Үкіметтің басты жаңа міндеті анық­­талды: ол «Тарифті инвести­цияға айыр­бастау» бағдарламасын тиімді әрі уақытылы жүзеге асырып, қазақ­стандық жылу энергетикасы мен энергия жүйесін құтқарып қалуы тиіс.
Тариф өзгергенмен сала жаңғыра ма?
967
оқылды

Әйтпесе, сарапшылар­дың пікі­рінше, осы онжылдықта бұл жүйе бар өңірде жаппай күйрей бастауы мүм­кін. Де­генмен депу­тат­тар дәл осын­дай бағ­дарлама бұ­рын­ғы билік тұсын­да да іске асы­рыл­ғанын, оның бары­сында сала монополистері халықтан тариф көтеру арқылы алған 1 трил­лион теңге қаржыны жоқ қылғанын еске салды. Жүйе болса, әбден тоз­ды. Демек, мықты бақылау да қажет.   

Монополистердің инвестиция сал­мауы кесірінен шамадан тыс тозығы жеткен электр және жылу энергетикасы жүйесі жүздеген миллиард теңге жұмсауды талап етеді. Олардан ондаған жыл бойы сауынды сиырдай аяусыз табыс сауып, ыңыршағы айналған күйге жеткізген оли­гархтар бұл активтерді тегін-ақ мемле­кетке өткізе салуға дайын. Яғни, нысан­дардың күйреуінің жауапкершілігін арқалағысы келмейді. 

Құзырлы органдар да сол үшін оли­гархияны жазалауға асықпауда. Мысалы, былтырдан бері бірнеше рет апат болып, мемлекетке де, бұқараға да, бизнеске де зор зиян, шығын әкелген Риддер ЖЭО-сының қожайыны шалқып өмір сүруде. Ал Қаржы мониторингі агенттігі  «Риддер ЖЭО» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі Қайыржан Мимикенов пен кәсіпорын­ның экс-пре­зиденті Олеся Имашеваның үстінен қыл­мыстық іс қозғады. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, олар кәсіпорынның жылу желілерін және жабдықтарын жөндеуге, ла­йықты күйде ұстап тұруға бөлінген шамамен 2,5 мил­лиард теңге қаржыны ұрлады деген кү­дікке ілікті. Бүгінде Риддер қаласының жылу-электр орталығында жөндеу жал­ғасып жатыр. Үкіметке оны жылу мау­сымы бас­талғанға дейін бітіру жүк­телген. 

Өткен аптада қан-сөлден айырылып, жүдеп-жадаған осы жүйені қалпына келтіру үшін мемлекеттің қанша шығын­далатыны айқындала бастады. Үкіметтің мәліметінше, Шығыс Қазақстан облы­сындағы Риддер қаласының жылу жүйе­сін жөндеуге 8 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді: ел Үкіметі тиісті қаулы қабылдады.

Құжатқа сәйкес, мол ақша Үкіметтің кезек күттірмейтін шаруаларға арналған резервінен алынған. Қаражаттың басым бөлігі қазандықтар мен жылу желілерін күрделі жөндеуге бағытталады. Сонымен қа­тар қаражат отын беру галереясы мен ас­пирация жүйесін күрделі жөндеуге жұм­салады. Себебі биылғы 23 наурызда Риддер ЖЭО-дағы №6 қазандық жа­нындағы отын беру галереясында жары­лыс болды. Облыс көлемінде төтенше жағдай режимі жа­рияланды. 

Бұл тек ел шығындарының басы ғана. Үкімет резервінен Семейдің желілерін жаңғыртуға 16,3 миллиард теңгеден астам қаржы арна тартады. Премьер Әлихан Смайылов бұл қыруар шығысты да тиісті қаулыға қол қою арқылы бекітті. Был­тырғы желтоқсанда ЖЭО-дағы өрт салда­ры­нан семейліктер 30 градустық қақаған суықта жылусыз қалып, қатты жаурады. 

Тексерушілер әшкерелегендей, Семей қаласының ұзындығы 322 шақырым болатын жылу желілерінің 68%-ы тозған. Кей бө­ліктердегі жылу желілерінің тозуы 100%-ға жет­кен. Осыдан-ақ оны бұл ахуалға жеткіз­гендердің қылмысын аң­ғаруға болады. Бұл жерде айта кетер жайт: семейлік «Тепло­коммуэнерго» ме­кемесі мемлекеттік кәсіп­орын саналады. Тексеру қорытындысында өткен жылыту маусы­мында Семей желі­лерінде 337 апат болғаны анықталды. Бұл алдыңғы жыл­мен салыс­тырғанда 21%-ға көп. Үкімет резервінен бөлінген қаржыға Семей қа­ласындағы желілік сорғылар ауыстыры­лады. 1-ЖЭО-дан 1, 2, 3, 4 пави­льон­дарға дейін 5,8 ша­қырым магистралды жылу желілері күрделі жөндеуі тиіс. Әйтпесе, сала еш соғыссыз, айдың, күннің ама­нында шы­нымен толық талқандалу алдында тұр.  

Тарифті көтеруден басқа жол қажет

Тығырыққа тірелген жүйені тұйықтан шығарудың жолы ретінде билік «Тарифті инвестицияға айырбастау» тетігін ұсынып отыр. Қарапайым тілмен айтқанда, мем­лекет жылу, жарық, су алпауыттарына тариф қым­баттатуға жол береді. Сол ар­қылы халықтан жиған қосымша мил­лиард­тарын монопо­листер жылу, электр, су мен кәріз желілерін жаңғыртуға салуы шарт. 

2023 жылғы 22 маусымда өткен Рефор­малар жөніндегі жоғары кеңестің отыры­сында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағ­дар­ламасын тиімді әрі уақытылы жү­зеге асыру бұдан былай Үкіметтің басты міндеті бола­тынын жариялады. Ол сондай-ақ сала нысандары білікті кадр­лармен қамтамасыз етілмегенін келесі өзекті мәселе ретінде атап өтті. Кадр тап­шылығы мәселесін жедел шешу жөнінде тапсырма берді. Саладан жылдар бойы жалақысы өспеген білікті мамандар жаппай кетіп жатыр.

Сенат депутаты Сергей Ершов бұл жаңа бағдарламадан да Үкіметтің нәтиже шығара алатынына күмәнданады.

– Үкіметтің сендіруінше, тарифтерді көтеру салаға инвестиция тартуға мүм­кіндік береді. Бірақ «Тарифті инвести­цияға айырбастау» бағдарламасы бұдан бұрын да, 2009-2015 жылдары жүзеге асырылған. Алты жыл ішінде алпауыт­тардың тарифтері екі есеге көтерілді, осы арқылы тұтынушы­лардан олар 1 триллион теңгеден астам қаражат жинап алды. Сонымен бір мезгілде энергия өндіруші кәсіпорындар инвес­тициялық міндетте­мелерден босатылған. Ақыр соңын­да жылу-электр жүйесінің тозуы бұрын-соңды болмаған алапат ауқымға жетті. Меніңше, бұл айқын емес, коррупциялық механизм. Бағдарлама  күтілген үміттерді ақтамады. Ұлан-ғайыр қаржының кімнің қалтасында кеткені әлі күнге ашылмады, – дейді С.Ершов.

Әрине, нарықтық экономикада қыз­меттердің құны да нарықтық болғаны жөн. Алайда елдің бүкіл байлығының жартысы 162 тұлғаның қолында шоғыр­ланған, ал халқының жартысына жуығы 50 мың теңгеге күн көретін елде тарифті көтере беру әді­летсіздік болады. Сон­дықтан сенатор Үкі­метке басқа жолды іздеуге кеңес берді. 

«Біздің Үкімет барлық проблеманы тұтынушылар есебінен шешуін тыйғаны жөн. Шешудің басқа нұсқаларын пысық­тағаны, тарифтік емес реттеуді қарас­тырғаны абзал. Үкімет тариф көтерген сайын елде барлық тауар мен қызметтің бағасы өседі, инфляция шарықтайды. Ақырында оның бәрі азаматтардың от­басылық шығысын арттырып, тұрмысына соққы береді. Бұл қоғамдық теріс резо­нанс тудырып, ел наразылығын өршіте түседі. Мұны түсінуіміз керек, бұл әрбір қазақстан­дыққа қатысты. Менің ойым­ша, реттелетін қызметтердің тарифтерін жоғарылату мәселесін Үкімет өзі шеше салмай, Пар­ламенттің келісімін алып отырғаны дұ­рыс», – деді сенатор. Бірақ былтыр жаңар­ған Ата Заңда Парламентке ондай құзыр берілмеген. 

Халықтан енді қанша триллион алынады? Сарапшыларды мазалаған сауал осы. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, бүгінде іске асырылып жатқан «Тарифті ин­вестицияға айырбастау» бағ­дар­ламасы аясында 2023-2029 жылдары ша­ма­мен 3 триллион теңге талап етіледі. Бұл рес­публика бойынша жалпы ұзындығы 62 мың шақырым ин­женерлік желілерді жаң­ғырту үшін керек. Тек 2023 жылдың өзінде 5,8 мың шақырым инженерлік желілерді жөндеу үшін ша­мамен 250 млрд теңге қажет.

Сонда тариф көтеруден табылатын осынша қаражат жүйені толық жаңарта ма? Толық жаңартпайды екен: 2029 жылға қарай желілердің тозуы қазіргіден 20%-ға төмен­дейді. 

Қазақстанда жылу мен жарық баға­лары қазірден дүрк көтерілуде. Биылғы екінші тоқсанда Ұлттық эко­номика ми­нистрлігі ТКШ кәсіпорын­дарының та­риф­тер мен инвестициялық бағдарла­ма­ларды өзгертуге қатысты 212 өтінімін бе­кітті. Салдарынан коммуналдық қызмет­тердің тарифтері орташа есеппен 30%-ға дейін өседі. Олай болса, биылғы жылы да елді қымбатшылық қысатынға ұқсайды. 

Түсетін пайда біреудің қалтасына кетпей ме?

Елде қаншама олигархтың қалай пайда болғаны билікке белгілі. Өкінішке қарай, ел есебінен шалқыған байлар халқына жомарт болмақ түгіл мойнындағы міндетін лайықты орындауға да мән бермепті.

Мысалы, Үкіметтің жалдауымен жаһан­дық мәшһүр KPMG халықаралық ауди­торлық компаниясының мамандары Қа­зақстанның 57 электр стансасына, оның ішінде 37 жылу энергетикалық торабына техникалық аудит жүргізіп шықты. Нәти­жесі төбе шашты тік тұрғызады. Компания сарапшылары өз есептерінде қазақстандық бұл саланың жағдайы еш сын көтермейтінін бетке басып отыр. Зерттеу нәтижелері көр­сет­кендей, барлық стансаның жабдықтары тозған. Энергетикалық қазандықтардың 62%-ы және турбиналардың 58%-ы ес­кірген: оларды тегіс ауыстыру қажет. 

Энергетика министрі Алмасадам Сәт­қалиев те «Тарифті инвестицияға айыр­бастау» бағдарламасы аясында тарифтерді көтеріп жатқанын айтты. Биылғы 1 мау­сымнан Энер­гетика министрлігі өзіне түс­кен өтінім­дерге сәйкес 47 энер­гия өн­діруші ұйымның 27-сінің электр энер­гиясына шекті тариф­терін өсірді. Орташа өсім 24%-ды құрайды.

Бұдан бөлек, электр қуаты нарығында шекті тарифті айына 1 МВт үшін 1,5 мил­лион теңгеге дейін ұлғайтып отыруды жоспарлауда. Нәтижесінде, жылу-жарық алпауыттары жыл сайын 160 млрд теңге көлемінде қосым­ша табыс табады. Оның бәрін қолданыстағы стансаларды жаңарту мен жөндеуге жұмсаса, игі. Жұмсамаса, тиісті бақылау болмаса, осы онжылдық соңында Қазақстан қараң­ғылық құша­ғына енеді, қалалықтар 90-жылдар­да­ғыдай көпқабатты тұрғын үйдегі баспана­ларында «буржуйка» жағуға мәжбүрленеді. 

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев ең үлкен қауіп төніп тұрған өңірлерді атады: ком­муналдық желілердің ең қатты тозуы Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Ұлытау облыстарында тіркелді. Өзгелерінде де ахуал мәз емес. 

Үкімет басшысы «Тарифті инвести­цияға айырбастау» жаңа бағдарламасының қаражаты талан-тараж болмайтынына уәде етті. «Тарифтерді өсіру – қажеттілік. Ал «Тарифті инвестицияға айырбастау» қағи­датын енгізсек, тарифті өсіруден тү­сетін пайда біреудің қалтасына кетпей, тіке­лей өн­дірісті жаңғыртуға жұмсала­тынына сенім­ді боламыз. Жаңа тарифтік саясат ашықтық, есептілік және жария­лылық принциптеріне негізделетін болады. Тиісті заңнамалық тү­зету­лер, нормативтік-құқықтық актілер қа­был­данды», – деді Әлихан Смайылов.

Сенбей қайтейік. Халықтың пікірін сұрап отырған Үкімет жоқ...

Елдос СЕНБАЙ