2024 жыл өңірде «Жол жылы» болады.
ШҚО-да 2024 жыл «Жол жылы» деп жарияланады
1,491
оқылды

Шығыс Қазақстан облысында 2024 жыл «Жол жылы» деп жарияланады. Бұл туралы ШҚО әкімі Ермек Көшербаев ұлттық жобалардың орындалуы бойынша облыстық басқарма басшыларымен өткізген жиналыста айтты.

«Ең алдымен, маңызды мәселелердің шешілуіне мән беру керек. Атап айтқанда, халықтың сапалы ауызсумен қамтамасыз етілуі, «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша салынатын үйлердің сапалы болуын және құрылыс жұмыстарын дер кезінде бастау үшін тендерлік рәсімдердің уақытылы өткізілуін бақылау қажет. Бүгінгі таңда «Дипломмен ауылға» бағдарламасына мазмұнды талдау жүргізу маңызды. Өйткені кейбір аудандардағы жас мамандар жеңілдетілген несие мерзімін күтіп, кейін тұрғын үйлерін сатып жібереді немесе өзге елді мекенге қоныс аударады», – деді ол.

Облыс әкімінің сөзінше, жас мамандардың қызығушылығын арттыру үшін сәтті жүзеге асқан басқа бағдарламалардың тәжірибесін зерделеу қажет.

«Жалпы «Жайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық жобаларын қоса алғанда, өңір бойынша барлығы 12 ұлттық жоба қолға алынған. Оларды орындау жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуде. 2024 жыл өңірде «Жол жылы» болады. Сол үшін қазір барлық проблемалық учаскелерге талдау жүргізу керек», – деді Ермек Көшербаев.