Акция еліміздің барлық өңірінде тұрақты түрде өтуде.
Жыл басынан бері еліміз бойынша 4 000-нан астам  есірткі граффити жойылды
714
оқылды

Бұл туралы бүгін «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев «Есірткіге жол жоқ!» жобасы аясында ұйымдастырылған Астана қаласында есірткі жарнамасы бар граффити жазбаларын анықтау және жою жөніндегі акция барысында хабарлады.

 

«Есірткі – қазіргі заманның ең қиын да күрделі қауіптерінің бірі. Есірткінің, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы болашақ ұрпақтың әл-ауқатына қауіп төндіретіні баршамызға белгілі. Ғасыр дертімен күресуде «Жастар рухы» Жастар қанатының тарапынан жан-жақты жұмыс жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері жүргізілген арнайы рейдтерде барлық 20 өңірде 1 000-нан аса еріктілердің қатысуымен 4 000-нан астам есірткі граффити анықталып, жойылды. Дәл осындай акция бүгін Астана қаласында өз жалғасын тапты. Астана жастарының көмегімен тыйым салынған сайттар белгіленген жазуларды бояу жұмыстарын жүргіздік»,  деді Жастар қанатының төрағасы.

Жастармен бірге атаулы акцияға салауатты өмір салтын насихаттаушы, Street Workout Kazakhstan негізін қалаушылардың бірі Айтым Жакупов пен джиу-джитсудан әлем чемпионы Василий Тахтай қатысты. Айтым Жакуповтың айтуынша, қазір нашақорлық мәселесі, әсіресе  жастар арасында өршіп тұр.

«Бұл біздің рухтастармен бірге жүргізген кезекті рейд. Акция барысында есірткілер мен жүйкеге әсер еткіш өнімдер таратумен айналысатын сайттардың мекенжайлары көрсетілген жарнамаларды анықтап, оны жоюдамыз. Бір қуантарлығы, спортқа қызығып, спортпен шұғылданатын жастар саны артуда, яғни қазіргі жастар салауатты өмір салтын таңдайды»,  дейді Жакупов.  

Василий Тахтай есірткі граффитилерін жою және бояу жұмыстары есірткіні тарату қылмыстарына қарсы тұруда маңызды рөл атқаратынын айтады.

«Есірткіні насихаттайтын жазуларды анықтау және жою оны тұтынуды азайтуда үлкен септігін тигізеді.  Әрбір қатысушының өзара әрекеттесуі мен белсенді жұмысының арқасында ғана оң нәтижелерге қол жеткізуге болады. Сонымен қатар осындай акциялар қауіпсіз және сау қоғамдық ортаны құруға көмектеседі»,  дейді.

Акция еліміздің барлық өңірінде тұрақты түрде өтуде. Нашақорлықпен күресу және оны алдын алу жұмыстары тек бұл акцияменшектіліп қана қоймай, сондай-ақ іс-шаралар кешені жүзеге асырылуда.

 Айта кетейік, «AMANAT» партиясы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі республикалық кеңестің биылғы жылғы алғашқы отырысында «Жасөспірімдер мен жастар арасындағы темекі мен вейптердің жаппай таралуы», «Жастар арасында есірткі заттарының, соның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы» тақырыптары көтерілген болатын.