Атырау облысында «Мектепке жол» акциясы аясында 14 790 баланың әрқайсысына киім-кешек пен кеңсе тауарларын сатып алу үшін 40 567 теңге бөлінді.
Атырауда «Мектепке жол» акциясы аясында 15 мыңға жуық бала қаржылай көмек алады
1,448
оқылды

Бұл туралы Атырау облысы Білім беру басқармасының басшысы Ерлан Сламбеков баспасөз брифингінде мәлім етті.

– Үкімет тарапынан қаржылай көмекті мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалар, АӘК алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балалар, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндер және төтенше жағдайлар салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін жандар алады, – деді Е.Сламбеков.

Білім беру басқармасының басшы орынбасары Орынтай Биманова қаражат мақсатты жұмсауға шақырды. 

– Қазір  көмекке мұқтаж отбасылардан шыққан балаларға мектепке қажет заттарды алып беру үшін меценаттар мен кәсіпкерлерге акцияға қатысу жөнінде өтініш жіберіп жатырмыз. Сондай-ақ  ата-аналардан балалардың мектеп формасы мен кеңсе құралдарына арнайы бөлінген қаражатты мақсатты жұмсауды сұраймын, – деді О.Биманова. 

Айта кетейік, енді мектеп формасы мен кеңсе тауарларын ата-аналар өздері таңдап алады. Себебі мемлекет тарапынан бөлінетін қаражат ата-аналардың есепшоттарына аударылады.

Баян Жанұзақова