Жанель Шайдолла 10-сыныпқа көшкелі отырған оқушы.
Атыраулық оқушы қамысты кәдеге асырудың жолын ұсынды
1,895
оқылды

Жанель Шайдолла оныншы сыныпқа көшкелі отырған оқушы. Атырауда үнемі қайталанатын қамыс өрті проблемасынан құтылу жолын іздестіре келе, оқушы қыз қамысты құрылыс материалы ретінде қолданудың жолын ойлап тапты.

Оқушының мұндай ерекше жоба жасап шығаруына Абай орталығы жанындағы JasSpace кеңістігінде қосымша білім алуы ықпал еткен. «Биохимия» жазғы қарқынды курсында білім алған Жанель қамысты тұрғын үй салған уақытта құрылыс материалы ретінде қолдануды ұсынып отыр. Қамыстан үйдің шатырын, тіпті, бетон қабырға макетін де жасап көрген. 

«Дамыған елдерде қамысты құрылыс саласында кеңінен қолданады. Нақты айтқанда, цементті үнемдеу үшін, арасына қамыс қосылады. Қамыс араласып құйылған бетондарды үйдің қабырғасын тұрғызуға қолдануға болады. Және қамысты үйдің төбесін жабатын  шатыр ретінде де қолданады. Қамысты құрылыс материалы ретінде қолданудың экологиялық тұрғыдан тиімділігі бар. Қамыс қыс мезгілінде үй ішінде жылулық температурасын ұстап тұрады. Жазғы мезгілде үйде қоңыр салқын температура сақталып тұрады. Осылайша, қамыс құрылыс материалы ретінде адам өмірін қолайлы ете түседі. Бастысы, қамыс пен сабанды ажырата білу керек. Құрылыс материалы үшін сапалы қамыс қажет», - дейді жас зерттеуші Жанель Шайдолла. 

Біз Жанелден басқа емес, дәл осы қамыс тақырыбын таңдап алуының себебін сұрадық. Сөйтсек, Жанель Атырауда үнемі қамыс өрті болатын Дамбы ауылында тұрады екен.

«Қамыс өртінің денсаулыққа зияны үлкен. Әсіресе, тыныс алу жолдары ауыратын адамдар қиналып қалады. Өкпе, бронх, астма сияқты аурулар өрт кезінде адамды тұншықтырып, жағдайын нашарлатады. Қамыс өртенген уақытта өзіміз де үйдің есік-терезесін аша алмай, не сыртқа шыға алмай тұншығып қаламыз», - дейді Жанель. 

«Биохимия» қарқынды курсының тренері Нұргүл Имамұратованың айтуынша, қамысты құрылыс материалы ретінде қолдану – әлемдік өнеркәсіп нарығында бар технология. «Әдетте, қамыстан жасалған шатыр қалыңдығы 20-30 см болады. Қамыс су өткізбейді. Әрі, қамысқа жәндіктер жиналмайды. Қамыс құрамында ақуыз болмағандықтан, шыбын-шіркей сияқты жәндіктердің жиналу мүмкіндігі нөл пайыз», - дейді тренер Нұргүл Имамұратова. 

Тағы бір қызығы, металл плиткалардан жасалған шатырлар 20-25 жыл қызмет ететін болса, қамыстан жасалған шатырдың кепілдігі 30 жылға дейін жетеді. 

Және бір айта кетерлігі, қамыстың ағашқа қарағанда ылғалға төзімділігі 48 пайызға дейін жоғары. Кезінде ата-бабаларымыз шаруашылықта қамысты кеңінен қолданған. Малға азық ету, ши тоқудан бөлек, қамыстан тіпті, үйді де тұрғызған. Шет елдерде тіпті, қамыстың сабағынан қантты да өндіріп жатыр. 

Жас ғалым Жанель Шайдолла мен ұстазы Нұргүл Имамұратова бұл жобаны әрі қарай дамытуға ниетті екендерін айтып отыр.

Еске сала кетсек, JasSpace бағдарламасын Шеврон компаниясымен серіктестікте Орталық Азияның Еуразия қоры жүзеге асырып жатыр.

Баян Жанұзақова