазақ тобының қазақ тілінде білім алуы біз үшін маңызды. Біздің балаларымызға Ресейден келген жас жігіт музыка мұға­лі­мі болып жүр. Ол қазақша білмей­ді. Ба­лаларымыздың тілі шұбарланбасын деп қазақша топқа береміз, ал балабақша басшылары оған басын қатырғысы келмейді», – дейді Олжас Ақыбаев есімді ата-ана. 

«Менің балабақшам – менің ережелерім»

Ал Арайлым Тұрысбекова есімді ата-ана балабақша қаражат табуды ғана көз­дейтінін, балалардың жағдайы бас­шы­лардың ойына кіріп шықпайтынын айтады. 

«Менің ұлым Абдурахман бұл бақ­ша­ға былтыр тамыз айынан бастап барып жүр. Біз жеке балабақшаны ұзақ іздеп, мұ­қият таңдадық. Қараша айында бала­бақ­ша иелері ауысып, басқа кәсіпкер са­тып алғанша бәрі керемет болатын. Жаңа басшылар бізге балалардың игілігі үшін жұмыс істейміз, ештеңе өзгермейді деп уәде берді. Бала мұғалімін, достарын қатты жақсы көретіндіктен, біз де сонда қалуды жөн көрдік. Біз ай сайын 119 000 теңге төлейміз, олар қосымша мемле­кет­тен субсидия алады. Соған қарамас­тан балабақшада ағылшын тілі, шахмат, логопед сияқты үйірмелерді қысқартты, балалардың ақысыз демалысқа шығу мүмкіндігін алып тастады. Тіпті тамақтан да үнемдеп, көкөніс пен етті де мәзірге жо­латпады. Бала күннің көп бөлігін бақ­шада өткізетіндіктен әртүрлі, дәмді және пайдалы тағамдарды тұтынғаны жөн. Алайда бұл балабақшада бәрі керісінше. Ата-аналар үшін ас мәзірі асхананың кіре­берісінде ілулі тұрады. Ал шын мә­нін­де балаларға не беріліп келгенін біл­ме­дік. Ақырында сондағы тәрбиешілер балалардың қандай тамақ ішіп жүргенін көріп, жандары ашып, бізге хабар берді. Балалар бір ай бойы қалыпты тамақ­тан­баған, іс жүзінде қызыл ет жоқ, бір тауық еті мен картоп-макарон ғана тұтынып кел­ген. Сосын біз жасырын келіп асха­наны көргенде бір-ақ көзіміз жетті. Ба­лам жыл басынан бері арықтап кетті. Кеше күйеуім баламды бақшаға апар­ған­да, шілде айы толық төленсе де, «ке­ше­гі жиналыста сын айттыңдар, ақыры сендерге ұнаймайды екен, балаларыңды алып кетіңдер» деп, кіргізбеді. Ал келі­сім­­шарт бойынша 10 күннен кейін ке­лі­сімшартты бұзып жатырмыз деп кіргіз­беуге құқығы жоқ. Балабақшаның қо­жайынына бізді неге кіргізбейді деген сұра­ғымызға «бұл менің балабақшам, ба­лабақшада менің ережелерім ғана жүре­ді» деген жауап алдық», – дейді ол.

Осы мәселе бойынша аталған ба­ла­­бақшаға барып, мәселенің анық-қанығын білуге тырыстық. Өзін Жанат Мәдиева деп таныстырған бала­бақша басшысы мекемеде ешқандай мә­селе жоқтығын айтып, ата-аналардың сөзін теріске шығарды. Асхананы көруге рұқ­сат сұрап, кіргенімізде сол күнгі мә­зір бойынша балалардың түскі асына ет қосылған картоп берілуі тиіс екен. Бірақ қазаннан тек картоп пен сәбізді ғана көр­дік. Мұның мәнісін сұрағанымызда, «Балалардың барлығы өз тамақтарын тауы­сып қойды. Бұл – тек қызметшілерге ар­налған тамақ», – деген жауап алдық. Ал қазақ тобына неліктен орыстілді мұ­ға­лім сабақ беретінін сұрағанда: «Бала жар­ты сағат орысша сабақ алса, орысша сөйлеп кетпейді ғой? Ол мұғалім – Ре­сей­ден келген білімді адам. Тіпті балалар қазақ тобында тәрбиеленгенмен, ертең қай тілде сөйлейтінін ешкім шешпейді ғой. Сондықтан ата-аналардың бұл уәж­дері орынсыз», – деп жауап берді бала­бақ­ша басшысы. 

Иә, жекеменшік балабақша иесі бол­ғандықтан «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» деген ұста­нымды ұстанатын басшыдан байыпты жауап ала алмадық. 

Бұл туралы Астана қалалық білім бас­қармасына жүгініп, сұрау салғаны­мыз­да Baby Village – жекеменшік бала­бақ­ша. Білім басқармасынан мемлекет­тік тапсырыс берілген. Астана қаласы Білім басқармасының комиссия құрамы атал­ған балабақшаға мониторинг жүр­гізеді. Қорытындысын қосымша хабар­лай­мыз», – деген жауап алдық. 

Мәселе шаш етектен

Жалпы мектепке дейінгі білім беру мекемелері айналасын­да­ғы даулар жыл сайын қозғалып келеді. Ба­лабақшаға кезекке тұру, орын жетіс­пеу­шілігі, асханадағы тамақ мәселесі, педагогтер мәртебесі, балаларға зорлық-зом­былық жасау сынды айта берсе ұзын-сонар мәселелер туралы түрлі ақпарат көздері жиі жазады. Бұған тіпті, Мемле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та был­тыр назар аударып, үкіметке арнайы тап­сырмалар берген болатын.

«Жекеменшік балабақшаларда ба­ла­ларды ұрып-соғу деректері бар. Жұмыс істемейтін балабақшаларға қаржы бөлу кө­бейіп кетті. Мұның бәрі олардың қыз­меті ашық емес екенін, азаматтық жауап­­­кершілігі жоқтығын көрсетеді. Енді қызмет көрсету сапасын арттыра­тын кез келді. Үкімет осы мәселені мұқият қарастыруы керек. Лицензиялау тәртібін қайта енгізу, ең алдымен, мемлекетке емес, қоғамға қажет шара. Өйткені, басты мақсат – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету», – деген еді Президент өз сөзінде.

Сонымен қатар бұрынғы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағам­бетов­тің былтыр балабақша мәселесі төңірегінде айтқан сөзінде мемлекеттік ат­тес­таттау кезінде көптеген балабақ­ша­ның талапқа сай еместігін анықтағанын жет­кізген болатын. Онда ол «Екі жыл бұ­рын біз лицензиялау мен мемлекеттік ба­қылауды қайтаруға әрекет жасадық. Алай­да сол кезде кәсіпкерлер палата­сы­ның, балабақшалар қауымдастығының және бірқатар мемлекеттік органның ұстанымы бұл норманы заңға енгізуге мүмкіндік бермеді. Бірақ біз бұл бағытта жұмысты тоқтатпадық. Өткен жылдың соңында мемлекеттік аттестаттау жүйе­сін енгізе алдық. Аттестация нәтижесі көңіл­ден шықпады. Тексерістен өткен балабақшалардың 80%-ы мемлекеттік аттестациядан өте алмады. Әңгіме ба­лабақшадағы бүлдіршіндерге қолайлы жағ­дай жасалмауы, оқу-тәрбие жұмыс­тарының мемлекеттік білім беру стан­дар­тына, қауіпсіздік техникасы, өрт жә­не санитарлық нормалардың талап­тар­ға сәйкес келмеуі, тәрбиешілердің қол көтеруі және басқа да келеңсіз фак­ті­лер туралы болып отыр», – деген еді.

Экс-министр айтқан тәрбиешілердің балаға қол көтеру мәселесі бүгінгі күнде өзек­тілігін жоймаған күйі қалып отыр. Әсіресе, балабақшаларда бейнека­ме­ра­лар орнатылғалы бері көптеген былық­тың беті ашылып келеді. Мәселен, Оқу-ағар­ту министрлігінің былтырғы дере­гін­ше, ведомствоға тәрбиешілердің қыз­метіне қатысты ондаған шағым тү­сіп, өз міндетін дұрыс атқармаған 15 мек­тепке дейінгі ұйымның үстінен әкім­шілік іс қозғалыпты. Бұл – балаларға тәр­бие беретін тәрбиешілердің де ісін қа­таң бақылауға алу керек деген сөз. 

Яғни, балабақшадағы келеңсіз­дік­терді реттеу кезек күттірмейтін мәселе екенін Мемлекет басшысынан бас­тап министрліктегі басшылар да ай­тып келеді. Тек жүйелі жұмыстар ат­қа­рыл­са дейміз. Елордада жалпы 67 611 ба­ланы қамтитын 507 мектепке дейінгі біл­ім беру ұйымы жұмыс істесе, оның ішін­де 100 мемлекеттік, 404 жеке, 3 ве­домстволық балабақша бар екен. Қалада жыл сайын орта есеппен 30 мыңнан ас­там бала дүниеге келетін болса, же­ке­меншік балабақшалардың алдағы уа­қытта арта түсері сөзсіз. Осы ретте олар­дың өз міндеттерін лайықты атқарып отыруын баса назарда ұстаған қажет сын­ды. 

 Наурызбек САРША