Медициналық көмек көрсету үшін Денсаулық сақтау министрлігінің жетекші мамандарының тобы жіберілді.
Қарағандыдағы балалардың жаппай улануы: Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеме жасады
787
оқылды

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният медициналық-әлеуметтік мекемеде балалардың жаппай улануына байланысты Қарағандыға аттанды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алғашқы тексеру кезінде Қарағанды облысындағы балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында жеткіншектердің тамақтан уланбағаны анықталды. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова мәлімдеді.

«Кеше бізге Қарағандыда балаларға арналған медициналық-әлеуметтік мекемеден 12 баланың ауруханаға түскені туралы ақпарат келді. Бұл 12 балаға қазір белгісіз заттан улану диагнозы қойылып отыр, яғни уланудың нақты себебі белгісіз. Оны анықтауға уақыт керек», – деді А. Есмағамбетова.

Вице-министрдің сөзінше, 12 баланың арасында біреуі көз жұмды. Алты бала жансақтау бөлімінде, бес баланың жағдайы орташа ауыр.

«Себепті анықтау үшін уақыт қажет. 30 шілде кешке қарай балалар ауруханаға түсті, қалғандары 31 шілдеде келе бастады. Бұған дейін тамақтан уланған деген күдік болғанымен, бастапқы тексеру кезінде тамақтан улануға еш қатысы жоқ екені анықталды», – деді вице-министр.